Schwab: Нарық 90-жылдарға оралып жатыр ма?

Charles Schwab стратегы Кэти Джонстың айтуынша қазіргі нарықтың жағдайы 1990-жылдардың соңындағы технологиялық акциялар көпіршігін еске салуда. On Investing подкастының жаңа шығарылымында Кэти және оның әріптесі, бас инвестициялық стратег Лиз Энн Сондерс жекелеген инвесторлардың тәуекелге бейімділігі неліктен артқанын және қандай сигналдарды елеусіз қалдыруға болмайтынын талқылады.
Бұл көпіршік пе?
«Кейде өзімді 90-жылдардың соңында жүргендей сезінемін, — дейді Кэти Джонс, Charles Schwab компаниясының тұрақты табысты құралдар бойынша бас стратегы. — Ол кезде дотком көпіршігі болды, білесіздер, бәрі тоқтаусыз өсіп жатты. Бұл ешқашан бітпейтіндей көрінді — бірақ, бәрі аяқталды».
Қазір нақты көпіршік туралы айтуға ерте, дейді Джонс. Бірақ бірнеше фактордың үйлесімі — нарықтың кез келген төмендеуін тез сатып алу, корпоративтік қағаздардың шамадан тыс қымбаттауы және макроэкономикалық тәуекелдерге әлсіз реакция — сол дәуірді еске салады. Нарық механикалық түрде өсіп жатыр, бұл оның тұрақтылығына қатысты сұрақтар туғызады.
Лиз Энн Сондерс қосымша қауіп ретінде «қатты» және «жұмсақ» экономикалық көрсеткіштердің алшақтығын атайды. Қатты көрсеткіштерге — ЖІӨ, жұмыспен қамту және сатылым сияқты нақты деректер жатады. Жұмсақтарына — бизнес пен тұтынушы сенімі индексі сияқты сауалнама негізіндегі бағалар кіреді. Қазір бұл айырмашылық азайып жатыр: мамырда тұтынушылық сенім индексінің күтулер компоненті соңғы төрт жылдағы ең үлкен өсімді көрсетті. Бұл не нарықтық көңіл-күйдің қалпына келуі, не негізгі көрсеткіштерді түзетудің алғышарты болуы мүмкін.
Инвесторлар неліктен тәуекелге бара бастады?
Сондерстің байқауынша соңғы айлардың басты үрдісі — «құлдыраған кезде сатып ал» (buy the dip) стратегиясының қайта оралуы. Жеке инвесторлар бағасы түсіп кеткен танымал акцияларды белсенді түрде сатып алуда. Бұл тек технологиялық сектормен шектеліп отырған жоқ. Олар сонымен қатар левереджді ETF-терге (қарыз-қаражат немесе туынды құралдар арқылы табысты арттыруға бағытталған биржалық қорлар) да назар аударып отыр. Мұндай құралдар қысқа мерзімде жоғары табыс әкелуі мүмкін, бірақ сонымен қатар аса тәуекелді және құбылмалы жағдайда тез құнсыздануы ықтимал. Сондерс жеке инвесторлардың мұндай әрекетін есепке негізделген стратегиядан гөрі құмарлыққа жақын деп сипаттайды.
Пандемия кезінде қалыптасқан әдеттер де әсер етуде: брокерлердің комиссияларды алып тастауы мен жаңа инвесторлардың келуі бұл белсенділікті күшейтті. Қазір сол инвесторлар қайта оралды:бағамдардың аз ғана төмендеуі — олар үшін нарыққа кіру мүмкіндігі ретінде қабылдануда. Мысал ретінде, 9 сәуірдегі нарықтың күрт түзелуін айтуға болады — сол күні Дональд Трамп кедендік тарифтерді кейінге қалдыратынын мәлімдеді, бұл шиеленісті азайтты, ал инвесторлар бірден қайтадан сатып алуға кірісті.
Көктемдегі теріс көрсеткіштерге қарамастан, акциялардан жаппай шығу болмады. Керісінше, инвесторлар позицияларын арттыруға тырысты. Бұл эмоциялық фонды күшейтеді және нарықты қысқа мерзімді өзгерістерге аса сезімтал етеді.
Нарықты не күтіп тұр?
Басты белгісіз жағдайлар әлі де сақталып отыр. АҚШ-тың облигациялар нарығы қысымда қалуда, ФРЖ пайыздық мөлшерлемені көтеру циклін тоқтатып, «күту» позициясын ұстануда. Бірақ инфляция мен экономикалық баяулау тұрақты сипат алғанша, жеңілдету басталмайды.
Дегенмен, нарықтар саясаттың жұмсаруы туралы ақпаратты күтуге асығар емес. АҚШ облигацияларының табыстылығы жоғары күйде қалып отыр, әсіресе бюджеттік белгісіздіктің салдарынан. Бюджет жобасы Өкілдер палатасынан өтсе де, Сенат мақұлдамайынша нақты шешім қабылданған жоқ. Бұл белгісіздік инвесторларды ұзақмерзімді қағаздарды сатып алудан тежейді.
Кэти Джонстың айтуынша осындай жағдайда нарық жаңалықтарға аса сезімтал болады: Вашингтоннан келген кез келген сигнал — бюджет, тарифтер немесе инфляция деңгейі — күтулерді өзгертіп, табыстылықтың күрт көтерілуіне себеп болуы мүмкін. Нақтылық болмай отырғандықтан, ұзақмерзімді облигацияларға тұрақты сұраныс қалыптаспауда.
Осы ретте корпоративтік облигациялар нарығы салыстырмалы түрде тұрақты көрінеді. Кредиттік спредтер (мемлекеттік және корпоративтік облигациялардың табыстылығы арасындағы айырма) әлі де тар деңгейде. Бұл саяси және макроэкономикалық тәуекелдерге қарамастан ірі компанияларға деген сенім сақталғанын білдіреді.
Қандай болжамдар бар?
Schwab сарапшылары саяси және экономикалық күн тәртібі күн сайын өзгеріп жатқанда, нарықтың бағытын дәл болжау мүмкін емес екенін мойындап отыр. Ең маңыздысы — тәуекелдердің қалай бөлінгенін түсіну. Егер инвесторлар тым сенімді болса, кез келген жағымсыз жаңалық нарықты қатты құлдыратуы мүмкін. Ал жалпы пессимизм кезінде — тіпті болмашы жақсы жаңалықтың өзі өсімге себеп бола алады.
Халықаралық инвесторлар үшін маңызды ескерту: ФРЖ-ның үзілісі — тұрақтылық кепілі емес. Жоғары мөлшерлемелер, шешілмеген бюджет мәселелері және АҚШ-тың сауда саясатындағы күтпеген өзгерістер әлемдік экономикаға да, америкалық нарыққа да қысым түсіруі мүмкін.
Осындай жағдайда Лиз Энн Сондерс жеке инвесторларға салқынқанды болуға кеңес береді: қысқамерзімді импульстерге ілеспей, басқалардың мінез-құлқына қарай инвестиция жасамай және портфельді бір секторға тым шоғырландырмауды ұсынады. Оның сөздерінен «процеске сену» қажеттігі байқалады — яғни, стратегияны нарықтағы қысқа мерзімді күйбеңге емес, ұзақ мерзімді мақсаттарға, әртараптандыруға және тәуекелді ақылмен бағалауға негіздеу керек.








