БастыSmall Caps
Бөлісу

STAAR линза-имплант өндірушісінің акциялары 46%-ға өсті

Мария Дранишникова

Мария Дранишникова

Oninvest тілшісі
STAAR линза-имплант өндірушісінің акциялары 46%-ға өсті

STAAR Surgical — шағын капитализациясы бар, имплантталатын линзалар өндірушісі. Оның акциялары 5 тамызда 46%-дан астамға қымбаттады. Компанияны нарықтық бағадан жоғары бағада швейцариялық Alcon сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл — офтальмология саласындағы әлемдік көшбасшы. Noble Capital Markets арапшыларының айтуынша, бұл мәміле Alcon-ға көруді түзетуге арналған шешімдер портфелін кеңейтуге мүмкіндік береді. Өйткені лазерлік хирургияға балама әдістерге сұраныс өсіп келеді.

Егжей-тегжейі

5 тамыз, сейсенбі күні STAAR акциялары 46%-ға өсіп, $27-ге жетті. Бұл — 2024 жылғы 2 желтоқсаннан бергі ең жоғары деңгей. Сол кезде компания акциялары $27,72 бағасымен жабылған болатын. Сауда қорытындысы бойынша STAAR капитализациясы $1,3 млрд болды.

Инвесторларды қуантқан басты жаңалық — швейцариялық Alcon компаниясының STAAR-ды сатып алуды жоспарлап отырғаны. Alcon өзін офтальмологиядағы әлемдік көшбасшы ретінде сипаттайды. Мәміле аясында STAAR шамамен $1,5 млрд немесе акциясына $28 бағамен бағаланған. Бұл 4 тамыздағы, яғни мәміле жарияланғанға дейінгі күнгі акция бағасынан 51%-ға жоғары. Ол күні акциялар $18,49 деңгейінде жабылған еді.

Хабарламада мәмілені 6–12 ай ішінде аяқтау жоспарланғаны айтылған. Оны екі компанияның директорлар кеңесі мақұлдады, енді реттеуші органдар мен акционерлердің келісімі қажет.

Мәміленің мәні неде

STAAR Surgical орташа және жоғары дәрежелі миопиясы бар пациенттерге арналған, аз инвазивті және қайтарымды көруді түзету әдісі ретінде қолданылатын имплантталатын линзалар шығарады. STAAR-ды сатып алу Alcon-ның лазерлік түзетуге арналған бизнесін толықтырады.

Брокер-дилер Noble сарапшылары әлем бойынша лазерлік хирургияға балама әдістерге сұраныс күрт артып келе жатқанын жазады. Зерттеулерге сәйкес, 2050 жылға қарай әлем халқының жартысы миопиямен ауырады, оның ішінде шамамен 500 млн адамда жоғары дәрежелі миопия болады. Мұндай пациенттерге көруді түзету қажет, бірақ бәріне бірдей лазерлік әдіс жарамайды.

STAAR директорлар кеңесінің төрағасы Элизабет Ю мәлімдемеде: «Мәміле акционерлерге компанияның ағымдағы стратегиясы аясында ала алатын пайдадан едәуір жоғары, дереу әрі кепілді пайда әкеледі» деп атап өтті.

Акциялар жағдайы

Биылғы жылдың басынан бері STAAR акциялары 11%-ға өсті, бірақ соңғы 12 айда олар шамамен 27%-ға төмендеді. MarketWatch мәліметтері бойынша, Уолл-стриттегі STAAR-ды бақылайтын он сарапшының көбі компания акцияларын сақтауды ұсынады. Тек бір ғана сарапшы сатып алуға кеңес берген. Акциялардың орташа мақсатты бағасы — $22, бұл қазіргі бағадан төмен.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары