Starbucks Қытайдағы сатылымды жандандыру үшін бағасын төмендетеді

Starbucks компаниясы жаз мезгілінде тұтынушыларды тарту үшін Қытайдағы кейбір шай негізіндегі салқын сусындарының бағасын төмендететінін хабарлады. Бұл компания үшін АҚШ-тан кейінгі екінші ең маңызды нарық. Бұған себеп — бәсекелестіктің күшеюі және қытайлық тұтынушылардың шығынға сақ қарауы, деп жазады Bloomberg.
Егжей-тегжейі
Дүйсенбі күні Starbucks Қытайда кофе қосылмаған салқын сусындардың бағасы орта есеппен 5 юаньға (0,7 $) арзандайтынын жариялады. Жаңа ең төменгі баға — 23 юань. Бұл жеңілдік фраппучино, салқын шай және шай латте сияқты 10-нан астам сусынға қатысты. Ақпарат Weixin әлеуметтік желісі арқылы таратылды.
Компания жазғы мезгілде кофе емес, балама сусындарға сұранысты арттыруды көздеп отыр. Өз парақшасында бұл бастаманы «Таңертең — кофе, түстен кейін — шай» деп сипаттаған.
Bloomberg атап өткендей, Starbucks үшін ресми арналар арқылы жеңілдіктер ұсыну — сирек құбылыс. Компания бұған дейін Қытайда өзін премиум бренд ретінде ұстап келген еді. Енді арзан бәсекелестердің көбеюі жағдайды өзгертуге мәжбүрлеп отыр.
Бұл нені білдіреді?
Starbucks үшін Қытай — АҚШ-тан кейінгі ең ірі нарық. 2025 қаржы жылының екінші тоқсанында (30 наурызда аяқталған) Қытайдағы табыс 739,7 млн $ болды. Бұл — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5% көп. Жалпы табыстың 8,4%-ы Қытай нарығына тиесілі. Елдегі Starbucks кофеханаларының саны — 7758.
Bloomberg мәліметінше, Қытайда түрлі тауарлар арасында болып жатқан баға соғысы (көлік, фастфуд және т.б.) инфляцияның орнына дефляцияға алып келіп отыр. Қазір Қытайда тұтынушылар экономикалық баяулау мен жұмыссыздық қаупіне алаңдап, үнемдеуге көшкен. Reuters жазуынша, адамдар бұрынғыдай еркін жұмсамайды.
Starbucks-қа бәсекелес болып отырған Luckin Coffee мен Cotti компаниялары сусындарын бар болғаны 8–10 юаньге сатады. Ал JD.com және Alibaba секілді интернет алыптары тамақ жеткізу қызметі арқылы кофені акциялар мен купондар арқылы 2,9 юаньге дейін түсіріп жатыр. Сондықтан шай бағытын дамыту — жергілікті брендтермен бәсекелесуде жақсы шешім болуы мүмкін.
Сонымен қатар, Starbucks-тың Қытайда шайға басымдық беруі АҚШ-тағы жаңа бас директор Брайан Никколдың стратегиясынан ерекшеленеді. Ол өз елінде мәзірді оңтайландырып, кофеге басымдық беріп отыр.
Reuters дереккөзіне сүйенсек, бағаның төмендеуі қатты бәсекеге жауап емес, керісінше, түстен кейін келетін клиенттерді тарту үшін жасалған. Бұған дейін компания баға жарысына қатыспаймыз дегенімен, аз көлемдегі сусындар мен жеңілдік купондарын енгізіп үлгерген.
Starbucks-тағы қиындықтар
2024 жылдың қыркүйегінде басшылыққа келген Брайан Никкол кофеханаларды жаңарту арқылы клиенттерге ыңғайлы етуге тырысып жатыр. Өйткені бағаның өсуі, ұзын-сонар кезектер мен Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты бойкоттар клиенттерді алыстата бастаған.
2025 жылдың екінші қаржылық тоқсанында компания сарапшылар болжамынан төмен табыс көрсетіп, таза пайдасы бір жыл ішінде 50%-ға қысқарды. Бұл — қатарынан бесінші тоқсандағы төмендеу.
Сарапшылар не дейді?
9 маусым, дүйсенбі күні сауда басталған соң Starbucks акциялары алғашында 0,5%-ға өсіп, кейін 0,3%-ға арзандады. Жыл басынан бері акциялар шамамен 2% құнсызданғанымен, кейінгі бір айда 4% өсім көрсеткен.
MarketWatch мәліметінше, компанияны бақылап отырған 35 сарапшының 18-і акцияны сақтауға кеңес береді (Hold), 15-і сатып алуға лайық дейді (Buy/Overweight), ал екеуі ғана сатуды ұсынады. Wall Street сарапшылары Starbucks акциясының бағасын шамамен 90 $ деп бағалап отыр. Бұл қазіргі бағаға жақын.








