БастыReview
Бөлісу

Шындықты жоспарлы салқындату: Экономикалық жаңа тілдің сөздігі

Ксения  Туркова

Ксения Туркова

Журналист
Шындықты жоспарлы салқындату: Экономикалық жаңа тілдің сөздігі

2025 жылы Ресейде ресми түрде техникалық құлдырау басталды — екі тоқсан қатарынан ІЖӨ төмендеді. Бірақ ресейлік шенеуніктер, бизнесмендер мен экономистер ел тұрғындарын қорқытпай, бұл туралы жұмсақ түрде айту жолын тапты. Олар бұл жағдайды «жоспарлы», «жартылай», «техникалық», «басқарылатын» деп атап, немесе басқа сыпайы сөздермен ауыстырып, экономикалық жаңа тілге жаңа сөздер қосты. Осы құбылыс пен оның ресейлік ақпарат кеңістігінің тірегіне айналғаны туралы Oninvest сайтына журналист, филология ғылымдарының кандидаты Ксения Туркова айтып берді.

Құлдырауды жасыру тәсілдері

Бұрынғы кеңестік бір анекдот бар. Үйді қабылдап жатқан комиссия келе жатыр. Сол сәтте үйдің бір қабырғасы құлап түседі. Бригадир сабырлы түрде сағатына қарап: «Қараңыздар, тура 11:33, жоспар бойынша», — дейді.

Осы әңгімені «Жылдың сөзі» байқауының сарапшысы Андрей Архангельский еске түсірді. Одан жуырда пайда болған «экономиканы жоспарлы салқындату» деген жаңа сөз тіркесін түсіндіруін сұрағанда, ол эвфемизмдер (жұмсартылған сөздер) адамдарға бәрі жоспармен жүріп жатыр деген әсер қалдыру үшін қолданылады деді. Не болса да, «бұл солай жоспарланған» деген ой туады.

«Экономиканы жоспарлы салқындату» деген тіркесті соңғы рет 13 қазанда Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов айтты. Ол Мемлекеттік дума комитетінің алдында сөйлеп, мұндай салқындату — қиын, бірақ қажет қадам екенін түсіндірді. Өйткені өткен жылы экономика «қызып кеткен» еді.

Силуановтың айтуынша, бұл саясат ең алдымен нарықтағы пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге бағытталған. Сол арқылы ел қосымша ресурстар алып, халықтың нақты табысы жаңа сапада өседі деп сендірді. Бірнеше күннен кейін ол «Ресей экономикасы біртіндеп теңгерімді және тұрақты өсу бағытына өтуде» деді. Министр сонымен қатар «құрылымдық өзгерістер халық табысының артуымен жүруде» деп қосты.

«Салқындаудан кейін әрдайым жаз келеді», — деп бұрын да жұбатқан еді министр.

Эвфемизмдердің көбеюі

Соңғы айларда «жоспарлы салқындату» сөзі ресейлік шенеуніктердің және қаржы ұйымдарының сөздерінде жиі естіліп жүр. Бұл кезде сарапшылар елде рецессия (құлдырау) қаупі бар екенін айта бастаған.

Маусым айының ортасында Петербор экономикалық форумында экономикалық даму министрі Максим Решетников ел экономикасы «құлдыраудың шегінде» екенін мойындады. «Көрсеткіштер бойынша салқындау бар, бірақ олар өткен уақыттың айнасы. Ал бизнес сезімі мен индикаторлар бойынша біз қазірдің өзінде рецессия шегіне келдік», — деді ол.

Бірақ басқа сарапшылар бұл шек емес, нақты рецессия басталды дейді. «Ресей экономикасы рецессияда тұр», — деді «Опора России» ұйымының президенті Александр Калинин. Ал қаржы сарапшысы Андрей Бархота RTVI телеарнасына берген сұхбатында кей салаларда «терең рецессия белгілері бар» деді.

Макроэкономикалық талдау орталығының сарапшылары болса, тіпті Орталық банк саясатын жұмсартса да, 2026 жылы рецессиядан құтылу қиын болатынын ескертті.

2025 жылдың күзінде «рецессия» деген қорқынышты сөз жиі «жоқ» деген сөзбен қатар айтыла бастады немесе эвфемизмдермен алмастырылды. Мақсат — халыққа бәрі бақылауда, қорқатын ештеңе жоқ деген әсер қалдыру.

Қыркүйекте парламент басшыларымен кездесуде Владимир Путин «еңбек нарығының жағдайына қарасақ, экономикамызға рецессияға дейін әлі алыс» деді. «Иә, баяулау бар. Бірақ рецессия жоқ», — деп оны Орталық банк басшысы Эльвира Набиуллина да қолдады. Ол экономиканың баяулауы мен рецессияны шатастырмауға шақырды және кей салаларда тек «жоспарлы салқындату» жүріп жатқанын айтты.

Жаңа «экономикалық» терминдер

Соңғы жылдары осындай сөздерден тұратын тұтас сөздік пайда болды.

«экономиканы жоспарлы салқындату» — құлдыраудың басқарылып отырғанын көрсету үшін айтылады;

«өсу қарқынының баяулауы / экономиканың баяулауы» — жағдайды жеңілдетіп көрсетуге арналған бейтарап сөз тіркесі;

«техникалық тоқырау» — өсу жоқ, бірақ апатты құлдырау да жоқ дегенді білдіреді. Сонымен қатар «техникалық» сөзі «бұл табиғи емес, өзіміз жасадық, сондықтан өзіміз түзете аламыз» деген ой қалдырады;

«қызып кетуден шығу» — жағдайдың қалыпқа келіп жатқанын көрсетеді;

«рецессия қаупі / рецессияның шегінде» — құлдырауды нақты жағдай емес, жай қауіп ретінде сипаттайды;

«экономиканың құрылымдық өзгеруі» — экономиканың кез келген жағдайға бейімделіп жатқанын, ал теріс өзгерістер жоспарланған әрі қажет құбылыс екенін көрсетеді;

«тұтыну мінез-құлқын түзету», «жинақтаушы мінез-құлық моделі» — адамдардың амалсыздан үнемдей бастағанын жасырын түрде білдіреді. Бірақ бұл құбылысты жағымды етіп көрсетеді.

Мысалы, 2025 жылғы 25 шілдеде Эльвира Набиуллина «жинақтаушы мінез-құлық сақталып тұр, халықтың жинақ жасауға бейімділігі тарихи жоғары деңгейде» деді.

Экономист Владислав Иноземцев бұдан басқа мысалдар да келтіреді:

мысалы, «бюджеттік оңтайландыру» — кей салалардағы шығынды қысқарту дегеннің орнына;

«нақты түзету» — салықты көтеруді білдіреді.

Оның айтуынша, бұл — шенеуніктердің бір-біріне беретін сигналдарының жүйесі. Мұндай сөздер кездейсоқ емес, себебі бюрократиялық жаңа тілде кез келген шынайы жаңалық қауіп ретінде қабылданады.

Иноземцев 2010 жылдардың ортасында «нөлдік өсу», кейін «теріс өсу» деген терминдер пайда болғанын еске алды. Бұл сөздер Қырымнан кейінгі экономикалық жағдайды сипаттау үшін қолданылған. Сарапшының айтуынша, кейде шындық пен тіл арасындағы айырмашылық өте үлкен. Мысалы, ол «утилизациялық алым» туралы жазған мақаласында бұл алым экологиялық мақсатқа арналмағанын айтады. «2024 жылы осы алым арқылы жиналған қаражат бүкіл экологиялық бағдарламаларға бөлінген бюджеттен асып түсті. Демек, бұл салықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысы жоқ», — дейді Иноземцев.

