БастыSmall Caps
Бөлісу

Sotheby's International Realty иесінің акциялары үш жылдағы рекордты жаңартты

Мария Дранишникова

Мария Дранишникова

Oninvest тілшісі
Sothebys International Realty иесінің акциялары үш жылдағы рекордты жаңартты

Акция бағалары

Sotheby's International Realty және Century 21 брендтері тиесілі Anywhere Real Estate компаниясының акциялары 22 қыркүйекте шамамен 46%-ға қымбаттап, 2022 жылдың ортасынан бергі ең жоғары деңгейіне жетті. Инвесторларға компанияның бәсекелесімен бірігетіні туралы жаңалық әсер етті. Бұл келісім АҚШ-тағы брокерлік нарық тарихындағы ең ірі мәмілелердің бірі болмақ деп жазады The Wall Street Journal.

Егжей-тегжейі

22 қыркүйек, дүйсенбі күні Anywhere Real Estate акциялары 46%-ға дейін өсіп, $10,29-ға жетті. Бұл 2022 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. 23 қыркүйектегі таңертеңгі саудада акция бағасы тағы 1% шамасында өсті.

Сол күні компания Compass жылжымайтын мүлік брокерімен бірігетінін хабарлады. Мәміле акциялармен алмасу арқылы өтеді. Бұл үшін Anywhere қағаздары $13 деп бағаланды. Бұл 19 қыркүйектегі бағадан 84%-ға қымбат.

Бірігу нәтижесінде құны шамамен $10 млрд болатын жаңа компания құрылады (оның ішінде қарыз да бар). Compass иелері жаңа құрылымның 78%-ына, Anywhere акционерлері 22%-ына ие болады.

Мәмілені екі компанияның директорлар кеңесі мақұлдады. Оны 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарланған. Бірақ алдымен акционерлер мен реттеушілер келісім беруі тиіс.

Мәміленің мәні неде?

Егер жүзеге асса, бұл келісім брокерлік нарық тарихындағы ең ірі бірігулердің бірі болады, деп жазады The Wall Street Journal. RealTrends деректері бойынша 2024 жылы Compass пен Anywhere агент саны жағынан бірінші және екінші орын алған.

Бірігу нәтижесінде шамамен 120 ел мен аумақта қызмет көрсететін ірі технологиялық платформа пайда болады. Compass халықаралық нарықтарға шығып, қызметін кеңейтеді: меншік құқығын сақтандыру, эскроу және көшуге байланысты қызметтер қосылады. Бұл компанияға қосымша $1 млрд табыс әкеледі делінген хабарламада. 2024 жылы Compass табысы 14,8%-ға өсіп, $5,6 млрд болған.

Бірақ Compass инвесторларын бұл жаңалық қуантпады. Оның акция бағасы 22 қыркүйекте 15,7%-ға құлап, $7,92-ға түсті. Дегенмен 23 қыркүйек таңында 1,2%-ға қайта өсті.

Инвесторлардың құқығын қорғаумен айналысатын Halper Sadeh заң фирмасы келісім шарттарының Compass акционерлеріне әділдігін тексеретінін мәлімдеді.

Контекст

Бұл бірігу жылжымайтын мүлік саласының соңғы жылдардағы қиын кезеңінде жүріп жатыр, деп жазады WSJ. 2022 жылғы ипотека мөлшерлемесінің өсуінен кейін үй сату күрт азайып, төмен деңгейде қалып отыр. Екінші нарықтағы жағдай тіпті соңғы ондаған жылдағы ең әлсіз көрсеткіштердің бірі. Осы себептен көптеген шағын брокерлер бизнесті ірі ойыншыларға сатып жіберді.

Тағы бір үрдіс – компаниялардың кешенді қызмет көрсету орталығына айналуға ұмтылуы. Мысалы, ипотекалық несие беруші Rocket биыл Redfin брокерін сатып алды және Mr. Cooper Group ипотекалық сервисін алу жоспарын жариялады.

Алайда Compass пен Anywhere біріктірілген күннің өзінде жаңа компания елдегі тұрғын үй сатылымының төрттен бірінен азын ғана қамтиды. Себебі брокерлік нарық өте бытыраңқы, деп жазады WSJ.

Акциялар жағдайы

Anywhere акциялары жыл басынан бері 212%-ға өсті. Wall Street сарапшылары оларға екі «ұстай тұру» және бір «сату» бағасын берген (MarketWatch дерегі).

Compass қағаздары 1 қаңтардан бері 35,4%-ға қымбаттады. Сарапшылардың пікірі екіге бөлінген: төртеуі «сатып алу» десе, қалған төртеуі «ұстап тұруды» ұсынады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары