Krispy Kreme акциялары құлдырады: компания McDonald’s-пен серіктестікті қайта қарауда

McDonald’s келушілері Krispy Kreme пончиктеріне тез қызығушылықтарын жоғалтты, деп атап өтті компанияның бас директоры.
8 мамырда сауда барысында пончиктер желісі – Krispy Kreme компаниясының акциялары 30%-ға төмендеп, тарихи минимумға жетті. Инвесторлардың наразылығына бірнеше себеп болды: компания McDonald’s-пен әріптестікті кеңейту процесін тоқтатты, 2025 жылға арналған пайда болжамын қайтарып алды және тоқсан сайынғы дивидендтерді төлеуді тоқтататынын жариялады. Тағы бір көңіл қалдырған жайт – өткен тоқсандағы қаржылық нәтижелер, өйткені табыс Wall Street сарапшылары күткендей болмады.
Егжей-тегжейі
Krispy Kreme акциялары 8 мамырдағы саудада бірден 30%-ға құлдырап, бір қағаз үшін $3 деңгейіне дейін түсті. Бұл – биржадағы бүкіл уақыттағы ең төмен баға. Осы құлдыраудан кейін компанияның нарықтық құны жыл басынан бері 68,5%-ға, ал соңғы 12 айда 75,5%-ға азайып отыр.
Пончик өндіруші компания бейсенбі күні McDonald’s-пен серіктестікті осы тоқсанда кеңейту уақытша тоқтатылатынын хабарлады. Бұған себеп – әлсіз макроэкономикалық жағдай мен бірлескен жобаның төңірегіндегі белгісіздік.
Компанияның бас директоры Джош Чарлсворт Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында:
«McDonald’s-пен серіктестікті кеңейтуді уақытша тоқтату бізге маркетингті оңтайландыруға және операциялық үдерістерді жеңілдетуге мүмкіндік береді», – деді. Ол сондай-ақ: «Кейбір өңірлерде жоба іске қосылған соң, сұраныстың жылдам төмендегенін байқадық. Бұл брендті танымал ету бағытында бірлесе жұмыс істеу қажеттігін көрсетеді», – деп атап өтті.
2026 жылға қарай Krispy Kreme пончиктері бүкіл АҚШ бойынша 12 мың McDonald’s мейрамханасында сатылуы тиіс еді, деп нақтылайды Bloomberg.
Наурыз айының соңына қарай Krispy Kreme өнімдері АҚШ-тағы 2,4 мың McDonald’s мейрамханасына жеткізіліп үлгерген болатын.
Сонымен қатар, компания басқа да бөлшек сауда желілерімен серіктестігін дамытып жатыр, деп қосты бас директор. Олардың қатарында Walmart пен Costco да бар. Атап айтқанда, Krispy Kreme өнімдері Walmart-қа тиесілі Sam’s Club дүкендерінде пайда болды.
Компания тағы не хабарлады?
Krispy Kreme компаниясы жылдық пайда жөніндегі болжамын қайтарып алды, бұған себеп ретінде экономиканың баяулауы мен McDonald's-пен серіктестіктің болашағына қатысты белгісіздікті атады.
Сонымен қатар, компания тоқсан сайынғы дивиденд төлеуді тоқтататынын жариялады. Бұл қаражат енді қарыз жүктемесін азайтуға және өсімді қамтамасыз ететін стратегияларды жүзеге асыруға жұмсалмақ.
Компанияның бас директоры, дивиденд төлеу 2021 жылы биржаға қайта шыққан сәттен бері жалғасып келгенімен, оны тоқтату шешімі бұрыннан бері талқыланып жүргенін айтты.
Оның айтуынша: «Біз өсім мүмкіндіктеріне назар аударғымыз келеді, ал бұл шешім бізге барынша қаржылық икемділік береді». Bloomberg деректеріне сәйкес, дивиденд төлеуді тоқтату Krispy Kreme компаниясына тоқсанына шамамен 6 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бірінші тоқсан қорытындысы: Krispy Kreme қаржылық жағдайы нашарлап барады
Krispy Kreme компаниясы 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы қаржылық көрсеткіштерін жариялап, өнім сатудан түскен табыс өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендеп, 375,2 млн $ болғанын мәлімдеді.
MarketWatch порталы FactSet деректеріне сүйене отырып, сарапшылар бұл көрсеткіш 383,4 млн $ болады деп күткенін айтады.
Сонымен қатар:
• Таза шығын 4 есеге жуық өсіп, былтырғы 8,5 млн доллармен салыстырғанда 33,3 млн $ жетті.
• Еркін ақша ағыны да теріс мәнде болды — минус 46,7 млн $.
Екінші тоқсанға Krispy Kreme $370–385 млн аралығында табыс күтуде. Бірақ сарапшылар болжамы бұдан жоғары — $395,9 млн, деп жазады MarketWatch. Компания сондай-ақ АҚШ-тағы шығынға батып жатқан сауда нүктелерінің 10%-ын жабуы мүмкін екенін айтты. Қазіргі уақытта АҚШ-та Krispy Kreme-нің 9644 кафе-точкасы бар. Бұл – компанияның барлық нысандарының 62%-ын құрайды.
Аналитиктер не деді?
Truist Securities компаниясының аналитигі Билл Чаппелл жағдайға байланысты былай деді:
«Бәрі мұншалық тез құлайды деп күтпедік — бұл шок!»
Ол Krispy Kreme акцияларының рейтингін бұрынғы «сатып алу» кеңесінен «ұстап тұру» деңгейіне дейін төмендетті, деп хабарлайды Bloomberg.
Citigroup сарапшысы Джон Тауэр болса, дивидендтердің тоқтатылуын «жақсы белгі емес» деп атады.
Оның айтуынша, McDonald’s-пен серіктестік «кедергіге тап болды», ал Krispy Kreme осы тұста әлсіз көрінеді, өйткені табыс пен пайда айтарлықтай төмендеп кетті.








