БастыReview
Бөлісу

Сауда соғыстары ғана емес: жаһандық экономикаға елеулі ықпал ететін бес фактор

Дамбиса  Мойо

Дамбиса Мойо

Сауда соғыстары ғана емес: жаһандық экономикаға елеулі ықпал ететін бес фактор

Экономикалық өсімнің баяулауы, сауда соғыстарының ушығуы, трансшекаралық капитал ағындарының қатаңдатылуы және көші-қон қысымының күшеюі жаңалықтар бетінде басты тақырыптарға айналды — мұның өзіндік себептері де бар. Бұл үдерістер бірлесе отырып халықаралық ынтымақтастықты әлсіретіп, БРИКС+ секілді жаңа экономикалық блоктардың қалыптасуын жылдамдатуда, ал бұл жаһандық экономикада елеулі өзгерістерге алып келуі мүмкін. Алайда бұлардан бөлек, маңызы жағынан одан да асып кетуі мүмкін тағы бес маңызды үрдіс бар. Олар туралы Project Syndicate үшін халықаралық экономика саласындағы сарапшы Дамбиса Мойо жазып берді.

Демографиялық өзгеріс

Біріншісі — демографиялық өзгерістер. Болжамдарға сәйкес, 2080-жылдардың ортасына қарай әлемдегі адам саны 10,3 млрд-қа жетіп, ең жоғары шегіне шығады. Мұндай санның артында терең әрі ауқымды үдерістер жатыр. Әлем халқы жылдам қартаюда, ал еңбекке қабілетті жастағы адамдар мен зейнеткерлер арасындағы арақатынас 1997 жылғы 9,4 деңгейінен 2050 жылға қарай 3,9-ға дейін төмендейді деп күтіледі. Бұл зейнетақы жүйелері мен мемлекеттік қаржыға түсетін жүктемені барған сайын арттырады.

Әрине, демографиялық үрдістер елдер арасында айтарлықтай ерекшеленеді. Үндістан Қытайдан озып, халқы ең көп елге айналды, ал қазіргі кезде шамамен 1,4 млрд адам тұратын ҚХР халқы 2100 жылға қарай 750 млн-нан төмен түсуі ықтимал. Сол кезеңде Италия халқы 60 млн-нан 27 млн-ға дейін, ал Жапония халқы 128 млн-нан 53 млн-ға дейін қысқарады деп болжанады. Ал Нигерия халқы, керісінше, үш есе өсіп, 791 млн адамға жетеді және Үндістаннан кейінгі әлемдегі халқы ең көп екінші елге айналуы мүмкін.

Экономикалық және геосаяси салдарлары өте салмақты болуы мүмкін. Алдағы ширек ғасырда дамушы елдерде жүздеген миллион адам еңбек нарығына қосылады деп күтіледі, ал дамыған экономикалы көптеген мемлекеттер ұзақ мерзімді демографиялық құлдырауға тап болады. Осы алшақтықтың ұлғаюы еңбек нарығы мен экономикаға түсетін қысымды күшейтіп, көші-қон ағындарының артуына әкелуі мүмкін. Оның үстіне, бүгінде әлемде қоныс аударушылар саны рекордтық деңгейге жетіп отыр.

Бұл демографиялық өзгерістер жаһандық тұтыну үлгілерін де қайта қалыптастырады, әсіресе энергия мен азық-түлікке қатысты. Үндістан халқы Қытайдан көп болуы мүмкін, алайда Қытайдағы жан басына шаққандағы табыс шамамен $13,3 мыңды құрайды, бұл Үндістандағы көрсеткіштен бес есеге жуық жоғары. Бұл халық санының өсімі табыс деңгейі төмен, арзанырақ тауарларды тұтынатын елдерге қарай ығысып жатқанын көрсетеді.

Жасанды интеллекттің ықпалы

— Екінші құрылымдық үрдіс — жасанды интеллекттің ықпалынан еңбек нарығы іргесінің шайқалуы.

ЖИ-суперцикл өнімділік пен экономикалық өсімді арттыруы мүмкін болғанымен, ол еңбек нарығынан, әсіресе қайталанатын, күнделікті міндеттермен айналысатын миллиондаған адамды ығыстыру қаупін де алып келеді. Экономистердің болжамдары әртүрлі болғанымен, тіпті ең сақ есептердің өзі жұмыссыздар тобының қалыптасуын меңзейді, ал бұл елеулі әлеуметтік және макроэкономикалық салдарға ұласуы ықтимал.

Бұдан бөлек, егер ЖИ есебінен болатын өсім қызметкерлерге емес, компанияларға көбірек пайда әкелсе, теңсіздік күшейіп, үкіметтер араласуға мәжбүр болады. Салдарынан корпорациялар, әсіресе технологиялық сектор өкілдері, әлеуметтік қолдау бағдарламаларын, соның ішінде жалпыға бірдей базалық табысты қаржыландыру үшін салықтық жүктеменің артуына тап болуы мүмкін.

Табиғи ресурстар тапшылығы

Үшінші құрылымдық үрдіс табиғи ресурстар тапшылығымен байланысты, бұл экономикалық өсімді баяулатып, геосаяси қайшылықтарды күшейтуі мүмкін. Мәселен, мыс қазірдің өзінде тұрақты тапшылық жағдайында тұр, ал Халықаралық энергетика агенттігі жаңа кен өндіру жобаларына ірі инвестициялар салынбаса, 2035 жылға қарай оның тапшылығы 30%-ға жетуі ықтимал екенін ескертеді. Литий, никель және кобальт секілді өзге де аса маңызды ресурстар да осындай қиындықтарға тап болып отыр. Бұл аккумулятор өндірісіне соққы беріп, таза энергетикаға көшу үдерісін тежейтін елеулі тапшылық қаупін арттырады.

