Таңғы шолу: мұнай арзандады, люкс қысымда, Баффет сәтсіздігін мойындады

Мұнай бағасы таңғы саудада төмендеді
Бұл – ОПЕК+ ұйымының қыркүйекте мұнай өндірісін тағы да едәуір арттыру туралы шешімінен кейін болды. Brent және WTI маркалы мұнай фьючерстері шамамен 0,6%-ға арзандап, кейін құлдырау қарқыны бәсеңдеді. Жұма күні де екі марка $2-ға арзандаған еді.ОПЕК+ елдері жексенбіде тәулігіне 547 мың баррельге артық өндіру туралы келісті. Осылайша, альянс алдыңғы шектеулерді мерзімінен бұрын жояды және Біріккен Араб Әмірліктеріне қосымша квота береді. Жалпы өсім — шамамен 2,5 млн баррель. Бұл — жаһандық сұраныстың 2,4%-ы.CNBC мәліметінше, бұл шешім Ресей мұнайының экспортына қатысты алаңдаушылық аясында нарықтағы үлесті қайтаруға бағытталған. ОПЕК+ елдерінің сегізі қатысқан онлайн кездесу АҚШ-тың Үндістанға Ресей мұнайын сатып алуды тоқтату туралы қысымының фонында өтті. Бұл Вашингтонның Мәскеуді Киевпен бейбіт келіссөзге тарту әрекеттерінің бір бөлігі. Дональд Трамп келісім 8 тамызға дейін дайын болуы керек деді.ОПЕК+ шектеулерді алып тастау туралы шешімді әлемдік экономиканың тұрақты қалпы мен мұнай қорының азаюымен түсіндірді. Energy Aspects компаниясының тең құрылтайшысы Амрита Сен: «Мұнай бағасы $70 айналасында тұрғанда, ОПЕК+ нарық негіздеріне сенімді бола алады», – деді.
Туристердің шығыны қысқарып, люкс брендерге кері әсер етті
Financial Times жазуынша, Еуропадағы америкалық туристер мен Жапониядағы қытайлық туристердің шығындары күрт азайып, люкс сегментінің сатылымы төмендеді. LVMH, Prada және Moncler сияқты алпауыттар екінші тоқсанда табыстың қысқарғанын хабарлады. Бұл — ұзаққа созылған люкс бумының аяқталуы мен АҚШ енгізген жаңа баж салығының салдары.Өткен жылы Жапонияда қытайлық тұтынушылардың жаппай келуімен байланысты көктемгі сұраныс өсімі нарықты ұстап тұрған еді. Олар әлсіреген иен аясында дизайнерлік сөмке мен аяқ киімге көп қаражат жұмсады. АҚШ туристері де Еуропада күшті доллар есебінен белсенді шығындалды. Биыл бұл факторлар жойылды: иена нығайып, доллар арзандады. Салдарынан, АҚШ пен Қытайдағы әлсіз сұраныс жағдайында нарық қауіпсіздік жастығынан айырылды.LVMH компаниясының қаржы директоры Сесиль Кабанис туристер шығынының өзгеруін сән және былғары бұйымдары бөліміндегі 9%-дық табиғи қысқарудың басты себебі деп атады. «Америкалық туристер шығындарын едәуір қысқартты», – деді ол. Азиядағы ішкі тұтыну өсімі Жапониядағы шығындардың орнын толтыра алмады.
