Үш сала, үш акция: Freedom Global таңдаған болашағы бар mid-cap идеялар

Үш сала, үш акция: Freedom Global таңдаған ең перспективалы mid-cap идеялар
Freedom Finance Global алдағы бір жылға инвестиция үшін болашағы зор салаларды атады және әрқайсысынан бір mid-cap компанияны іріктеп ұсынды. Бұл тізімге онкологиялық ауруларға арналған биотех, коммуналдық қызметтерге арналған бағдарламалық қамтама жасаушы және инвестициялық банк кірді.
Денсаулық сақтау
АҚШ-тың денсаулық сақтау нарығында оның өсуіне ықпал ете алатын бірнеше үрдіс қатар жүріп жатыр. Солардың бірі — салмақ тастауға арналған дәрілерге деген бум. Morgan Stanley дерегінше бұл препараттар нарығы 2035 жылға қарай $150 млрд-қа жетуі мүмкін, бұл — алдыңғы бағалаудан 42% жоғары. 2024 жылы бұл нарықтағы жиынтық сатылым шамамен $15 млрд болды.
Freedom Global сараптама департаментінің директоры Вадим Меркуловтың айтуынша алдағы 12 айда денсаулық сақтау секторының негізгі драйверлері тарифтік реттеу, Трамптың «үлкен әрі әдемі» салық заңы және фарма нарығына баға қысымы болмақ.
Фармацевтикалық сегментте рецептімен берілетін дәрілерге баға белгілеу туралы Трамптың жаңа жарлығына байланысты белгісіздік сақталып отыр. Алайда АҚШ нарығына бағытталған биотехкомпаниялар фарма-алыптардың өнім портфелін жаңартуға деген сұраныс аясында ұтысқа ие болуы мүмкін, дейді Меркулов.
Incyte
Incyte Corp. — онкология, қабыну және аутоиммунды ауруларды емдеуге арналған дәрілерге маманданған биотехнологиялық компания. Негізгі табыс екі өнімнен түседі: сирек кездесетін қан рагына қарсы Jakafi препараты және атопиялық дерматитке қарсы Opzelura кремі. Freedom Global Incyte акцияларына 12 айға $83 деңгейінде мақсатты баға белгілеген — бұл 22 шілде, сейсенбі күнгі жабылу бағасынан 20,5% өсу мүмкіндігін көрсетеді.
Меркуловтың айтуынша компания жылдық қаржылық нәтижелер бойынша тым сақ болжам жасады және сарапшылар бұл көрсеткіш жылдың соңына дейін жоғарылауы мүмкін деп санайды. Қазір Incyte 2025 жылы $4 млрд-тан сәл асатын таза кіріс күтуде: шамамен $2,9 млрд — Jakafi сатылымынан, $630–670 млн — Opzelura-дан және тағы $415 млн — онкологиялық басқа дәрілерден.
Incyte акциялары төмен бағаланған: келесі 12 айға арналған EV/Sales мультипликаторы небары 2,2 — бұл IBB биотех индексінің орташа деңгейінен екі есе төмен. Сонымен қатар компания табысы алдағы екі жылда екі таңбалы қарқынмен өседі деп күтілуде.
MarketWatch-тың дерегі бойынша компанияны қадағалап отырған 29 сарапшының 14-і Incyte акцияларын сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері), тағы соншасы — ұстауға, тек біреуі ғана сатуға кеңес берген. Орташа мақсатты баға — $76,15.
Ақпараттық технологиялар
Технологиялық сектордағы қарқынды өсім аясында Freedom Global IT-секторы 2025 жылдың соңына дейін тағы 3–4%, ал келесі 12 айда 7–9% өсуі мүмкін деп күтуде.
Жыл басынан бері Nvidia акциялары 24,5%-ға өсіп, нарықтық капиталы $4 трлн-нан асты. Nvidia-мен байланысты компаниялардың да бағасы артып жатыр. Мысалы, жасанды интеллектке арналған бұлтты есептеулер жеткізушісі CoreWeave-тің акциялары қаңтардан бері шамамен 230%-ға өскен. S&P 500 индексіне кіретін технологиялық компанияларға инвестициялайтын Technology Select Sector SPDR Fund қорындағы өсім — 12%.
Меркуловтың пікірінше 2025 жылғы жаз бүкіл AI-трендінің тұрақтылығын тексеретін маңызды кезең болмақ. Қазір инвесторлар үшін жаңа бизнестің ағымдағы табыстылығынан гөрі кеңею әлеуеті маңызды.
ServiceTitan
ServiceTitan — түрлі саладағы мердігерлерге арналған бағдарламалық қамтама әзірлеушісі. Оның «бәрі бір жерде» деген жасанды интеллект платформасы кеңсе қоңырауынан бастап клиентке шығуға дейінгі барлық процестерді басқаруға көмектеседі. Freedom Global дерегінше бұл нарықтың көлемі $1,5 трлн-нан асады, ал ServiceTitan — осы нарықтағы негізгі ойыншы. Freedom Global ServiceTitan акцияларына $125 деңгейінде мақсатты баға белгілеген, бұл — келесі 12 айда шамамен 10% өсу мүмкіндігін көрсетеді.
Компания 2024 жылғы желтоқсанда IPO өткізіп, $625 млн тартты.
Өткен жылы компанияның түзетілген операциялық маржасы алғаш рет оң көрсеткішке жетіп, 3,3% болды. Меркуловтың айтуынша алдағы бірнеше жылда бизнестің кеңеюі мен тиімділіктің артуына қарай бұл көрсеткіш 25%-дан аса алады. Биыл ServiceTitan тұрақты оң ақша ағынын көрсетіп отыр, бұл оған M&A арқылы белсенді түрде кеңеюге мүмкіндік береді.
MarketWatch-тың дерегі бойынша 16 сарапшының 11-і ServiceTitan акцияларын сатып алуға кеңес берсе, қалғандары ұстауға кеңес берген. Орташа мақсатты баға — $126,7.
Қаржы
Сәуірдегі түзетуден кейін қаржы секторының акциялары қалпына келіп, жалпы қайта бағаланған нарықтан жоғары тұр. Алдағы 12 айға арналған болжамды P/E мультипликаторы 16,7-ге жеткен — бұл соңғы 5 жылдағы орташа мән (14,3) және 10 жылдық орташа мән (13,5) деңгейінен жоғары. Freedom өз болжамын жаңартты: енді ол 2025 жылы сектор пайдасы 5,8%, ал табыс 2,7% өседі деп күтуде (бұған дейін 7,3% және 4,9% өсім болар деп болжаған).
Оң факторлар қатарына — банктердің баланста ұстауға тиіс капитал нормасы бойынша талаптардың жеңілдетілуі және капитал нарықтарындағы белсенділіктің артуы жатады. Бұл банктердің инвестициялық бөлімшелерінің нәтижесін қолдайды. Сонымен қатар криптовалюта нарығын либерализациялау мен стейблкоиндарға құқықтық база қалыптастыратын заңның қабылдануы — дәстүрлі қаржы жүйесі мен ірі төлем жүйелері үшін сын-қатер болғанымен, бизнес үшін үлкен мүмкіндік.
Jefferies Financial Group
Jefferies Financial Group — $11,3 млрд капиталы бар екінші эшелондағы инвестициялық банк. Бұрын Jefferies Leucadia National Corporation деп аталатын әртараптандырылған холдингтің құрамында болды — бұл компанияны көбіне «кіші Berkshire Hathaway» деп атайтын. Соңғы онжылдықта компания стратегиясын түбегейлі өзгертіп, бейпрофильді активтерін (мысалы, сиыр етін өңдеу бизнесін) сатып, негізгі назарды қаржы және инвестициялық қызметтерге аударды. Jefferies акцияларына Freedom Global тарапынан қойылған мақсатты баға — $70, бұл 24,5% өсу әлеуетін білдіреді.
Freedom Global инвестициялық банкингте оң тенденциялар күтеді. Сауда белсенділігі жоғары: NYSE-дегі орташа күндік көлем сәуірде көп айлық максимумға жетті және мамыр мен маусымда екі таңбалы өсіммен жалғасты. Сонымен қатар наурыз-сәуірдегі экономикалық тұрақсыздық салдарынан төмендеген қосылу және жұтылу нарығы да қайта жанданып келеді: мамырда 25%-ға, маусымның алғашқы екі аптасында — өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға өсті.
2025 жылдың екінші тоқсанындағы қаржылық есебінде Jefferies мамыр айында сауда белсенділігі айтарлықтай артқанын көрсетті — бұл экономикалық жағдай мен нарықтағы айқындықтың артуына және инвестор сенімінің қалпына келуіне байланысты. Инвестициялық банкинг бөлімшесінің табысы тоқсанда 6,4%-ға өсті. Басшылық жыл соңына дейін оң динамика сақталады деп күтеді.
MarketWatch-тың дерегінше компанияны талдаған бес сарапшының екеуі акцияны ұстауға, тағы екеуі — сатып алуға кеңес берген. Тек біреуі ғана сатуға ұсынған. Орташа мақсатты баға — $60,5.