Су тапшылығы да ресурстарға қатысты тағы бір маңызды шектеу болып отыр. Әлемдік ауыл шаруашылығының шамамен 25%-ы су жетіспейтін аймақтарға тиесілі, бұл азық-түлік жүйелерін жеткізілімдегі үзілістер мен бағаның күрт құбылуына осал етеді. Сонымен қатар су деректерді өңдеу орталықтарын салқындату мен жартылай өткізгіштер өндірісі үшін де қажет болғандықтан, жасанды интеллекттің жедел енгізілуі су жүйелеріне түсетін қысымды одан әрі күшейтеді.

АҚШ-тағы тәуекелдер

Төртіншіден, АҚШ-та тәуекелге бейімділік күрт артты, бұл спекулятивті инвестициялардың жаңа толқынын туындатты. Еуроодақтан айырмашылығы, АҚШ-тағы реттеуші орта жеке де, институционалдық инвесторлардың да тәуекелі жоғары әрекеттерін ынталандырып отыр. Нәтижесінде қор нарықтары тарихи ең жоғары деңгейлерге жақын қалып отыр, ал S&P 500 индексінің баға мен пайда арақатынасы (P/E) шамамен 30-ды құрайды, бұл оның тарихи орташа мәнінен әлдеқайда жоғары. Инвесторлар сондай-ақ жеке капиталға, жеке несиелерге, венчурлық қорларға, криптовалюталарға, мемкоиндерге және соңғы бір жылда 50%-дан астам қымбаттаған алтынға қаржы салуды көбейтуде.

Қысқа мерзімді спекулятивтіліктің бәсеңдеуі екіталай, себебі болжамдарға сәйкес, 2048 жылға қарай бэби-бумерлер жас буынға шамамен $100 трлн көлеміндегі активтерді табыстайды. Бұл ауқымды капитал ауысуы қаржы нарықтарындағы инвестициялық қаражат көлемін арттырып, жинақ көлемінің нақты пайыздық мөлшерлемелерге төмендетуші қысым жасауына қарамастан, актив бағаларын одан әрі көтеруі мүмкін.

Жаңа капиталдың ағымы елеулі тәуекелдерді де өзімен бірге ала келеді. Қарыздық иықты пайдалану арқылы жасалатын мәмілелердің барған сайын көбі реттеушілердің назарынан тыс қалатын көлеңкелі банк жүйесі арқылы өтуде. Бұл нақты экономикаға таралуы мүмкін осал тұстарды қалыптастырады. Несие белсенділігінің дәстүрлі банктерден тысқа ығысуы ақша-несие саясатының тиімділігін әлсіретеді. Тіпті Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді төмендеткеннің өзінде, оның әсері қарыз алушыларға жетпеуі мүмкін, ал бұл экономиканы ынталандыру шараларының пәрменін азайтады.

Ұлыбритания мен Еуроодақтағы әлсіз экономикалық белсенділік

Ақыры, Ұлыбритания мен Еуропада тәуекелден қашу үрдісінің күшеюі дербес құрылымдық проблемаға айналып отыр. Ондаған жыл бойы Еуропадағы өсу әлеуеті бюрократиялық кедергілермен, қатаң реттеуші талаптармен және капитал нарықтарының бытыраңқылығымен шектеліп келді. Статистика мұны айқын көрсетеді: АҚШ-та венчурлық инвестициялар көлемі әдетте ЕО-мен салыстырғанда 8–10 есе жоғары, ал еуроаймақтағы үй шаруашылықтарының шамамен 70%-ы қаржылық тәуекелге баруға дайын емес екенін айтады. Ал АҚШ-та мұндай көзқарастағылардың үлесі 40%-дан төмен.

Лондон қор нарығы бұл қаржылық әлсіздіктің тереңдігін айқын аңғартады. 2025 жылдың алғашқы жартысында Лондонда өткен орналастырулар арқылы компаниялар небәрі 160 млн фунт стерлинг ($214 млн) тартты. Бұл — соңғы 30 жылдағы ең төмен көрсеткіш және Ситидің әлемдегі IPO нарықтарының үздік 20-лығынан ығысуына себеп болды. Соңғы 25 жылда Ұлыбританияның зейнетақы қорлары отандық акциялардағы үлесін 53%-дан 6%-ға дейін қысқартты, соның салдарынан британдық компанияларға қолжетімді капитал көлемі азайды.

Бұл тек қаржылық мәселе ғана емес, өйткені Еуропаның экономикалық рөлдің әлсіреуі оның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Түпкілікті өзгерістерсіз құрлық жасанды интеллекттің суперциклінен қағылып, инновациялардың қозғаушы күшіне емес, технологиялық «колонияға» айналу қаупіне тап болады.

Аталған бес үрдістің әрқайсысы жаһандық экономиканы түбегейлі өзгерте алады: сауда бағыттарын қайта қалыптастырып, инвестициялық ағындарды басқа арнаға бұруы, негізгі азық-түлік пен аса маңызды минералдардың қолжетімділігі мен бағасына ықпал етуі, сондай-ақ үкіметтерді жеткізу тізбектерін басқару, капиталды бөлу және трансшекаралық инвестициялар саясатын қайта қарауға мәжбүрлеуі мүмкін. Бұл жағдайда тәуекелдің қаншалықты жоғары екенін ерте түсініп, соған бейімделе алған көшбасшылар анағұрлым дайын болады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары