БастыReview
Бөлісу

Сенімге ие жұлдыз: Мира Мурати өнімсіз стартапқа инвестицияны қалай тартып отыр?

Роман Кутузов

Роман Кутузов

Oninvest шолушысы, технологиялар
Сенімге ие жұлдыз: Мира Мурати өнімсіз стартапқа инвестицияны қалай тартып отыр?

OpenAI-дің бұрынғы техникалық директоры және Thinking Machines Lab стартапының тең құрылтайшысы Мира Мурати шілде айында инвесторлардан $2 млрд тарта алды. TechCrunch жазуынша, бұл — Кремний алқабы тарихындағы ең ірі бастапқы қаржыландыру раундтарының бірі. Компанияның нарықтық бағалауы $12 млрд-қа жетті. Жасы бір жылға да толмаған стартап әлі ешқандай өнім ұсынған жоқ, ал Мурати жобаның нақты немен айналысатынын ашық айтпаған — тек оның жасанды интеллектпен байланысты болатыны белгілі. Соған қарамастан, Thinking Machines Lab — инвесторлар OpenAI, Anthropic және Google DeepMind сияқты алпауыттарға нақты бәсекелес деп санайтын сирек стартаптардың бірі. Бұл — көптеген кәсіпкерлер армандайтын деңгейдегі сенім. Ендеше, Албания тумасы Мира Мурати мұндай нәтижеге қалай жетті және ол нарықты немен таңғалдырмақ — соны талдап көрейік.

Албаниядан шыққан данышпан

Эрмира «Мира» Мурати 1988 жылдың соңында Албанияның оңтүстігіндегі Влёра қаласында дүниеге келген. 16 жасында ол Канададағы жекеменшік Pearson College UWC колледжіне халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға грант ұтып алып, сол жерде оқуын аяқтаған. Кейін білімін АҚШ-та жалғастырып, 2011 жылы Colby College-тен гуманитарлық ғылымдар, ал 2012 жылы Dartmouth College-тен инженерлік ғылымдар бойынша бакалавр дәрежесін алған. Араға бір жыл салып, ол Tesla компаниясында аға өнім менеджері ретінде жұмыс істеп, Model X көлігін әзірлеуге қатысқан. Адам мен компьютердің өзара әрекеттесуі саласына қызығушылығы 2016 жылы оны Leap Motion компаниясына алып келді. Онда ол өнімдер мен инженерия жөніндегі вице-президент ретінде толықтырылған шындық технологияларымен айналысты. 2018 жылы Мурати OpenAI командасына қосылды.

Айта кету керек, оның мансап жолындағы таңдауы оңай шешім болмаған. Себебі Tesla секілді компаниядағы тәжірибесінен кейін ол Кремний алқабындағы ірі технологиялық корпорацияларға жұмысқа тұса болар еді. Алайда Wired журналына берген сұхбатында ол әрдайым жасанды интеллектке қызыққанын және жалпы мақсаттағы ЖИ (AGI) адамзаттың ең маңызды технологиясына айналады деп сенетінін айтқан. Оның сөзінше, сол кезеңде OpenAI — жасанды интеллекттің әлеуетін арттырумен қатар, оның дұрыс бағытта дамуына мүдделі болған жалғыз ұйым еді. OpenAI-да Мурати суперкомпьютерлік стратегияны әзірлеумен айналысып, қолданбалы ЖИ мен серіктестік бағытындағы бірнеше зерттеу топтарына жетекшілік еткен.

Fortune журналына берген тағы бір сұхбатында Мурати OpenAI-ға алғаш келген кезде ұйым аз танымал болғанын, небәрі 52 ЖИ-энтузиаст қана жұмыс істегенін айтады. Ол тез арада негізгі құрылтайшылар Сэм Альтман, Илья Суцкевер, Грег Брокман және басқалармен танысып, өзін басшы ретінде жақсы қырынан көрсете алған. Соның нәтижесінде, 2022 жылдың мамырында Мира Мурати OpenAI-дың техникалық директоры атанып, бүгінде кеңінен танымал ChatGPT чатботы мен DALL·E сурет генерациялайтын жүйесін жасаған командаларды басқарған.

«Мира қашан тұрмысқа шығады?» 

Әрі қарай не болғанын бәріміз жақсы білеміз: 2022 жылдың қарашасының соңында ChatGPT көпшілікке қолжетімді болды, және небәрі екі айдың ішінде 100 миллионнан астам қолданушы жинап, тарихтағы ең жылдам өсетін қосымшаға айналды. Осылайша, ЖИ революциясы басталды.

Алайда Муратидің айтарлықтай үлесіне қарамастан, OpenAI компаниясының басты жария келбеті әрдайым оның бас директоры Сэм Альтман болып қала берді. Бұл жағдай 2023 жылдың қарашасына дейін өзгерген жоқ — сол кезде OpenAI директорлар кеңесі күтпеген жерден Альтманды қызметінен босатып, Муратиді уақытша бас директор етіп тағайындады. Дегенмен, бұл «даңқ сәті» ұзаққа созылған жоқ — бірнеше күннен кейін Альтман қызметіне қайта оралды. Ал 2024 жылдың қыркүйегінде Мурати X әлеуметтік желісінде OpenAI-дан кететінін, «өз зерттеулерімен айналысу үшін» жұмыстан шыққанын жазды. Бұл тағы да күтпеген мансаптық шешім еді: Мурати сол кезде 2500 қызметкері бар, нарықтық бағалауы $80 млрд-қа жеткен алып компанияны тастап кетті. Неге? Мүмкін work-life balance үшін, ата-анасын қуантқысы келген болар? Business Insider жазуынша, Мираның анасын ChatGPT-мен алғаш таныстырғанда қойған алғашқы сұрағы: «Мира қашан тұрмысқа шығады?» болған екен. Мүмкін сол үшін де шығар — Косоволық Gazeta Express басылымының дерегінше, Мира расында 2025 жылдың маусымында Тосканада, аса құпия жағдайда тұрмысқа шыққан. Дегенмен, бұл ақпарат расталмаған және басылым өзі де сенімді дереккөз саналмайды. Бірақ біздің назар аударатын жайт басқа — 2024 жылдың желтоқсанында Мира Мурати LinkedIn парақшасында Thinking Machines Lab деп аталатын жаңа стартаптың тең құрылтайшысы әрі бас директоры атанғанын хабарлады. Бұл жоба — оның үйлену тойы секілді толық құпия сақталған бастама болды.

Муратиге жорамал

Биыл ақпанда компания X әлеуметтік желісінде алғаш рет ресми түрде жария етілді. Бірақ мәлімдеме өте жалпы сипатта: «Біз — ChatGPT, Character.ai, PyTorch және Mistral сияқты кеңінен қолданылатын ЖИ өнімдері мен кітапханаларының артында тұрған ғалымдар, инженерлер мен әзірлеушілерміз. Миссиямыз — жасанды интеллектті адамдар үшін жұмыс істету. Біз әр адамға өзіне қажет білім мен құралдарға қол жеткізу мүмкіндігін беретін болашақты құруға ұмтыламыз».

Компанияның ресми сайтында жарияланған манифест те оның нақты жоспары туралы көп мәлімет бермейді. Онда тек лаборатория адамның қажетіне сай әрі ыңғайлы болатын ЖИ модельдерін жасап, машиналық оқытумен айналысатыны ғана жазылған.

«Мурати компаниясы нақты немен айналысады және ол қанша қаржы тарта алады?» деген сұрақ Кремний алқабында сүйікті “жорамалдауға” айналды, — деп жазды Bloomberg агенттігі ақпанда. Басылым Thinking Machines Lab-тың нарықтық бағалауы $9 млрд-қа жетуді көздейтінін еске салды. Сондай-ақ Мира Мурати мен оның төрт серіктесін әрқайсысы шамамен $1,4 млрд-қа бағаланған үлесімен болашақ ЖИ-миллиардерлер қатарына қосты. Бұл — аса әсерлі өсу, себебі 2022 жылы OpenAI-дегі техникалық директор ретіндегі Муратидің байлығы бар болғаны $5 млн-ға бағаланған болатын. Ал Bloomberg наурыз айында Thinking Machines Lab стартапы $1 млрд инвестиция тартуды көздеп отырғанын хабарлаған.

Шілденің ортасында бұл жоспар артығымен орындалғаны белгілі болды — компания жалпы бағалауы $12 млрд болған кезде $2 млрд инвестиция тарта алды. Қаржыландыру раундын Andreessen Horowitz қоры басқарды, оған Nvidia, Accel, ServiceNow, CISCO, AMD және Jane Street те қосылды, деп жазды TechCrunch.

«Біз сіздің табиғи түрде әлеммен қалай әрекеттесетініңізге — әңгіме, көру, және өзгеше өзара әрекет арқылы бейімделетін мультимодальды ЖИ жасап жатырмыз. Алдағы бірнеше айда алғашқы өнімімізді таныстыратынымызға қуаныштымыз», — деді Мурати келісім туралы хабарлай отырып.

Алгоритмдер ханымы: Мира Мурати жасанды интеллектке не үйретіп жатыр?

Маусым айында The Information порталы Мира Муратидің жаңа стартапы жайлы инсайдерлік ақпарат жариялады. Басылымның дереккөздеріне сүйенсек, Thinking Machines Lab-тың бизнес-моделі инвесторлар арасында «RL for business» (яғни, бизнеске арналған күшейтілген оқыту) деген атауға ие болған. RL — reinforcement learning, яғни «нығайтылған оқыту» дегенді білдіреді. Бұл — жасанды интеллект әзірлеу кезінде кеңінен қолданылатын машиналық оқыту әдісі: арнайы алгоритм модельге дұрыс әрекеттер үшін «ұпай» береді, ал қате немесе қажетсіз қадамдар үшін ұпайын кемітеді. Осылайша, адам секілді, ЖИ модель қоршаған ортаны зерттеп, ең жоғары «сыйақы» әкелетін шешімдерді іздейді. Thinking Machines Lab бұл әдісті клиенттердің бизнес көрсеткіштеріне (мысалы, табыс немесе пайда өсімімен байланысты KPI-лар) негіздеп бейімдеуді жоспарлап отыр.

The Information жазуынша, стартап нақты салаларға — тұтынушыларға қызмет көрсету, инвестициялық банкинг, бөлшек сауда сынды бағыттарға арнайы бейімделген ЖИ модельдер үшін клиенттер көбірек төлеуге дайын болады деп үміттенеді.

Айтпақшы, бөлшек сауда туралы. Маусымның соңында Anthropic компаниясы қызықты тәжірибе жария етті: олар Claude ЖИ негізінде жасалған агентті өз кеңселеріндегі шағын дүкенді басқаруға қойды. Claudius деп аталған агентке тауар қоры мен ассортиментті бақылау, баға белгілеу, жеткізушілерден тапсырыс беру және тұтынушылармен (Anthropic кеңсесіндегі қызметкерлер) Slack арқылы сөйлесу құқығы берілді. Алайда, тәжірибе нәтижесінде Claudius жақсы кәсіпкер бола алмағанын көрсетті — бір айдың ішінде дүкен шығынға батты. Ең көп шығын металл кубиктерді көптеп сатып алып, кейін оларды сатып алған бағадан төменге өткізіп жібергеннен кейін болды. Claudius «тым мейірімді» болып, әркім сұраған кезде жеңілдіктерді оңай берген. Соған қарамастан, Anthropic компаниясы бұл тәжірибеден үміт үзбей, болашақта осындай жүйелерді бизнес-менеджер ретінде жетілдіруге болатынына сенеді — әсіресе, егер оларды RL әдісімен, яғни дұрыс шешімдерді марапаттап, тиімсіз әрекеттерге «жаза» қолдану тәсілімен баптаса.

Көріп отырғанымыздай, Мира Мурати де дәл осындай бағытты көздеп отыр.

The Information деректеріне сәйкес, оның стартапы болашақта тұтынушыларға арналған өнім де әзірлеуді жоспарлап отыр — бәлкім, бұл OpenAI-дың ChatGPT-сіне бәсекелес чат-бот болуы мүмкін.

Мурати нарық көшбасшыларын тезірек қуып жету үшін жасанды интеллект модельдерін нөлден бастап құрастырмай, ашық кодты жүйелердегі дайын нейрондық «қабаттарды» біріктірмек. Inc журналының жазуынша, ChatGPT секілді қолданбаларда мәтін өңдеу бірнеше виртуалды нейрон қабаттарынан өтеді — әр қабаттың өз функциясы бар: мәтіндегі заңдылықтарды анықтау, терең түсіну, жауап құрастыру. Мурати осы қабаттарды тиімді біріктіру арқылы аз ресурспен қуатты модельдер жасай аламыз деп санайды.

Қысқасы, бәсекелестік — прогрестің қозғаушы күші. Мира Мурати мен оның командасына сәттілік тілейміз — әсіресе, оның сүйікті фильмі «Космостық одиссея 2001» туындысынан дұрыс сабақ ала білді деп үміттенеміз. Ол фильмде кемедегі ЖИ есінен ауысып, экипажды жойып жіберген еді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары