БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: Нью-Йоркте инвесторларға үзіліс қажет

Михаил Денисламов

Михаил Денисламов

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары
Таңғы шолу: Нью-Йоркте инвесторларға үзіліс қажет

Freedom Capital Markets Research компаниясы директорының орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына арналған күнделікті шолуы мен болжамы.

Үміт

Бүгінгі сауда сессиясы ірі макроэкономикалық және корпоративтік жаңалықтардың болмауына байланысты айтарлықтай құбылусыз өтуі мүмкін деп болжап отырмыз.

Маусым айындағы тұтынушылық несиелеу көрсеткіштері оның көлемінің мамырдағы 5,1 млрд доллардан 7,37 млрд долларға өскенін көрсетті. Бұл көрсеткіш консенсусқа жақын болғандықтан, нарық динамикасына айтарлықтай әсер етпеуі тиіс.

Энергетика секторы мен сыртқы тәуекелдерге сезімтал активтердің бағасына геосаяси факторлар ықпал етеді. Осы жұмада АҚШ президенті Трамптың Ресейге қойған ультиматумы аяқталады. Сонымен қатар Ақ үй президент Владимир Путинмен бетпе-бет кездесу өткізуге дайын екенін растады. Жаңа санкциялар енгізу қаупі мен дипломатиялық жолмен мәселені шешу әрекеттері бір мезгілде жүріп жатқаны – жағдайды күрделендіреді.

АҚШ президенті экономикалық кеңесші Стивен Миранды ФРЖ басқарушылар кеңесінде отставкаға кеткен Адриана Куглердің орнына ұсынды. Миран – Дональд Трамптың тарифтік саясатының жақтаушысы және долларды әлсірету жоспарының авторларының бірі ретінде белгілі. Осы себепті бұл тағайындау экономикалық саясаттың болашақ бағытына қатысты маңызды белгі ретінде қарастырылады. Бұл Ақ үйдің қысқа мерзімде ақша-несие саясатына ықпалын арттыруға бағытталған тактикалық қадам саналады.

АҚШ президенті 401(k) зейнетақы жоспарларына баламалы инвестицияларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды. Бұл шешім баламалы инвестициялар секторын құрылымдық тұрғыда реформалаудың бір бөлігі болып табылады. Ол осы сектордың ұзақ мерзімді перспективаларын жақсартып, жеке капиталды басқаратын компаниялардың акцияларына серпін беруі мүмкін.

Негізгі сессия басталғанға дейін Tempus AI (TEM), EOG Resources (EOG), TeraWulf (WULF), Wendy's (WEN), Under Armour (UA), Fubo (FUBO) және Alpha Metallurgical Resources (AMR) компаниялары тоқсандық есептерін жариялайды.

АҚШ индекстерінің фьючерстері біршама оң динамика көрсетіп отыр. Алдағы сессияға қатысты тәуекелдер тепе-теңдігін орташа құбылмалылықпен бейтарап деңгейде бағалаймыз. S&P 500 индексінің қозғалысын 6300–6400 ұпай аралығында күтеміз. Бұл алдыңғы сессия жабылуынан -0,6%-дан +0,9%-ға дейінгі өзгерісті білдіреді.

Назарда

– Expedia Group (EXPE) акциялары екінші тоқсан бойынша мықты есеп жариялаған соң 16,6%-ға қымбаттады. Нәтижелер консенсуспен сәйкес келді. Акциялардың өсуіне жылдық табыс пен брондаулар көлемі бойынша болжамның жоғарылауы себеп болды.

– The Trade Desk (TTD) акциялары күрт құлдырады. Екінші тоқсандағы есептің әлсіздігі негізгі себеп болды. Компанияның табысы өткен жылғы 26%-дан 19%-ға дейін баяулады. Бұл цифрлық жарнама нарығының салқындағанын көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар қаржы директорының отставкасы белгісіздік тудырды.

– Block (XYZ) акциялары қымбаттады. Бұл – есептің күткеннен төмен нәтиже көрсетуіне қарамастан орын алды. Негізгі оң фактор – жылдық жалпы табыс болжамының жақсаруы және негізгі экожүйелер – Cash App (жылдық өсім +16%) пен Square (жылдық өсім +11%) көрсеткіштерінің тұрақты жақсаруы. Басшылықтың айтуынша, бұл тұтынушылық сұраныстың жоғары екенін білдіреді.

– Rocket Lab (RKLB) акцияларына қысым түсті. Есепке сәйкес, компанияның табысы 144 млн доллар болды (күтілгені – 135 млн). Бірақ бір акцияға шаққандағы шығын 0,13 долларды құрады. Ал болжам – 0,1 доллар болатын. Үшінші тоқсанға арналған болжам да күткеннен әлсіз болды. Сонымен қатар Neutron зымыранын әзірлеуге жұмсалатын операциялық шығындардың өсуі инвесторларды алаңдатып отыр.

– Tesla (TSLA) акциялары сәл төмендеді. Компанияда Dojo суперкомпьютерін әзірлеумен айналысқан топтың таратылғаны және басшысының кеткені туралы хабар тарады. Бұл жағдай Tesla-ның ұзақ мерзімді ЖИ-чиптер стратегиясына қатысты күмән туғызды.

Кешегі нарық

7 тамыздағы сауда сессиясы АҚШ биржаларында негізінен теріс нәтижемен аяқталды. S&P 500 0,08%-ға төмендеді. Dow Jones 0,51% жоғалтты. Russell 2000 0,3%-ға азайды. Nasdaq 100 индексі 0,32%-ға өсті. Бұл Apple (AAPL) акцияларының өсу раллиінің жалғасуымен байланысты болды.

Негізгі факторлар – жаһандық жаңа тарифтердің күшіне енуі және еңбек нарығының әлсірегенін көрсететін деректер болды. «Ғажап жетілік» акциялары оң аймақта саудаланды. Коммуналдық қызметтер секторы өсім бойынша көш бастады (XLU: +1,09%). Ал денсаулық сақтау секторы аутсайдер болды (XLV: -1,15%). Бұл секторға Eli Lilly (LLY) компаниясының дәрі-дәрмек сынақ нәтижелеріне байланысты көңіл көншітпейтін жаңалықтар теріс әсер етті.

Өткен аптада алғашқы жұмыссыздық жәрдемақысына өтініштер саны 226 мыңға жетті. Бұл консенсус (225 мың) шамасымен сәйкес. Алайда жұмыссыздық бойынша төлем алып отырғандар саны 1,974 млн адамға жетті. Бұл 2021 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұл еңбек нарығының баяулап жатқанын көрсетеді. Осы фактор ФРЖ өкілдерінің риторикасының жұмсаруына және мөлшерлеменің төмендеуіне деген үміттің артуына себеп болды.

Сауда күн тәртібінде АҚШ-тың сауда серіктестеріне қатысты импорттық баж салығының күшіне енуі басты назарда болды. Ақ үйдің жартылай өткізгіштерге арналған 100% тариф бойынша кейбір жеңілдіктер жариялауы Apple (AAPL) мен TSMC (TSM) акцияларын қолдады. Бұл компаниялар АҚШ-та өндіріске инвестиция салуға уәде берген болатын. Дегенмен, бұл жаңалықтарға оң реакция қысқа мерзімді болды. Себебі болашақта тағы қандай елдер мен салалар жеңілдікке ие болатыны жөнінде белгісіздік сақталып отыр.

Компания жаңалықтары

– Duolingo (DUOL: +13,8%) акцияларының өсуіне төлемді жазылушылар саны мен табыстың өсуі, сондай-ақ үшінші тоқсан және 2025 жылға арналған күшті болжам себеп болды.

– Celsius Holdings (CELH: +17,2%) компаниясының табысы мен пайдасы нарықтық орташа болжамнан асып түсті. Басшылық дистрибуция нүктелерінің кеңеюі мен сәтті маркетингтік кампаниялардың үлесін атап өтті.

– Eli Lilly (LLY: -14,1%) акциялары күрт арзандады. Бұған салмақты азайтуға арналған ауызша препаратты сынаудың негізгі кезеңінің нәтижелері себеп болды. Қаржылық нәтижелер күткеннен жоғары болғанымен, инвесторлар үшін басты мәселе – компанияның өнім портфелі.

– Intel (INTC: -3%) акцияларына Дональд Трамптың компанияның CEO-сы Лип-Бу Танға бағыттаған отставка талаптары теріс әсер етті. Трамп оны Қытай фирмаларымен байланысы бар деп айыптады.

– Joby Aviation (JOBY: -8,9%) компаниясының акциялары екінші тоқсандық есеп жарияланған соң арзандады. Есепке сәйкес, операциялық шығын жылдық есеппен 16%-ға артып, 168 млн долларға жетті. Бұл шығындар ұшақ өндірісінің пилоттық желісін кеңейтуге байланысты R&D шығындарының өсуімен байланысты болды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары