БастыReview
Бөлісу

Shell – мұнай нарығындағы берік қамал: банктер компанияны қорғаныс активі деп қарауда

Едіге  Қасымжан

Едіге Қасымжан

Shell – мұнай нарығындағы берік қамал: банктер компанияны қорғаныс активі деп қарауда

2025 жыл мұнай нарығы үшін тұрақты кезең болды деу қиын. Көктемнен бері ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін арттырды, бұл фактор бағаға қысым түсіріп отыр. Сәуірден бастап ОПЕК+ елдері 2024 жылғы желтоқсанда мақұлданған жоспармен салыстырғанда өндіру квоталарын жеделдете арттыра бастады. Қыркүйек айында бұл елдер тәулігіне 2,2 млн баррельдік өндіру шектеуін толығымен алып тастайды. FT-мен сөйлескен шенеуніктердің бірі шілдедегі Венадағы ОПЕК кездесуінің атмосферасын «дауыл алдындағы теңізшілердің күйімен» салыстырды.

Қыс түскенше нарықта мұнай артық болуы мүмкін. Францияның мұнай алыбы Total Energies FT-ге берген мәліметінде егер жаһандық экономика баяуласа, мұнай «қажетінен артық» көлемде болады деп ескертті. Тамыз айында Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) 2025 жылғы әлемдік мұнай ұсынысы бойынша болжамын тәулігіне 2,1 млн баррельден 2,5 млн-ға көтерді. Сонымен қатар агенттік мұнайға деген жаһандық сұраныс болжамын қайтадан төмендетіп, биылғы жылы тәулігіне небәрі 680 мың баррельге өседі деп бағалады. Жыл басынан бері ХЭА бұл көрсеткішті жалпы алғанда 350 мың баррельге төмендетті.

Нарыққа қауіп төндіретін басқа факторлар қатарында Израиль мен Иран арасындағы соғыс, АҚШ тарапынан енгізілген кедендік баж салығы және Қытайдағы мұнайға деген сұраныстың баяулауы бар. Сондай-ақ АҚШ-тың жаңа санкциялар енгізу қаупі де жоқ емес. Президент Дональд Трамп бұған дейін Ресей мен ресейлік мұнайды сатып алушыларға жаңа шектеулер қоюға ниетті екенін айтқан. Бірақ Анкоридж саммитінен кейін ол қазіргі таңда жаңа санкциялардың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Әзірге АҚШ тек Үндістанға 25% көлемінде қосымша импорттық баж енгізді. Үндістан мен Қытай — Ресей мұнайының ең ірі тұтынушылары.

Brent маркалы мұнайдың бағасы жыл басынан бері 9%-дан астам төмендеп, бір баррель үшін $67,7 болды. Ал мұнай өндіруші компаниялар акцияларына арналған SPDR S&P Oil & Gas Exploration & Production ETF индексі 28 тамыздағы сауда қорытындысы бойынша жыл басынан бері 1,65%-ға өсті.

Мұндай нарықта қандай мұнай компаниялары тұрақты көрінеді?

Тамыз айында UBS аналитиктері Shell акцияларын мұнай секторының ішінде ең сенімді қорғаныс активі деп атады. 31 шілдеде Barclays те Shell компаниясының тартымдылығы жайында есеп жариялады. Morgan Stanley Shell-ді осы сектордағы негізгі инвестициялық идеялардың бірі деп атап, оны «Top Pick» тізімінде ұстауды жалғастырып отыр. Банк Shell акциясына «нарықтан жоғары» рейтинг беріп, мақсатты бағаны 28,6 фунт стерлинг деп белгіледі — бұл 28 тамыздағы жабылу бағасынан 5,34% жоғары.

Bloomberg деректері бойынша капиталдандыруы бойынша әлемдегі бес ірі мұнай-газ компаниясы ішінде (Shell, ExxonMobil, Saudi Aramco, Chevron, PetroChina) Shell «сатып алу» рейтингінің ең жоғары үлесіне ие. Барлығы 27 аналитик компанияға баға береді, олардың 18-і (яғни 67%) акцияны сатып алуға, қалған 9-ы — ұстауға кеңес беріп отыр. ExxonMobil мен Saudi Aramco акцияларының өсу әлеуеті жоғарырақ болғанымен, олардың «сатып алу» үлесі тиісінше 60% және 59%. Shell акциялары бойынша орташа мақсатты баға — 29,88 фунт, бұл 28 тамыздағы жабылу бағасынан 10% жоғары.

Аналитиктер Shell-ді неге ерекше атап отыр?

UBS 1 тамыздағы есебінде Shell акцияларын сатып алуға ұсынысты растады және мақсатты бағаны 29,5 фунттан 30 фунтқа дейін көтерді — бұл 28 тамыздағы жабылу бағасынан 10,5% артық.

Shell 31 шілдеде екінші тоқсан бойынша есеп берді. Компанияның табысы 12,2%-ға төмендеп, $65,4 млрд болды (нарықтың күткені $58,3 млрд еді), ал түзетілген таза пайда 32%-ға азайып, жылдық мәнде $4,3 млрд болды. Дегенмен бұл көрсеткіш те сарапшылар болжамынан ($3,74 млрд) едәуір жоғары шықты.

UBS мәліметіне сәйкес Shell алтыншы тоқсан қатарынан операциялық ақша ағыны бойынша нарық күтулерінен асып түсті. Бұл табыс жоғары кірістілікке негізделген — әсіресе өндіру және маркетинг (жанармай бекеттері мен май сату желісі) бағыттарында. Компания шығындарын ширек ішінде 4%-ға қысқартты, әрі оның 60%-дан астамы құрылымдық өзгерістер есебінен — яғни бір реттік шаралар емес. Бұған бюрократияны азайту және өндіру мен логистика шығындарын азайтатын технологияларды енгізу кіреді. UBS бұл факторларды Shell-ді энергетика нарығындағы белгісіздік жағдайында ең сенімді қорғаныс активтерінің бірі етеді деп бағалайды.

Barclays Shell-дің екінші тоқсандық есебін «берік негізге оралу» деп сипаттады. Банк 31 шілдедегі есебінде акцияларға «нарықтан жоғары» рейтингін сақтап, мақсатты бағасын 40 фунт деп белгіледі — бұл 28 тамыздағы бағадан 47,3%-ға жоғары.

Инвестбанктің мәліметінше 2022 жылдан бастап Shell 2028 жылға дейін жоспарланған $5–7 млрд шығынның $3,9 млрд-ын үнемдеген. Бұл үнемдеу ішкі процестерді оңтайландырумен және бейінді емес активтерді сатумен байланысты: мысалы, Сингапурдағы зауыт пен Нигериядағы мұнай өндіруші еншілес компаниядағы 30% үлес.

Barclays үшін биылғы жылдың басты оқиғасы — шілдеде LNG Canada жобасынан сұйытылған газ тасымалдаудың басталуы. Бұл жобада Shell-дің үлесі — 40%. Қазір бұл жерден әр сегіз күн сайын бір партия жөнелтіледі, ал толық қуатқа шыққанда — әр төрт күн сайын жөнелту жоспарланып отыр. Компания 2030 жылға дейін газ сату көлемін жылына 4–5%-ға арттыруды жоспарлап отыр.

Barclays Shell акциясы бойынша пайда болжамын көтеріп отыр. 2025 жылы бір акцияға пайда $3,35 болады деп күтуде, 2027 жылы — $5,05, ал 2024 жылғы көрсеткіш — $2,56 болған. Компания акционерлерге өзінің ақша ағынының 40–50%-ын дивиденд пен акцияны кері сатып алу түрінде қайтаруды жоспарлап отыр.

Morgan Stanley өз кезегінде Shell үшін үш жағымды факторды атап өтуде. Ол — нарықтық күйзелістерге тұрақтылық, сапалы өзгерістерге дайындық және кең көлемді дивидендтік бағдарлама.

Аналитиктердің айтуынша Shell — ірі мұнай компаниялары ішінде табыстылығы жоғары әрі активтер портфелі әртараптандырылған санаулы ойыншылардың бірі. Портфелде дәстүрлі мұнай өндірісінен бастап Бразилия мен Нигериядағы терең судағы жобаларға дейінгі активтер бар.

Канадалық RBC Capital Markets банкінің аналитиктерінің пікірінше Shell өз саласындағы ең тұрақты компания — бәсекелестері арасында нағыз «қамал» саналады. 31 шілдедегі есебінде банк Shell акцияларына «нарықтан жоғары» деген ұсынымын сақтап, мақсатты бағаны 34 фунт стерлинг деп белгілеген. Бұл көрсеткіш 28 тамыздағы жабылу бағасынан 25,2%-ға жоғары.

RBC өз болжамында Shell компаниясы 2026 жылы $14 млрд көлемінде акцияларын кері сатып алады деп күтіп отыр. Аналитиктердің айтуынша егер акция бағасына қысым сақталса, нарықтағы акциялар санын жедел қысқарту болашақта дивидендтер өсуінің катализаторына айналуы мүмкін.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары