McDonald’s рейтингі көтерілді: Goldman сатып алуға кеңес береді

Goldman Sachs McDonald’s компаниясының акцияларына берілетін бағасын көтеріп, оларды сатып алуға кеңес берді. Бұл шешімге мәзірдегі табысты жаңартулар мен компанияның маркетингке баса мән беруі себеп болды. Инвестбанк сарапшыларының пікірінше, жаңа өнімдер сатып алушыларды тартып, сату қарқыны бәсеңдеген жағдайда да табысты арттыруға көмектеседі. Мұндай бәсеңдеу тұтынушылардың үнемдеуге ұмтылуынан туындап отыр.
Егжей-тегжейі
Goldman Sachs сарапшы Кристин Чо McDonald’s акцияларының рейтингін «ұстау» (Hold) деңгейінен «сатып алу» (Buy) деңгейіне көтеріп, олардың мақсатты бағасын 345 доллар деп қалдырды, деп хабарлады MarketWatch. Бұл көрсеткіш қазіргі бағадан шамамен 15%-ға жоғары.
Goldman Sachs шешімінің негізгі себебі – халықтың төлем қабілеті төмендеп жатқан тұста McDonald’s-тың нарықтағы берік позициясын сақтап қалуы. Сарапшының айтуынша, бағаға сезімтал тұтынушылар қолжетімді мәзір мен жаңа өнімдерге қызығушылық танытуда. Ол атап өткен өнімдердің ішінде мәзірге қайта қосылған Snack Wrap тауық ролі, мамырда пайда болған McCrispy стрипстері, қаңтарда іске қосылған McValue платформасы және соған енгізілген Daily Double бургері бар.
Фастфуд саласындағы көптеген компания сатылымның баяулауы немесе құлдырауымен бетпе-бет келсе, McDonald’s жыл сайынғы өсімін 4–5% деңгейінде ұстап отыр, дейді сарапшы. Компанияның жаһандық ауқымы мен маркетингтік ресурстары да оған қолдау болып отыр, деп жазады Trading View Goldman-ның бағалауына сілтеме жасап.
Инвестбанктың пікірінше, инновацияға басымдық беру және мәзірді жаңарту тек бар клиенттерді сақтап қана қоймай, жаңа тұтынушылар ағынын қамтамасыз етеді. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, McDonald’s бәсекелестерінің нарықтағы үлесін қайта тартып алып жатыр. Бұл өз кезегінде салыстырмалы сатылым өсімінің баяулау үрдісін өзгертуі мүмкін.
McDonald’s акцияларына сенім артқан өзге сарапшылар не дейді?
9 шілдеде инвестбанк Citi McDonald’s акцияларының мақсатты бағасын 364 доллардан 365 долларға көтеріп, сатып алу туралы ұсынысын растады. Банк жылдың екінші жартысында АҚШ-тағы желі бойынша салыстырмалы сатылым 2% немесе одан жоғары өседі деп болжайды, бұл компанияны инвестиция үшін тартымды етеді.
Investing.com ресурсының жазуынша, McDonald’s тұрақты дивиденд саясатын сақтап отыр: табыстылық 2,43%, ал дивидендтер жыл сайын 49 жыл қатарынан өсіп келеді. Citi бағалауынша, компания өнімдерді жаңартуды жалғастырады және танымал брендтермен әріптестік орнату арқылы маркетингтік мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл тұтынушыларды тиімді ұсыныстармен тартуға жол ашады.
Сонымен қатар, Truist Securities McDonald’s акцияларының мақсатты бағасын 350 доллардан 356 долларға көтеріп, «сатып алу» рейтингін сақтап қалды. Бұл болжам Snack Wrap өнімінің мәзірге оралуымен байланысты.
Алайда маусым айында бірнеше төмендетілген рейтингтен кейін Уолл-стриттегі көзқарас сақтыққа бет бұрды: MarketWatch мәліметінше, қазіргі таңда 19 сарапшы акцияны ұстап тұруға кеңес береді (Hold), ал 17-сі сатып алуға (Buy, OverWeight) шақырады. Сатуға кеңес бергендер саны – бір ғана сарапшы. Бұл сарапшылардың орташа мақсатты бағасы 10 шілдедегі жабылу бағасынан 11%-ға жоғары.
Акциялар не болып жатыр?
Goldman рейтингін көтерген кезде McDonald’s акцияларының 2025 жылғы динамикасы жалпы әлсіз болды. Фастфуд алыбының акциялары осы кезеңде 4,3%-ға өсті, бұл Dow Jones индексінен (+5,1%) және S&P 500 индексінен (+6,5%) төмен. Дегенмен бұл көрсеткіш мейрамханалар секторына арналған ETF-тен (+3,4%) сәл жоғары.
Goldman-ның оң бағасынан кейін McDonald’s акциялары 10 шілдеде 2,5%-ға қымбаттап, 11 шілдедегі сауда ашылуында тағы 0,9%-ға өсті.








