БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: Netflix есебі, Ақ үйдің жаңа ЖИ бастамасы және OpenAI-дың көмекшісі

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: Netflix есебі, Ақ үйдің жаңа ЖИ бастамасы және OpenAI-дың көмекшісі

Netflix екінші тоқсанда табысы бойынша болжамнан асты, жылдық болжамды көтерді. Ақ үй жасанды интеллектке қатысты ауқымды бастаманы жариялауға дайындалуда. ФРЖ басшысы Джером Пауэлл штаб-пәтерді $2,5 млрд-қа қайта жөндеу жобасын Трамптың сынынан кейін қорғауға мәжбүр болды. OpenAI өздігінен тапсырма орындай алатын ChatGPT Agent құралын таныстырды. Осы және өзге де жаңалықтар — 18 шілдедегі таңғы шолуымызда.

Netflix екінші тоқсандағы кіріс бойынша болжамнан асып түсті

Netflix 2025 жылдың екінші тоқсанына арналған қаржылық есебін жариялады: кіріс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өсіп, сарапшылардың күтімінен жоғары болды, деп хабарлайды CNBC.

«Жылдық кірістің артуы негізінен жазылушылар санының көбеюімен, жазылым бағасының өсуімен және жарнамалық табыстың артуымен байланысты», — делінген компания хабарламасында.

Компания жылдық табыс болжамын көтеріп, қазір $44,8–45,2 млрд деңгейінде күтіп отыр (бұрынғысы — $43,5–44,5 млрд). Бұл болжам доллар бағамының әлсіреуі мен жазылым және жарнама табыстарының «тұрақты» өсімімен байланысты деп түсіндірді Netflix.

Бір айта кетерлігі, компания қатарынан екінші тоқсанда жазылушылар саны туралы дерек жарияламаған.

Екінші тоқсанның қаржылық нәтижелері:

• Жалпы табыс $11,08 млрд-қа жетіп, 16%-ға өсті;

• Операциялық ақшалай ағын — $2,4 млрд, бұл өткен жылмен салыстырғанда 84%-ға артық;

• Еркін ақшалай ағын (free cash flow) 91%-ға өсіп, $2,3 млрд болды;

• Еркін ақшалай ағынға жылдық болжам $8–8,5 млрд-қа дейін көтерілді (бұрын — шамамен $8 млрд);

• Операциялық маржа 34,1%-ға жетіп, өткен тоқсанмен салыстырғанда 3 пайыздық пунктке, ал былтырғы кезеңмен салыстырғанда 7 п.п.-ке артты.

Алайда Netflix 2025 жылдың екінші жартысында маржа азаюы мүмкін деп ескертті — себебі контент амортизациясы мен ірі премьераларды жарнамалау шығындары көбейеді. Осы жаңалықтардың әсерінен компания акциялары постмаркетте шамамен 1%-ға арзандады.

Алда ірі премьералар қатары күтілуде: «Wednesday» сериалының екінші маусымы, «Stranger Things» финалы, «Happy Gilmore 2» комедиясы және Гильермо дель Тороның «Frankenstein» фильмі.

OpenAI күрделі тапсырмаларға арналған ЖИ-көмекшіні таныстырды

OpenAI жасанды интеллекттегі ең қызу талқыланатын бағыттардың біріне — агенттік жүйелерге үміт артып отыр, деп жазады The Verge. Бейсенбі күні компания ChatGPT Agent құралын таныстырды. Ол виртуалды компьютер көмегімен тапсырмаларды өздігінен орындауға қабілетті.

The Verge үшін өткен демонстрацияда жобаның басшылары Яш Кумар (өнім жетекшісі) және Иса Фулфорд (зерттеу жетекшісі) бұл агент арнайы осы өнім үшін жасалған жаңа модельге негізделгенін айтты.

ChatGPT Agent, мысалы, қолданушы күнтізбесін қарап, алдағы кездесулерге дайындалу, отбасылық таңғы асқа азық-түлік тізімін жасау және тапсырыс беру, бәсекелестерге талдау жасай отырып презентация әзірлеу сияқты күрделі әрекеттерді орындай алады.