«Қазір қолданылып жүрген “салқындау” және “экономика қызып кетуден шығып жатыр” деген тіркестер қоғамды дағдарыс болмайтынына сендіру үшін айтылады. Яғни бұл — мәселені сөз арқылы жоққа шығару тәсілі», — деп түйіндейді экономист.

Жаңа тіл — ақпарат кеңістігінің тірегі

Соғыс басталғаннан кейін мұндай эвфемизмдер тіпті көбейді. Әсіресе әскери салада.

Мысалы:

«ізгі ниет қадамы» — Ресей әскерінің Змеиный аралынан шегінуі;

«қайта топтасу» — шегінуді жасыратын сөз;

«оқ-дәрінің штаттан тыс түсуі» — ресейлік ұшақтың Белгородқа бомба тастауы дегеннің орнына айтылған тіркес.

Уақыт өте келе осындай сөздер Кремль мен ресми насихат тілінің басты бөлігіне айналды. Бұл сөздер — шындықты сөз арқылы өзгерту амалы. Әрине, эвфемизмдер экономикалық салада да кең тарады. Адамдар соғыс пен санкциялардың салдарын көбірек сезінген сайын, билік соны жасыру үшін жаңа жұмсартылған тіркестер ойлап таба бастады.

Бұл жағдай 2010 жылдардың ортасын және 2008 жылды еске салады. Сол кезде де мемлекеттік телеарналарға «дағдарыс» деген сөзді қолдануға тыйым салынған еді. Мұндай тыйым туралы бұрынғы Орталық банк төрағасының орынбасары Сергей Алексашенко «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында айтқан. Мемлекеттік арна қызметкерлері де мұны жасырмай растаған. Олардың айтуынша, бұл тыйым президент әкімшілігінен келген. «2008 жылдың соңына дейін “дағдарыс” сөзін айтуға болмайтын. Антидағдарыстық штаб болды, антидағдарыстық бағдарлама болды, бірақ дағдарыс жоқ деп айтылды. Ал шын дағдарыс 2009 жылдың қаңтарында басталды», — деп еске алды ол.

Аймақтарда бұл талап одан да қатал болды. Мысалы, Свердлов облысында губернатор Эдуард Россель журналистерге: «Бұдан былай “дағдарыс” деген сөзді қолданбаңыздар. Бізде дағдарыс емес, уақытша қиындықтар бар», — деді. Сөйтіп, журналистер жаңа сөз ойлап табуға мәжбүр болды: мысалы, «экономикалық қайта құрылу».

Сол 2008 жылы жағдай бәрібір шынайырақ еді, дейді Владислав Иноземцев. «Сол кезде Сурков басқаратын жиналыстарда “тұрақтылық аралы” деген тапқыр термин ойлап тапқан. Ол Ресейді сипаттау үшін қолданылған. Бірақ олар тез есін жиып, екі айдан кейін бұл сөзден бас тартты. Кейін үкіметтің дағдарыспен күрестегі жетістіктерін мадақтай бастады. Ал қазір жағдай басқаша — тілдік қисынсыздық тек күшейіп барады, түзету жоқ», — дейді ол.

Әскери және экономикалық эвфемизмдер биліктің әрекеттерінен туындаған зардаптарды жұмсартып көрсетеді және бәрі жоспармен жүріп жатыр деген әсер қалдырады. Бұл, публицист Андрей Архангельскийдің айтуынша, кеңестік ойлау жүйесі бар адамдарға таныс, сондықтан жұрттың көңілін тыныштандырады.

«Путин билігінің мәні — бәрін, тіпті адамды да бақылауға болады деген сенімде», — дейді Архангельский. Бұл жерде кеңестік «бәрі біздің қолымызда» деген идея мен «бәрі жақсы болады» дейтін тағдыршылдық араласқан. «Бұл жақсыға бастайды» дейді үй иесі ыдысы сынғанда. Дәл солай, путиндік экономистер де «бәрі жақсы болады» дейді, тіпті экономика соғысқа жұмыс істеп тұрса да.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары