Таңғы жаңалықтар: Tesla-ның құлдырауы, Microsoft рекорды, Omada IPO-сы

Илон Маск пен Дональд Трамп арасындағы жанжал күрт шиеленісті: екіжақты жария айыптаулар мен қоқан-лоққы Tesla акцияларының 14%-ға құлдырауына әкелді. Осы уақытта Microsoft акциялары тарихи максимумға жетіп, компанияны әлемдегі нарықтық құны бойынша қайтадан бірінші орынға шығарды — $3,48 трлн, бұл көрсеткіш бойынша ол Nvidia мен Apple-дан озды. Сонымен қатар, денсаулыққа арналған онлайн бағдарламаларға маманданған Omada Health стартапы сәтті IPO өткізіп, әр акцияны $19-дан сатып, шамамен $1,1 млрд бағаланды. Осы және басқа да тақырыптар — 6 маусым таңындағы негізгі оқиғалар шолуында.
Маск пен Трамп арасындағы қақтығыс Tesla-ның нарықтық құнын $150 млрд-қа түсірді
Tesla (TSLA) акциялары бейсенбіде 14,26%-ға құлдырады. Бұған компания бас директоры Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы жария жанжал себеп болды, деп жазады Yahoo Finance. Бұл — наурыз айынан бергі ең ірі құлдырау және 2020 жылдың қыркүйегінен кейінгі екінші ең ауқымды төмендеу. Компанияның нарықтық құны $150 млрд-тан артық қысқарып, тарихындағы ең үлкен төмендеуді көрсетті.
Жанжал Трамптың Ақ үйдегі кеңсесінде Маскке қатысты «ренішін» білдіруінен басталды. Бұған жауап ретінде Маск өзіне тиесілі X әлеуметтік желісінде Трамптың жеңісіне өзі көмектеспегенде сайлау нәтижесі басқа болар еді деп жазды. Артынша Трамп Маскты барлық мемлекеттік келісімшарттар мен субсидиялардан айырумен қорқытты, ал Маск бұған SpaceX компаниясының Dragon кемесін дереу пайдаланудан шығарамыз деп жауап қатты.
«Бюджетімізден миллиардтаған доллар үнемдеудің ең оңай жолы — Илонға берілетін барлық субсидиялар мен келісімшарттарды тоқтату. Байден неге мұны істемегені маған әлі күнге дейін жұмбақ!» — деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Бұл оқиға бұрын Трамптың екінші мерзімі үшін маңызды деп есептелген қарым-қатынастардағы күрт бұрылыс болды. 2024 жылдың жазында Маск Трампты ашық қолдап, осы қадамы оны бірінші мерзімінде елемеген венчурлық және технологиялық топтар арасында танымал етті, деп жазады Yahoo Finance.
Осы уақытқа дейін Маск Трамп құрған Мемлекеттік тиімділік департаментін (DOGE) басқарып келді, бірақ мамырда Tesla, SpaceX және xAI жобаларына көңіл бөлгісі келіп, қызметтен кетті. Алайда осы аптада Маск Трамптың басты салық реформасын қатаң сынға алып, оны «жиіркенішті сұмдық» деп атап, оған айып тақты. Трамп бұған жауап ретінде Маскты сатқын деп атап, Tesla үшін табыс көзі болып отырған көмірқышқыл квоталарының қысқартылатынын Маск жақсы білгенін еске салды.
Microsoft қайтадан әлемдегі ең қымбат компания атанды — Nvidia мен Apple-ды басып озды
Нарықтағы жалпы төмендеуге қарамастан, бейсенбіде Microsoft акциялары 0,8%-ға өсіп, бір қағаз үшін $467,68-ге жетіп, тарихи рекорд орнатты, деп хабарлайды CNBC. Бұл — соңғы 11 айдағы алғашқы рекорд. Осы нәтижемен Microsoft компаниясы нарықтық капитализациясы бойынша әлемде бірінші орынға қайта көтерілді — $3,48 трлн. Салыстыру үшін: Nvidia — $3,42 трлн, ал Apple — $3 трлн-нан сәл төмен.
Microsoft бұған дейін 2024 жылдың шілде айында рекордтық жабылу көрсеткішіне жеткен еді. Жыл басынан бері Microsoft акциялары 11%-ға қымбаттаса, Nasdaq индексі өзгеріссіз қалды.
Технологиялық акциялар, әсіресе Tesla акциялары Маск пен Трамп арасындағы жанжалға байланысты құлдырап жатқанда, Microsoft инвесторлары негативті жаңалықтарға мән бермеді.
Bloomberg-ке берген сұхбатында Microsoft бас директоры Сатья Наделла OpenAI-мен (ChatGPT жасаушысы) серіктестіктің маңызын атап өтті. Ол OpenAI компаниясының Microsoft Azure бұлтты сервисін дамытуға үлкен үлес қосқанын еске салды. Microsoft-тың OpenAI-ға салған инвестиция көлемі $14 млрд-қа жуықтады. «Бұны неге бұзуымыз керек?» — деді Наделла ЖИ әзірлеушісімен альянсты сипаттап.
Circle акциялары IPO-дан кейін бір күнде 168%-ға өсті
Стейблкоин USDC шығаратын Circle компаниясының акциялары бейсенбіде биржадағы алғашқы күні күрт қымбаттап, Yahoo Finance дерегінше 235%-ға дейін өсті. Сауда сессиясы жабылғанда акция бағасы $83,23 болды — бұл бастапқы $31 орналастыру бағасынан 168%-ға жоғары. Сауда $69 деңгейінде басталып, жоғары құбылмалылыққа байланысты бірнеше рет тоқтатылды.
Бір күндік сауда нәтижесінде Circle-дің нарықтық құны $16,6 млрд-тан асты.
Circle шығаратын USDC стейблкоинының бағамы долларға байланған. Бірінші тоқсан соңындағы деректерге сай айналымдағы USDC көлемі $60 млрд болды. Алғашқы үш айдағы жиынтық табыс пен резервтен түскен кіріс $578,6 млн-ға жетті — бұл өткен жылмен салыстырғанда 58,5%-ға көп. Негізгі кіріс көзі — компанияның активтерін (қолма-қол ақша мен қазынашылық облигациялар) орналастырудан түсетін «резервтік кіріс». Осы тоқсанда түзетілген EBITDA $122,4 млн құрады.
Circle 2021 жылы SPAC арқылы биржаға шығуға әрекеттенген, бірақ 2022 жылы бұл жоспарынан бас тартқан.
Circle — айналымда $150 млрд көлемінде стейблкоині бар Tether (USDT) компаниясынан кейінгі екінші ірі эмитент.
Circle IPO-сы криптонарықтағы қолайлы ахуалмен тұспа-тұс келді. Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісі және оның отбасысының криптоиндустрияға қатысуы саланы қолдауға серпін берді. Маусым айының басында биткойн тарихи максимумын жаңартып, $110 мыңнан асты.
Жариялы компаниялар да криптовалюталық активтерге қызығушылық танытып жатыр. Бұл — Strategy (MSTR) басшысы Майкл Сейлордың қазына активі ретінде биткойн пайдалану стратегиясын қайталау үрдісі.
Omada Health IPO-ға $1,1 млрд бағамен шықты
Созылмалы аурулары бар науқастарға онлайн көмек көрсететін Omada Health компаниясы бастапқы орналастыру (IPO) бағасын бір акцияға $19 деп белгіледі — бұл бұрын жарияланған диапазонның орта шегі, деп хабарлайды CNBC.
Баспасөз хабарламасында компания 7,9 млн акция ұсынатынын хабарлады — бұл $150 млн-ға тең. Акциялар Nasdaq биржасында OMDA тикерімен саудаланады.
2012 жылы негізі қаланған Omada IPO нәтижесінде шамамен $1,1 млрд нарықтық капиталдық құнға қол жеткізді — бұл 2022 жылғы жекеменшік бағалауымен шамалас ($192 млн инвестиция тартқан болатын).
Ең ірі акционерлер қатарында — U.S. Venture Partners, Andreessen Horowitz және Fidelity-ге кіретін FMR LLC бар: әрқайсысы компания акцияларының 9–10%-ын иеленген.
Omada созылмалы аурулары бар пациенттерге арналған виртуалды бағдарламалар ұсынады — оларға диабетке дейінгі диаогноз, диабет және гипертония кіреді. Компанияның бас директоры Шон Даффи оны Эндрю ДиМикеле және Адриан Джеймспен бірге негіздеген. Соңғы екеуі кейіннен басқа жобаларға ауысқан.
Omada IPO-сы технология секторының жандануымен тұспа-тұс келіп отыр — бұл Circle мен финтех-компания eToro-ның сәтті IPO-ларынан кейін болды. Келесі аптада Chime Financial онлайн-банкінің нарыққа шығуы күтілуде.
Проспект деректеріне сәйкес Omada-ның 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы кірісі 57%-ға артып, $55 млн-ға жетті (2023 жылы — $35,1 млн). 2024 жыл бойғы кіріс 38%-ға өсіп, $169,8 млн болды. Бірінші тоқсандағы таза шығын $19 млн-нан $9,4 млн-ға дейін азайды.
Нарықтағы ахуал
Азия-Тынық мұхиты нарықтары Дональд Трамп пен Си Цзиньпин арасындағы телефон сөйлесу нәтижелерін инвесторлар оң бағалағандықтан, негізінен өсті, деп хабарлайды CNBC.
— Гонконгтың Hang Seng индексі 0,4%-ға, Қытайдың CSI 300 индексі 0,1%-ға төмендеді.
— Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,4%-ға, Topix — 0,5%-ға өсті.
— Оңтүстік Кореяның Kospi 1,49%-ға, шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,8%-ға көтерілді.
— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,2%-ға төмендеді.
«АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленісті бәсеңдету туралы келісім мен Трамп пен Си арасындағы соңғы телефон сөйлесуі екі елдің де «экономикалық ауырсыну шегіне» тап болғанын көрсетеді», — дейді Commonwealth Bank бас экономисі Люк Яман. Оның айтуынша бұл сөйлесу ең ауыр сценарийлерді күн тәртібінен алып тастады, бірақ шиеленіс әлі де жоғары деңгейде қалуда және болашақта қайта ушығуы мүмкін. «Ұзақмерзімді перспективада екі ел де экономикалық тәуелсіздікке ұмтылары анық», — деп жазды Яман жұма күнгі аналитикалық жазбасында.
— АҚШ нарығы жұмыспен қамту туралы маңызды есеп жарияланар алдында фьючерстер шамамен 0,35%-ға біркелкі өсті.
Бұған дейін АҚШ нарығы құлдыраумен жабылды. Tesla акцияларының құлдырауы аясында S&P 500 индексі 0,53%-ға төмендеп, 5939,30 деңгейінде жабылды. Nasdaq Composite 0,83%-ға түсіп, 19 298,45-ті құрады. Dow Jones өнеркәсіптік индексі 108 тармаққа төмендеді.








