Стейблкоин нарығының кеңеюі долларлық активтерге триллиондар тартуы мүмкін — JPMorgan

Әлем бойынша стейблкоиндардың (бағамы фиаттық валюталарға байланған криптовалюталар) танымал болуы доллардың рөлін күшейтіп, осы валютамен номинацияланған активтерге «триллиондар» ағынын тудыруы мүмкін, деп санайды JPMorgan.
Банктің бағалауынша қазіргі кезде стейблкоиндардың басым бөлігі дәл АҚШ долларына немесе онымен байланысты құралдарға байланған, бұл үрдіс дедолларизацияға қарама-қарсы бағытты көрсетеді.
Егжей-тегжейлі
«Стейблкоиндардың қолданылуының өсуі дедолларизация процесін жеделдетудің орнына, керісінше, доллардың ғаламдық қаржы жүйесіндегі ықпалын күшейтуі мүмкін», — деп жазды JPMorgan сарапшылары Bloomberg-ке берген түсіндірмесінде.
Банк стратегтерінің мәліметінше стейблкоиндардың шамамен 99%-ы қазір АҚШ долларына немесе долларлық активтерге 1:1 бағамымен байланған.
JPMorgan ішінде де нарықтың болашақ ауқымы туралы көзқарастар әртүрлі: дамушы нарықтар бойынша сарапшылар сұраныс $2 трлн-ға дейін жетуі мүмкін десе, пайыздық мөлшерлемелер бойынша аналитиктер неғұрлым сақ болжаммен $500 млрд деңгейін айтады, деп жазады Bloomberg.
Болжамның жоғарғы шегі орындалса, 2027 жылға қарай доллар активтеріне қосымша сұраныс шамамен $1,4 трлн болуы мүмкін. Бұл көрсеткіш доллармен жүргізілетін валюталық операциялардың күнделікті көлемі — $8,6 трлн (Халықаралық есеп айырысу банкінің деректері) — аясында үлкен болмаса да, маңызды көлем болып саналады.
Мағынасы неде
Стейблкоиндар — бұл банктік емес ұйымдар шығаратын, бірақ қазынашылық облигациялар және банктік резервтермен қамтамасыз етілген цифрлық валюталар.
Биткоин мен өзге де құбылмалы криптовалюталардан айырмашылығы, олар дәстүрлі валюталардың, ең алдымен АҚШ долларының, 1:1 қатынасына байланған, деп түсіндіреді Bloomberg.
Стейблкоин нарығының өсуі доллар сұранысының артуын білдіруі мүмкін, бірақ бұл сұраныстың қайдан келетініне байланысты. Егер ол АҚШ банктеріндегі депозиттер немесе ақша нарығы қорларынан қайта бөлінсе, доллар үшін әсер бейтарап болады. Ал егер сұраныс шетелдік компаниялар мен үй шаруашылықтарынан келсе, онда бұл қосымша доллар сатып алуларын тудырады, деп жазады агенттік.
JPMorgan деректеріне сай қазіргі уақытқа дейін стейблкоиндардың өсуі валюталық ағындарға айтарлықтай әсер еткен жоқ, бірақ соңғы екі жылда доллардың бағамы мен стейблкоиндардың жиынтық нарықтық капитализациясы арасында тығыз корреляция қалыптасты.
Болашаққа көзқарас
Егер биткоин (бұл аптада тарихи максимумға жеткен) мен доллар ұзақ мерзімді перспективада өсе берсе, бұл стейблкоин нарығының одан әрі кеңеюінің сигналына айналуы мүмкін, дейді JPMorgan.
«Қазіргі таңда стейблкоиндар долларға әлемдік қаржы жүйесінің өзге сегменттеріне қарағанда көбірек тәуелді — соның ішінде валюталық резервтер мен сауда есеп айырысуларына қарағанда.
Егер доллар мен биткоин арасындағы оң корреляция сақталып, екі актив те нығая берсе, бұл стейблкоин нарығының ауқымы жөніндегі ең жоғары болжамның орындалуына ең қолайлы жағдайды қалыптастырады», — деп қорытындылайды JPMorgan сарапшылары.








