БастыЖаңалықтар
Бөлісу

McDonald’s-та Snack Wrap қайта оралды: Сарапшылар неге болжамдарын көтеріп жатыр?

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
McDonald’s-та Snack Wrap қайта оралды: Сарапшылар неге болжамдарын көтеріп жатыр?

Уолл-стрит сарапшыларының айтуынша, McDonald’s мәзіріне танымал Snack Wrap роллының қайта оралуы компанияның сатылымына оң әсер ете бастаған.

Бұл тауық етімен жасалатын тағам KFC-дің твистеріне ұқсайды. Ол 2016 жылы мәзірден алынып тасталған болатын. Алайда 10 шілдеде компания оны қайта енгізді. Мұндағы мақсат — сатылымы төмендеп жатқан кезде табысы төмен тұтынушыларды тарту.

Сарапшылар бұл роллға деген қызығушылық үшінші тоқсанда табыстың артуына көмектесіп, акция бағасын қолдайды деп күтеді. Себебі жыл басынан бері McDonald’s акциялары нарықтан артта қалып келеді.

Уолл-стрит не дейді?

— Wells Fargo сарапшысы Закари Фэйдем 17 шілдеде McDonald’s акцияларына «артық салмақ» (Overweight) рейтингін растады. Бұл — сатып алуға кеңес беруді білдіреді. Ол мақсатты бағаны $350 деңгейінде қалдырды. Бұл соңғы жабылу бағасынан 17%-ға жоғары.

Фэйдем компания акцияларын 6 тамызда жарияланатын екінші тоқсан есебі алдында ең жақсы таңдаулардың бірі деп атады.

«Сәуірден бері McDonald’s акциялары S&P 500 индексінен 19 пайыздық пунктке қалып келеді. Бірақ біз екінші тоқсанда сатылымның алғашқы тоқсанмен салыстырғанда шамамен 5 пайыздық пунктке жеделдеп, оң көрсеткішке шығуын күтеміз. Есеп Snack Wrap сатылымының арқасында оптимистік пікірлерге ие», — деді ол CNBC-ге жолдаған жазбасында.

Сарапшы алдағы уақытта жаңалықтарды енгізу қарқыны артады деп санайды. Халықаралық нарықтар мен валюта бағамы да акцияға шаққандағы табыстың өсуіне ықпал етуі тиіс.

— Truist Securities те McDonald’s акцияларының мақсатты бағасын $356-ға көтерді. Бұл туралы Investing.com хабарлады. Рейтинг «сатып алу» күйінде қалды. Инвестбанк сарапшысы тауық еті қосылған роллдар сатылымы бір апта ішінде айтарлықтай артқанын айтты. Енді үшінші тоқсандағы сатылым 3%-ға өседі деп болжайды.

— Goldman Sachs сарапшысы Кристин Чо өткен аптада McDonald’s акцияларының рейтингін «бейтараптан» «сатып алуға» көтерді. Ол мақсатты бағаны $345 деңгейінде қалдырды, бұл қазіргі бағадан 15%-ға жоғары.

Оның айтуынша, Snack Wrap мәзірге оралу арқылы McDonald’s нарықтағы позициясын нығайтады. Чо секторда баға бәсекесінің күшеюі сатылым өсіміне қысым жасайтынын мойындады. Бірақ McDonald’s жаңа өнімдері арқылы ұзақ мерзімде бәсекелестерінен озады деп сенеді.

Ол басқа компаниялардың табысы азайып жатқан тұста McDonald’s сатылымын арттыра алғанын ерекше атап өтті.

— Evercore ISI сарапшысы Дэвид Палмер де Snack Wrap-тың қайта оралуы үшінші тоқсанның сәтті басталуына себеп болды деп санайды. Оның бағалауы бойынша, қазір АҚШ-та McDonald’s мейрамханаларындағы салыстырмалы сатылым шамамен 7%-ға өскен. Бірақ ол тоқсан соңына қарай бұл көрсеткіштің 3%-ға дейін баяулауын күтіп отыр.

Палмер: «Компания табыстың сәтті формуласын тапты. Тұтынушылар тауық роллын қайтаруды бұрыннан сұрап келген. Оның бағасы да қолжетімді — бар болғаны $2,99. Бұл ақуызға бай тағамдар трендіне сай келеді», — деді.

— Wolfe Research Snack Wrap-қа деген сұраныстың нақты екенін атап өтті. Әлеуметтік желілерде кейбір мейрамханаларда ролл тез таусылып жатқаны жазылып жатыр. Сондай-ақ тұтынушылар ағынының өскені байқалады.

Аналитик Грег Бадишканиан: «Біздіңше, Snack Wrap төңірегіндегі қарбалас брендке деген қызығушылықты арттырды. Бұл McDonald’s үшін үшінші тоқсанды жақсы бастауға мүмкіндік берді», — деді.

— Barclays те арзан снэктің қайта оралуы тұтынушылар ағынын көбейтеді деп есептейді. Инвестбанк сарапшысы Джеффри Бернштейн McDonald’s-ты жылдам қызмет көрсететін мейрамханалар арасындағы ең таңдаулысы деп атады.

Акциялар бағасы не болып жатыр?

Инвесторлардың McDonald’s акцияларына қатысты аса үлкен қуанышы білінбейді. Snack Wrap қайта оралады деп жарияланған күннен бері акциялар 4%-ға төмендеді. Бірақ 10 шілдеде ролл мәзірге енгеннен кейін сәл өсті.

17 шілдедегі сауда қорытындысы бойынша акция бағасы 0,5%-ға өсіп, $300,4 деңгейіне жетті. Жыл басынан бері McDonald’s нарықтық құны 3,6%-ға артты.

Салыстырмалы түрде айтсақ, АҚШ-тың негізгі индексі S&P 500 осы кезеңде 7%-дан аса өсті.

Уолл-стрит сарапшыларының орташа мақсатты бағасы — $328,6. Бұл қазіргі жабылу бағасынан 10%-ға жоғары.

McDonald’s акцияларына рейтинг берген 38 сарапшының 19-ы бейтарап көзқарас ұстанып, «ұстау» (Hold) деген кеңес береді. Тағы 17-сі «сатып алуға» кеңес береді (Buy және Overweight). Екі сарапшы ғана акцияларды сатуға шығару керек деп отыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары