Snack Wrap қайта оралуы McDonald's сатылымын арттырды. Алда не болмақ?

McDonald’s үшінші тоқсанда сатылым көлемін сарапшылар күткеннен тезірек арттыра алды: оған мәзірге қайта қосылған арзан өнімдер, соның ішінде Snack Wrap, ықпал етті. Сонымен қатар, әлемдік сатылым өсімі АҚШ-тағы көрсеткіштен жоғары болды. Компания төмен табысты тұтынушылар трафигі соңғы екі жылға жуық уақыттан бері азайып келе жатқанын мойындап, оларға түсетін қаржылық қысым кемінде 2026 жылға дейін сақталады деп ескертті.
Егжей-тегжейлі
MarketWatch түсіндіруінше, McDonald’s-тың үшінші тоқсандағы сатылымы Уолл-стрит күткеннен жоғары болып, компанияның үнемшіл клиенттерді тарту әрекеттерінің нәтижесін көрсетті және тоқырау кезеңінен шығуға көмектесті. CNBC келтірген StreetAccount дерегінше, желінің салыстырмалы сатылымы 3,6% өсіп, өткен жылғы 1,5%-дық төмендеуді еңсерді және Уолл-стрит болжамына жақын болды. АҚШ-та өсім 2,4% құрады (өткен тоқсанда — 2,5%, ал болжам — 1,9%). Компания мұндай нәтижені келушілер санының емес, орташа чек мөлшерінің артуымен түсіндірді — тұтынушылар McDonald’s тағамдарына көбірек төлеуге дайын, тіпті жылдам тамақ желілері арасындағы баға бәсекесі жалғасып жатса да.
McDonald’s үнемшіл клиенттерді тарту мақсатында тоғыз жыл үзілістен кейін Snack Wraps өнімін мәзірге қайта қосты. Бағасы $2,99 болатын бұл тағам өткен тоқсанда ең табысты өнімдердің біріне айналды — оны әр бесінші сатып алушы таңдаған, деп мәлімдеді қаржы директоры Иэн Борден.
АҚШ-тан тыс нарықтарда компания салыстырмалы сатылымды 4,3% арттырды.
Үшінші тоқсанда таза пайда $2,28 млрд (немесе бір акцияға шаққанда $3,18) болды. Өткен жылы бұл көрсеткіш $2,26 млрд (немесе $3,13 акцияға) болған. Қайта құрылымдау және басқа да шығындарды қоспағанда, түзетілген пайда $3,22 акцияға жетті, бірақ аналитиктердің $3,33 болжамынан төмен. CNBC дерегінше, пайданың төмендеуіне жоғары салық мөлшерлемесі әсер еткен. Компанияның табысы 3% өсіп, $7,08 млрд-қа жетті (болжам — $7,1 млрд).
Қандай қауіп бар?
Соңғы бір жылдан астам уақыт бойы McDonald’s әдетте тұтынушылардың қаржылық жағдайының индикаторы саналатын компания табысы төмен клиенттердің тамаққа жұмсайтын шығындары қысқарып жатқанын ескертіп келеді. Бұл үрдіс үшінші тоқсанда да жалғасты, деп жазды CNBC.
«Біз тұтынушылар базасының екіге бөлінгенін байқаймыз: табысы төмен клиенттердің фастфуд мейрамханаларына баруы үшінші тоқсанда дерлік екі таңбалы деңгейде азайды — бұл соңғы екі жыл бойы жалғасып келе жатқан тренд. Ал жоғары табысы бар клиенттердің келушілігі керісінше, дерлік екі таңбалы өсім көрсетті», — деді бас директор Крис Кемпчински.
Оның айтуынша, тұтынушылардың қаржылық қысымы кемінде 2026 жылға дейін сақталады. Quartz басылымы атап өткендей, бұл жағдайда желі макроэкономикалық факторларға әсер ете алмайды: жоғары табысы бар америкалықтар еркін жұмсай берсе, жылдық табысы $50 000 және одан төмен отбасылар тіпті арзан McDouble бургері сияқты өнімдерді сирек сатып алуға мәжбүр.
Акция ахуалы
5 қарашадағы саудада McDonald’s акциясы 2% күрт өсті. Жыл басынан бері олардың құны шамамен 5,3% артты, ал сол кезеңде S&P 500 индексі 15% өсті.
Уолл-стрит сарапшылары компанияның болашағына сақ қарайды: MarketWatch дерегінше, 40 сарапшының 18-і ғана акцияны сатып алуға кеңес берді, бейтарап позицияда («ұстап тұру») — 20, ал сатуға — 2 сарапшы кеңес берді. Орташа мақсатты баға котировканың 10% өсу әлеуетін көрсетеді.
Bloomberg атап өткендей, тұтыну секторының акцисы биыл жалпы нарықтан айтарлықтай артта қалды — бұл америкалық отбасылардың қаржылық қысымын көрсетеді. Еңбек нарығының қарқыны бәсеңдеп, көптеген компаниялар қызметкерлерін қысқартып жатыр, ал президент Дональд Трамп енгізген кедендік баж салығы азық-түлік, киім және электроника бағасын жоғары деңгейде ұстап отыр.
«Егер ЖИ-ға салынған инвестициялар болмағанда, еңбек нарығының баяулауы мен тұтынушылардың әлсіреу белгілері аясында инвесторлар арасында әлдеқайда көп алаңдаушылық туар еді», — деді JonesTrading Institutional Services компаниясының бас нарық стратегі Майкл О’Рурк, деп жазды Bloomberg.








