Маск пен Трамп текетіресі инвесторларға қандай қауіп төндіреді?

Маск Трамптың бюджетіне қарсы шыққаннан кейін Tesla акциялары 15%-дан астам төмендеді.
Tesla-ның акциялары 15%-дан артық арзандап, компания басшысы Илон Масктың байлығы бір күнде 25 миллиард долларға азайды. Бұған кәсіпкер мен Дональд Трамп арасындағы жария қақтығыстың өршуі себеп болды. Маск Трамп сайлауды оның көмегінсіз жеңе алмас еді десе, АҚШ экс-президенті үкіметтің Маск кәсіпорындарына қолдау көрсетуін тоқтату керек деп жауап берді. Конфликт бюджет туралы заң жобасынан басталып, қазір Масктың басқа бизнесіне де қауіп төндіріп отыр.
Егжей-тегжейі
5 маусымдағы саудада Tesla акциялары 18%-ға дейін құлдырап, бір данасы 273,2 долларға түсті. Бұл соңғы айдағы ең төменгі баға. Forbes-тың мәліметінше, компанияның нарықтық құны 120 миллиард доллардан астам жоғалды. Бұл Ford, General Motors және Rivian-ның жиынтық құнынан артық. Tesla бас директоры Илон Масктың байлығы бір күнде 25,5 миллиард долларға қысқарды.
Осы құлдыраудан кейін Tesla акциялары биылғы жыл басынан бері 32%-ға төмендеді. Бұл «Керемет жетілік» компанияларының ішіндегі ең нашар көрсеткіш.
Не болды?
Инвесторлар Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы бюджеттік заң жобасына байланысты туындаған даудан кейін Tesla акцияларын жаппай сата бастады. Жаңа заң жобасы электромобильдерге берілетін салық жеңілдіктерін жоюды көздейді.
Маск бұл құжатты «жексұрын былық» деп атап, қатаң сынға алды. 5 маусым күні Трамп алғаш рет оған жауап беріп, Маскқа «ренжігенін» айтты. Ол Маск бұл заң жобасынан бәрінен бұрын хабардар болды, бірақ электромобильдерге қатысты бөлігіне келгенде ғана наразылық танытты деді. Трамп сонымен қатар Масктың билікке қайта оралғысы келетінін, әрі «Трампқа деген әуестік синдромына» шалдыққанын да меңзеді.
Дағдарыс Масктың әлеуметтік желіде «егер мен болмағанда, Трамп сайлауда жеңілер еді» деген жазбасынан кейін одан әрі ушыға түсті. Бұған жауап ретінде Трамп: «АҚШ бюджетінде миллиардтаған доллар үнемдеудің ең оңай жолы — Илон Масктың компанияларына берілетін субсидиялар мен келісімшарттарды тоқтату» деді.
Bloomberg жазуынша, Трамптың бұл қаупі Tesla акциялары мен SpaceX мемлекеттік келісімшарттарына соққы болып отыр.
Tesla инвесторларына қандай қауіп бар?
Маск сынға алған заң жобасы электромобиль иелеріне жыл сайын 250 $ жаңа алым енгізуді және Tesla көліктеріне берілетін 7500 $ салықтық жеңілдікті жеті жылға ертерек алып тастауды көздейді. JPMorgan-ның есептеуінше, бұл Tesla-ның жылдық табысын шамамен 1,2 миллиард долларға азайтады.
Bespoke Investment Group инвестициялық компаниясының негізін қалаушы Пол Хик бұл жағдай Tesla акцияларының құлдырауына нақты себеп болды деп есептейді. «Бұл алда теріс салдарға, соның ішінде жаза ретінде шектеу шараларына әкелуі мүмкін», — деді ол. Оның айтуынша, Масктың саяси белсенділігі Tesla-ның солшыл көзқарастағы сатып алушыларын жоғалтуға себеп болды, ал енді Трамппен болған жанжалдан кейін оңшыл қолдаушыларынан да айрылса, бұл жағдай Маск үшін одан сайын қиындай түспек.
«Алдымен ол Трамппен жақындасты, бұл көптеген демократ тұтынушыларды шошытты. Енді Трамп әкімшілігіне қарсы шықты», — дейді Stock Trader Network-тің бас стратегы әрі Tesla акционері Деннис Дик. Оның сөзінше, Масктың саяси ұстанымдары Tesla акцияларына әлі де кері әсерін тигізіп жатыр.
Argent Capital Management портфельдік менеджері Джед Эллербрук Масктың Трамппен араздасуы SpaceX пен жасанды интеллектпен айналысатын xAI сияқты басқа да компанияларына қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді.








