БастыReview
Бөлісу

Сэм Альтман: болашаққа жол салушы ма, әлде өзіне ор қазушы ма?

Роман Кутузов

Роман Кутузов

Oninvest шолушысы, технологиялар
Сэм Альтман: болашаққа жол салушы ма, әлде өзіне ор қазушы ма?

Биылғы күз жасанды жады саласындағы басты ойыншы OpenAI компаниясының айналасындағы жаңалықтарға толы болды. 2015 жылы шағын коммерциялық емес ұйым ретінде құрылған компания он жылдан кейін әлемдегі ең қымбат стартапқа айналарын кім ойлаған?

Бүгінде оның бас директоры Сэм Альтман OpenAI-дің бағасын $500 млрд деңгейіне жеткізіп қана қоймай, ірі технологиялық компаниялардың акцияларына әсер ететін мәмілелер жасап жүр. Бірақ стратегиялық тұрғыдан ол не істеп жатыр?

«Өзінің дипфейкі»

Кремний алқабының ұраны болған «Жылдам әрекет ет, бәрін бұз» (Move fast and break things) философиясы ескірді деп есептелген еді. Бірақ Альтман бұл оймен келіспейтін сияқты.

Тамыз айында сәтсіздеу шыққан GPT-5 моделінен кейін ол: «Біз іске қосқанда біраз қателік жібердік», — деп мойындады. Алайда көп ұзамай OpenAI жаңалықтар легін қарша боратып, технологиялық серпілістерін жалғастырды.

29 қыркүйекте компания ChatGPT-ден тікелей сатып алуға мүмкіндік беретін Instant Checkout функциясын іске қосты.

Ал ертеңінде iPhone-ға арналып жасалған Sora атты жаңа қолданбаны ұсынды. Ол пайдаланушыларға жасанды жадының көмегімен қысқа бейнероликтер жасап, дауыс қосуға мүмкіндік береді — нағыз TikTok-тың ЖЖ-нұсқасы десе де болады. Wired бұл құбылысты «өзінің дипфейкімен ойнау» деп атады.

Үш күн өтпей жатып, арнайы шақырумен ғана қолжетімді болған Sora App Store рейтингте бірінші орынға шықты, тіпті ChatGPT-дің өзін басып озды.

6 қазанда OpenAI жаңа мүмкіндіктерін таныстырды, енді ChatGPT арқылы бір ғана мәтіндік пәрменмен Canva, Spotify, Zillow сияқты қосымшаларды тікелей қолдануға болады.

Компания өкілі Ник Терлидің сөзімен айтқанда: «Алдағы алты айда ChatGPT жай қолданбадан гөрі операциялық жүйеге айналады».

Apple-ден кадр ұрлау және жасырын ЖЖ-гаджет

Альтман тек өнім емес, адам капиталы үшін де барын салып күресуде. Ол бұрынғы Apple вице-президенті Джонни Айвпен бірігіп, құпия жаңа ЖЖ-гаджет әзірлеуде.

Тек биылдың өзінде OpenAI Apple-ден 20-ға жуық инженерді өз қарамағына тартып алып үлгерді. The Information-ның дерегінше бұл оқиғаның әсер еткені соншалық, Apple тіпті Қытайдағы бас кеңесін кейінге шегеруге мәжбүр болған.

Бірақ Альтманның басты алаңдаушылығы — «бұлттар», яғни есептеу қуаты.

Қалай $1 трлн қарыз алу керек

Альтманның сенімі қарапайым, қаншалықты есептеу қуаты көп болса, жасанды интеллект те соншалық ақылды болады.

Сол себепті ол «Интеллект дәуірі» манифесінде ЖЖ инфрақұрылымына триллион долларлық инвестиция салу идеясын ашық жариялаған.

OpenAI қазірдің өзінде Oracle, Nvidia, AMD және CoreWeave компанияларымен келісім жасап, жалпы құны $1,1 трлн-нан асатын дата-орталықтар жобасын қолға алды.

Бұл — жылдық табысы $12 млрд, ал шығыны $10 млрд болатын компания үшін таңғаларлық тәуекел.

Альтман болса, сабырмен: «Біз қазір өсу және инвестиция кезеңіндеміз. Пайдасын кейін көре аламыз», — дейді.

Amazon да бір кездері осылай жасаған, бірақ олардың масштабы әлдеқайда кішкентай еді — бар болғаны $2,8 млрд шығын.

Экономикалық ор ма, әлде көр ме?

Уоррен Баффет жиі айтатын «экономикалық ор» ұғымы — компанияны бәсекелестерден қорғайтын артықшылық. Бірақ сарапшылардың айтуынша OpenAI-дің басты «оры» патенттер мен технологиялар қазір әлсірей бастады.

JPMorgan мен Fortune талдаушыларының пікірінше қытайлық ашық кодты модельдер нарыққа арзан әрі тиімді балама ұсынып, OpenAI-дің басымдығын шайқалтты.

Дегенмен OpenAI-дің бір артықшылығы бар — «жабысқақтық» (stickiness): «Пайдаланушы ChatGPT-мен неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, соғұрлым ол жүйені жақсырақ таниды және басқаға көшу ықтималдығы азаяды».

Сондай-ақ OpenAI инфрақұрылымдық «ор» салуға тырысуда — АҚШ-та 20 ГВт-тық дата-орталықтар тұрғызу жоспары бар. Бұл қымбат әрі қайталануы қиын артықшылық болмақ.

Альтманның стратегиясы — не ғажайып табыс, не технологиялық апат әкелетін құмар ойынға ұқсайды.

Ол экономикалық ор қазып жүр ме, әлде өзіне қаржылық көр қазып жүр ме — мұны тек уақыт көрсетеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары