БастыЖаңалықтар
Бөлісу

McDonald’s «Монополияны» қайта енгізді. Ойын сатылымды арттыра ма?

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
McDonald’s «Монополияны» қайта енгізді. Ойын сатылымды арттыра ма?

McDonald’s мейрамхана желісі 6 қазанда АҚШ-та танымал «Монополия» науқанын қайта енгізді. Енді келушілер тамақ сатып алу арқылы тегін тіскебасардан бастап бір миллион долларға дейінгі сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне ие. Сарапшылардың пікірінше, науқан саладағы жалпы баяулауға қарамастан, McDonald’s сатылымын қолдауға көмектесуі мүмкін. Jefferies инвесткомпаниясы науқан туралы мәлімдемеден соң McDonald’s акциясына қатысты позитивті көзқарасымен 20%-ға жуық өсім күтеді.

Егжей-тегжейлі

АҚШ-тағы McDonald’s мейрамханасына 2016 жылдан бері алғаш рет әйгілі «Монополия» науқаны қайта оралды. Алғаш рет 1987 жылы іске қосылған бұл науқан ұзақ уақыт бойы желінің ең тиімді маркетингтік құралының бірі болған, деп жазады Yahoo Finance. Науқан аясында McDonald’s сатып алу жасаған клиенттерге «Монополия» ойын карталарын таратады: кей карталарды бірден сыйлыққа айырбастауға, ал басқаларын белгілі бір комбинация түрінде жинап, бағалы жүлделер ұтысына қатысуға болады.

MarketWatch жазғандай, ойынды қайта іске қосу туралы шешім компанияның соңғы кездегі қиындықтарына байланысты қабылданды. Соңғы жылдары фастфуд тұтынушылары бағаның өсуіне жиі шағымданған. Бұған жауап ретінде компания $5 және $8 тұратын тиімді комбо-жинақтар ұсынды. Алайда басылым атап өткендей, «Монополия» — бұл үнемдеу емес, брендке деген қызығушылықты қайта оятып, аудиторияның сүйікті форматымен байланысты эмоция мен ажиотаж тудыратын акция.

Сарапшылар пікірі

MarketWatch жазғандай, Уолл-стриттегі сарапшылардың басым бөлігі бұл науқанның перспективасына оң көзқараспен қарайды.

«Ностальгия өз жемісін беріп жатыр», — дейді KeyBanc Capital Markets сарапшысы Эрик Гонсалес.

Bank of America сарапшысы Сара Сенаторе былай деп қосты: «Мұндағы басты мақсат — назар аударту. Адамдарды мейрамханаға келтіруге итермелейтін нәрселер әрдайым жеңілдіктермен байланысты бола бермейді». Ол 2025 жылдың басында McDonald’s Minecraft тақырыбындағы мәзірлер сериясын шығарған кампанияны еске салды — ол кезде бұл тәсіл жақсы нәтиже берген.

«Менің ойымша, бұл науқан сатылымды шынымен қолдайды», — дейді Kalinowski Equity Research компаниясының сарапшысы Марк Калиновски. Ресторан индустриясын көп жылдан бері бақылап жүрген ол, АҚШ-тағы McDonald’s желісінің салыстырмалы сатылымы төртінші тоқсанда 4% өседі деп күтеді. Бұл — 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы 3,6%-дық төмендеумен салыстырғанда айқын контраст.

Jefferies сарапшысы Энди Бариш клиенттерге арналған жазбасында: «“Монополия” ойыны АҚШ-та он жыл үзілістен кейін қайта оралады және, біздің ойымызша, тұтынушылар жылы қабылдайды», — деп жазды. Yahoo Finance келтіргендей, Бариштің пікірінше, науқан клиенттік трафиктің, McDonald’s қосымшасын жүктеу санының және адалдық бағдарламасына тіркелушілердің артуына ықпал етуі мүмкін, әсіресе фастфудқа сұраныс тұрақсыз болып тұрған кезеңде. Jefferies атап өткендей, «Монополияның» қайта оралуы Extra Value Meals бағдарламасының ілгерілеуімен тұспа-тұс келді — бұл жаңа комбо-жинақтар Big Mac пен McCrispy сияқты танымал өнімдердің бағасын жеке сатып алумен салыстырғанда шамамен 15% төмендетеді.

Науқан жарияланғаннан кейін Jefferies McDonald’s акциясына қатысты оң болжамын сақтап, бағасы 20% өсіп, $360-ға жетеді деп күтеді және “сатып алуға кеңес берді”. Инвестбанк АҚШ-тағы McDonald’s-тың үшінші тоқсандағы салыстырмалы сатылым болжамын 3%-дан 2,5%-ға дейін төмендетті, себебі, қыркүйекте танымал мәзірлерге жасалған жеңілдіктер мен баға түзетулері әсер еткен. Дегенмен, сарапшылар төртінші тоқсанда сатылым динамикасы жақсарады деп күтіп отыр. «Біз клиенттік трафиктің біртіндеп өсуін және төртінші тоқсанда орташа чектің төмендеуін толық өтейтін деңгейге жететінін күтеміз. Бұл Extra Value Meals бағдарламасы туралы хабардарлықтың артуымен және мәзірдегі басқа қолжетімді ұсыныстармен үйлеседі», — деді Бариш.

Дүйсенбідегі саудада McDonald’s акциясы 1,6% арзандап, $296,2 деңгейіне түсті.

«Монополияның» әсері

Сарапшылар «Монополия» әсері тек қысқа мерзіммен шектелмейді деп есептейді, деп жазады MarketWatch. Ұтысқа қатысу үшін McDonald’s мобильді қосымшасын пайдалану қажет, бұл өз кезегінде тағы да көп клиенттің компанияның цифрлық платформасымен танысуына мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді перспективада McDonald’s үшін жаңа маркетингтік мүмкіндіктер ашады: компания науқан аяқталғаннан кейін де пайдаланушылармен байланыста бола алады. Сонымен қатар, қосымшаны белсенді қолдану кассалардағы жүктемені азайтып, қызметкерлерге жұмсалатын шығынды қысқартуға мүмкіндік береді, дейді басылым сұхбат алған сарапшылар

«Монополияның» қаупі

McDonald’s «Монополия» ойынының маркетингіне $40 млн-ға дейін жұмсайды, деп жазады Yahoo Finance. Алайда, жоғары шығыннан бөлек, мұндай лотереялық науқандарда алаяқтық жолмен таралу қаупі басым болып келеді.

1990 мен 2000-жылдың басында «Монополия» үлкен даудың ортасында қалды: байқауды ұйымдастыруға жауапты қауіпсіздік қызметінің қызметкері Джером Джейкобсон ұтыс нәтижелерін қолдан жасап, бұрмалаған. Бірнеше жылға созылған бұл схема 50-ден астам адамның сотталуына әкеліп, HBO түсірген McMillions деректі сериалының негізіне айналды. Дау McDonald’s беделіне айтарлықтай залал келтіріп, компания науқанды АҚШ-тан тыс елдерге көшіруге мәжбүр етті — қазір сол тыс аймақтарда әлі танымал.

Қазір McDonald’s қауіпсіздікке баса назар аударып отырғанын айтады: жаңартылған ойында арнайы қорғаныс шаралары мен хаттамалар енгізілген. Дегенмен, компания науқанның сатылымға нақты қаншалықты әсер етуі мүмкін екенін түсіндіруден бас тартты, деп жазады MarketWatch.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары