Sarepta акциялары қымбаттауд: компанияға басты дәрісін қайта сатуға рұқсат берілді

Sarepta Therapeutics – сирек кездесетін генетикалық ауруларға қарсы дәрі-дәрмек өндіретін шағын капиталды биотехнологиялық компания. 29 шілдеде оның акциялары 14%-дан астамға қымбаттады. АҚШ-тың дәрі-дәрмекті реттейтін агенттігі компанияға негізгі табыс әкелетін дәрісін қайта сатуға рұқсат берді. Дегенмен, сарапшылар ескерткендей, Sarepta-ны алда ірі қарызды өтеу міндеті күтіп тұр.
Егжей-тегжейлі
29 шілде, сейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша Sarepta акциялары 14%-ға өсіп, $15,8-ге жетті. Ал сол күні премаркетте котировкалар 50%-ға дейін секірді. Бұған себеп – компанияның Elevidys дәрісін Дюшеннің бұлшықет дистрофиясы бар амбулаторлық науқастарға жеткізуді қайта бастайтыны туралы мәлімдемесі. Бұл – бұлшықет әлсіреп, науқас біртіндеп жүру, тұру, тіпті тыныс алу қабілетін жоғалтатын тұқым қуалайтын ауру.
Препарат жеткізілімі АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасының (FDA) талабы бойынша қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтан тоқтатылған еді. Жыл басынан бері Elevidys-ті қабылдаған екі жасөспірім жантәсілім еткеннен кейін, FDA компаниядан препаратты ерікті түрде нарықтан алып тастауды сұрады. Әуелде компания бұған көнбеді, бірақ бірнеше күннен соң шешімін өзгертіп, сатуын тоқтатты. Қазір реттеуші бұл өтінішін ресми түрде қайтарып алды.
FDA жүргізген қауіпсіздікке шолу жұмыстары Бразилияда 8 жасар баланың өліміне қатысты болды. Тергеу қорытындысында баланың қайтыс болуы Elevidys-пен байланысты емес екені анықталды. Нәтижесінде агенттік Sarepta-ға жеткізуді қайта бастауға рұқсат берді.
Сонымен қатар, FDA өзге бір науқастың – бұл жолы 51 жастағы адамның – қайтыс болуын тексеруді жалғастырып жатыр. Бұл пациент компанияның басқа бұлшықет дистрофиясына қарсы дәрісін сынақтан өткізуге қатысқан.
Сарапшылар не дейді
Yahoo Finance хабарлағандай, сарапшылар Elevidys жеткізілімінің қайта басталуына абайлап қуануда. Себебі бұл компанияның кірісіне қалай әсер ететінін әлі уақыт көрсетеді. Sarepta-ға 2027 жылы $1,5 млрд көлеміндегі конвертацияланатын облигацияны өтеу үшін Elevidys сатылымын қарқынды жалғастыру қажет.
Cantor Fitzgerald сарапшылары, Кристен Клуска бастаған топ, Elevidys-тің нарыққа оралуы ең жаман сценарийдің болмағанын білдіреді деп бағалады. Алайда, «қауіпсіздік мәселесі бізді қашық ұстап тұр», – деп ескертті олар. Клусканың акцияларға берген бағасы – бейтарап, мақсатты бағасы – $14.
BMO Capital Markets сарапшысы Костас Билиурис жаңалықтан кейін мақсатты бағасын $25-тен $50-ге көтерді. Дегенмен, ол акцияға «нарықпен тең» деген бағаны сақтап қалды.
Leerink Partners сарапшысы Джозеф Шварц дүйсенбіде инвесторларға арналған ескертпеде компания туралы нақты шешім шығаруға әлі ерте екенін, сұраныс динамикасы анық болмайынша, бақылауда қалатынын жазды.
Ал Jefferies сарапшысы Эндрю Цай – Sarepta акциясына «сатып алу» деген рейтингті сақтап қалған санаулы сарапшылардың бірі. Оның пікірінше компания өнімін нарыққа қайтара алатынына күмән жоқ, енді сату көлеміне назар аудару қажет. Бірақ Цай да Elevidys-тің болашағы Sarepta мен FDA арасындағы даудан кейін әлдеқайда бұлыңғыр бола түскенін мойындады. Егер компания бұл дәріден $1,4 млрд табыс түсіре алса, 2027 жылы қарызын жабуға шамасы жетеді.
Жыл басынан бері Sarepta акциялары 86%-ға арзандады. 29 шілдедегі MarketWatch деректеріне сәйкес, 29 сарапшының алтауы акцияны сатып алуға кеңес береді, 17-сі – ұстауға, екеуі – «нарықтан нашар» деп бағалаған, ал төртеуі – сатуға кеңес берген. Орташа мақсатты баға – $26,9.
Препарат туралы не білу керек
Elevidys – Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған АҚШ-та мақұлданған алғашқы гендік дәрі. Ол тек бір рет қана көктамыр арқылы енгізіледі, содан кейін организм науқасқа қажет микродистрофин деп аталатын ақуызды өндіре бастайды. Бұл ақуыздың жетіспеушілігі бұлшықет әлсіздігіне әкеледі.
2023 жылы препарат жылдам әрі ішінара мақұлданған болатын. Бірақ FDA-ның кейбір мүшелері оның тиімділігіне күмәнмен қараған еді. Дегенмен, Elevidys сатылымдары Sarepta кірісінің елеулі бөлігін құрайды. 2024 жылдың төртінші және 2025 жылдың бірінші тоқсанында компания табысының шамамен 50%-ын осы дәрі қамтамасыз етті.
Sarepta мен FDA арасындағы текетірес басталған соң, HC Wainwright инвестбанкі «Elevidys-сіз компанияның құны жоқ» деген пікір айтты.
2024 жылдың маусымында FDA-ның Биологиялық өнімдерді бағалау және зерттеу орталығының директоры Питер Маркс бұл препаратты амбулаторлық науқастардың басым бөлігі үшін толық мақұлдады. Бұл шешім үш сараптамалық топ пен екі аға кеңесшінің қарсылығына қарамастан қабылданды. Олар Sarepta-ның барлық жастағы және төсекте жатқан науқастарға арналған тиімділігі жөніндегі деректерін жеткіліксіз деп бағалаған еді, деп хабарлады Stat. 2025 жылдың наурызында Маркс FDA-дан кетті. Оның орнына келген Винай Прасад Elevidys-ті мақұлдау шешімін сынға алды.