Баффет Kraft Heinz-тен $3,8 млрд шығын көргенін мойындады
Warren Buffett басқаратын Berkshire Hathaway холдингі Kraft Heinz-тегі үлесінің құнын $3,76 млрд-қа қысқартты. Бұл – миллиардердің кейінгі жылдардағы ең ірі сәтсіз инвестицияларының бірі. 2017 жылдың соңында Kraft Heinz-тегі үлес $17 млрд деп бағаланған. Енді ол $8,4 млрд-қа дейін азайды. Бұл өзгеріс — компанияның мамырдағы ықтимал бөліну туралы мәлімдемесінен кейін жасалған шешім.Bloomberg хабарлауынша, бұл Баффет үшін ерекше жағдай. Ол Kraft пен Heinz бірігуіне он жыл бұрын тікелей атсалысқан. Акциялар бағасы сол кезден бері 62%-ға құлдырады. Ал бұл уақытта S&P 500 индексі 202%-ға өскен.Reuters агенттігі бұл шығындарды инвестицияның тиімсіздігін мойындау деп бағалады. Edward Jones сарапшысы Кайл Сандерс: «Олар мұны бірнеше жыл бұрын жасауы тиіс еді», – деді. Оның пікірінше, бұл шешім компанияға акциядан біртіндеп шығуға мүмкіндік береді. Маусым соңындағы жағдай бойынша Berkshire Kraft Heinz компаниясының 27,4%-ына иелік етеді. «Бұл – Баффеттің соңғы онжылдықтардағы ең үлкен қателіктерінің бірі. Енді әрі қарай қозғалатын уақыт келген шығар», – деді Сандерс.
Қытай облигация табысына ҚҚС енгізіп, нарықты дүрліктірді
Қытай үкіметі мен қаржы ұйымдары шығарған облигациялардан түскен пайыздық табысқа қайтадан ҚҚС салынатынын күтпеген жерден хабарлады. Bloomberg жазуынша, бұл инвесторларды борыш нарығындағы стратегияларын қайта қарауға мәжбүр етті.Қаржы министрлігі хабарлағандай, 8 тамыздан бастап қосылған құн салығы қайта алынбақ. Бұл шешім жаңа облигациялар үшін ғана қолданылады. Бұрынғы және қайта орналастырылған қағаздар салықтан босатылады.ҚҚС мөлшерлемесі 6% болған жағдайда, бұл өзгеріс жаңа облигацияларға инвестиция салудың өзіндік құнын арттырады. Осы себепті инвесторлар салық салынбайтын бұрынғы облигацияларды жаппай сатып алуда. Бұл олардың табыстылығын төмендетіп отыр. Huatai Securities сарапшыларының айтуынша, ескі мен жаңа облигациялар арасындағы табыс айырмасы 5–10 базистік пунктке дейін өсуі мүмкін.Жұма күні 30 жылдық мемлекеттік облигациялар табысы азайып, дүйсенбіде 1,94%-ға жетті. Ал 10 жылдық облигациялар табысы 1,7% деңгейінде тұрақтады.
Жапония: АҚШ-пен келісімді орындау — оны жасаудан қиын
Жапония премьер-министрі Сигэру Ишиба парламентте сөйлеген сөзінде «АҚШ-пен өткен айда жасалған сауда келісімін орындау — оны жасаудан әлдеқайда күрделі» деді. Bloomberg мәліметінше, келісім екі тарап үшін де тиімді саналған.АҚШ Жапониядан импортталатын барлық тауарларға 15% баж салығын енгізуге келісті. Бұған дейін бұл көрсеткіш 25% болуы мүмкін еді. Дегенмен, автокөлікке қатысты баж салығы туралы келісім әлі күшіне енген жоқ.Жапонияның бас келіссөз жүргізушісі Рёсэй Аказава да бұл сынға жауап беріп, келісімдер әлі ресми жазбаша түрге түспегенін айтты. «Жазбаша құжаттың болғаны пайдалы болар еді», – деді ол. Айтуынша, АҚШ пен ЕО, Оңтүстік Корея арасындағы келісімдер де қағаз жүзінде бекітілмеген.Bloomberg бұл арқылы жаһандық сауда келісімдерін нақты рәсімдеудегі белгісіздіктерге назар аударды. Бұл жағдай Трамптың жаңа тарифтері жарияланғаннан кейін де сақталып отыр.
Нарықтағы ахуал
– Жапондық Topix индексі 1,2%-ға төмендеді.– Nikkei 225 – 1,5%-ға түсті.– Оңтүстік Кореяда Kospi 0,1%-ға, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,5%-ға өсті.– Австралиялық S&P/ASX 200 – 0,1%-ға төмендеді.– S&P 500 фьючерстері 0,3%-ға, Nasdaq 100 – 0,4%-ға, Dow Jones фьючерстері 0,28%-ға қымбаттады.








