Stifel Snapchat иесінің акциясын сатуға кеңес берді. TikTok-тың қандай қатысы бар?

Stifel сарапшылары Snapchat иесінің акциясын сатуға кеңес беріп, бағасы шамамен 19% төмендеуі мүмкін деп күтеді. Себебі, әлеуметтік желі аудиторияның қызығушылығын жоғалтып бара жатыр. Сарапшылардың айтуынша, компанияның басты драйвері — АҚШ-та қытайлық TikTok желісіне тыйым салынады деген үміт болған, бірақ енді ол жүзеге аспайтын сияқты. Stifel бұған қоса, Snap орнына Meta, Alphabet және Pinterest акциясына қарастыруға кеңес берді.
Егжей-тегжейлі
Stifel инвестбанкі Snapchat әлеуметтік желісінің иесі Snap компаниясының акциясы бойынша ұсынысын бейтараптан «сатуға» дейін төмендетті. Банк мұны ішкі тексерістер барысында анықталған тым көп негативті факторлармен түсіндірді. Сарапшылар мақсатты бағаны $8-дан $6,5-ға дейін төмендетті және акцияның шамамен 19% төмендеуін күтеді.
«Біздің деректерімізге сүйенсек, жалпы жағдай әлі де негативті. TikTok АҚШ нарығынан кетпейді деген сенім артқан сайын, бұл үрдіс жақын уақытта өзгереді деп ойламаймыз», — делінген CNBC келтірген Stifel есебінде.
Дегенмен, жұма күнгі саудада Snap акциясы Stifel берген теріс рейтингке қарамастан 1,2% қымбаттады.
Компания ахуалы
Stifel дерегінше, «соңғы тексерулер Snap компаниясының жарнама динамикасының бәсекелестермен салыстырғанда нашарлағанын көрсетеді».
Инвестбанк Солтүстік Америкадағы пайдаланушылар базасының өсуі мен жарнамалық кірістерге қатысты өз болжамдарын төмендетті, себебі компания нарық үлесін жоғалтуды жалғастырып отыр, деп жазды Investing.com.
Сонымен қатар, Stifel пікірінше, TikTok АҚШ-та өз қызметін жалғастыратынына инвесторлардың сенімі арта түсуі Snapchat платформасы үшін ықтимал позитивті драйверді алып тастайды. Сарапшылардың ойынша, мұндай драйвер — қытайлық әлеуметтік желіге блок қою ықтималдығы болған. АҚШ президенті Дональд Трамп 25 қыркүйекте TikTok видеосервисінің бір бөлігін сатуға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды. Осы келісім бойынша, компанияның АҚШ-тағы бизнесін америкалық ойыншылар мен Абу-Дабидегі MGX қоры бірігіп басқарады. Егер қытай тарапы мәмілені мақұлдаса, TikTok-қа тыйым салу мәселесі күн тәртібінен алынады.
Stifel-дің Snap туралы пікірі қыркүйектің басындағы Guggenheim бағалауымен үндес, ол кезде банк бейтарап рейтингті сақтап қалған. Guggenheim талдауына сәйкес, Snapchat Ads Manager арқылы аудиторияның қамтылуы үшінші тоқсанда ғаламдық деңгейде бар болғаны 2,3% өскен, ал екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 3,9% болған. Apptopia деректері бойынша, Snap қосымшасының жүктелулері әлем бойынша 12,6% құлдыраған, ал өткен тоқсандағы төмендеу 5,5% еді. Солтүстік Америкада жағдай тіпті күрделірек: үшінші тоқсанда Ads Manager аудиториясының қамтылуы жылдық мәнде 1,5% азайған, ал екінші тоқсандағы төмендеу 1,1% болған. Аймақ бойынша жүктелулер 29,8% құлдыраған.
MarketWatch дерегінше, Snap акциясын қадағалайтын 42 сарапшының 33-і бейтарап ұстанымды қалды. Сегіз инвестбанк қағазды сатып алуға, ал бесеуі сатуға кеңес берді. Уолл-стриттің консенсус бағасы — $9,2, бұл 23 қазан, бейсенбі күнгі жабылудан 15% жоғарыны құрайды.
Stifel Snap орнына сатып алуға не ұсынды?
Онлайн жарнама нарығы қалпына келіп жатқанымен, бұл өсімнен негізінен ірі компаниялар ұтып отыр, ал Snap қысым астында қалып, позициясын жоғалтып жатыр, делінген Investing.com келтірген Stifel есебінде. Инвестбанк атап өткендей, үшінші тоқсанда сандық жарнамадағы жалпы трендтер жақсарған — әсіресе тамыз бен қыркүйек айлары күшті болды, баж салығы мен макроэкономикалық белгісіздікке қарамастан. Stifel сарапшыларының пікірінше, онлайн жарнама арқылы табыс табатын технологиялық компаниялар төртінші тоқсанға сенімді болжамдар ұсынуы мүмкін, бірақ тым оптимистік күтулерге орын жоқ. АҚШ-та Жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі түрде сатып алу белсенділігі артады, алайда биыл сарапшылар адамдардың баға өсімі мен экономикалық белгісіздікке байланысты ақшаны ұқыпты жұмсауынан қауіптеніп отыр. Сондықтан компаниялар өз перспективасын оң бағалауы мүмкін, бірақ қатты асыра уәде бермейді.
Stifel фавориттердің қатарына Meta Platforms компаниясын атады — бұл Instagram-ның тұрақты өсімімен және 2026 жылға арналған капиталдық шығындардағы бақыланатын тәуекелдермен байланысты. Pinterest бойынша болжамдар да жақсарды: сарапшылар үшінші тоқсанда жақсы нәтижелер мен оң болжамды күтеді, оған пайдаланушылар санының артуы мен жарнама берушілердің белсенділігі әсер етеді. Alphabet-ке тиесілі YouTube үшін де оң тенденциялар аталды, бірақ іздеу көрсеткіштері әркелкі болған. Ал The Trade Desk компаниясынан үшінші тоқсанда нарық күткеннен жақсы нәтиже күтіледі, алайда Stifel ескертеді: егер компания бірнеше тоқсан қатарынан тұрақты бағалануды көрсете алмаса, акция өсімі қысқа мерзімді болуы мүмкін.