Агент негізіндегі модель (әзірге атауы жарияланбаған) бірнеше құралмен жұмыс істеуге үйретілген — мәтіндік браузер, визуалды интерфейс және жеке деректер жүктеуге болатын терминал. Үйрету процесі OpenAI-дың логикалық ойлауға бағытталған басқа модельдері сияқты reinforcement learning (нығайта оқыту) әдісімен жүргізілген.

Компания ChatGPT Agent-ті әзірлеу үшін бұрын Operator және Deep Research құралдарымен айналысқан командаларды біріктірді. Кумар мен Фулфордтың айтуынша, жаңа командада өнім мен зерттеу саласындағы 20–35 маман жұмыс істейді.

Пауэлл Трамптың сынынан кейін ФРЖ штаб-пәтерін жөндеуден өткізуін түсіндірді

Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл ФРЖ штаб-пәтерін $2,5 млрд-қа күрделі жөндеу туралы алғаш рет егжей-тегжейлі түсініктеме берді, деп хабарлайды Yahoo Finance. Ол Ақ үйдің Бюджет басқармасы директоры Рассел Воутқа жолдаған хатында: «Біз салық төлеуші қаражатына жауапкершілікпен қараймыз», — деп жазды.

Бұл жауап Воуттың 10 шілдедегі хатына қатысты болды. Онда ол жобаның артық шығындары мен сән-салтанат элементтеріне алаңдаушылық білдіріп, «президент ФРЖ-ның басқарылуына қатты алаңдаулы» деген.

Воут өзінің хатында шатырдағы бақ, VIP асханалар, мәрмәрмен әрлеу және жеке лифтілер туралы айтып, жобаны «шектен тыс» деп атады.

Өткен аптада Дональд Трамп та бұл жөндеуді сынға алып, «бұл жұмыстан босатуға себеп болуы мүмкін» деді. Дегенмен, ол әзірге Пауэллді қызметінен босатуды жоспарлап отырмағанын, бірақ егер «алаяқтық дерегі анықталса», мұндай мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Пауэлл жауабында бұл жоба 2017 жылы ФРЖ Директорлар кеңесі тарапынан бекітілгенін және содан бері «қатаң бақылаумен жүзеге асып жатқанын» айтты. Ол 1930 жылдардан бері толық жөндеу жүргізілмегендіктен ғимараттарда қауіпсіздік пен денсаулық талаптарына сай күрделі жаңарту қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ, ол бұл жобаның 2020 және 2021 жылдары Ұлттық астана жоспарлау комиссиясының (NCPC) мақұлдауынан өткенін айтты. Содан бері жоба оңтайландырылып, кейбір элементтер алынып тасталған, жаңадан ештеңе қосылмаған.

Трамп ЖИ-ге қатысты ұлттық жоспар әзірлеп жатыр

Дональд Трамп жасанды интеллектке (ЖИ) қатысты жаңа саяси ұстанымдарды жариялауға дайындалуда, деп хабарлайды Bloomberg. Жоспарда реттеуді жеңілдету, деректер орталықтары үшін энергия көздерін кеңейту, сондай-ақ Конгреске штаттық деңгейдегі бастамаларды біріктіретін федералды заң қабылдауға үндеу бар.

AI Action Plan деп аталатын бұл құжат алдағы күндері жарияланады. Ол биыл берілген тапсырмаға сәйкес АҚШ-та ЖИ дамыту бойынша кешенді стратегия әзірлеуге негізделген.

Ақпарат көздерінің айтуынша, құжат негізінен декларативті сипатта болады және тек атқарушы билік аясындағы қадамдарды қамтиды. Дегенмен, бұл АҚШ әкімшілігінің осы сала бойынша ең салмақты мәлімдемесі болмақ.

План технологиялық компаниялар үшін тиімді: олар қауіпсіздік стандарттарын және халықаралық серіктестікті қолдайды. OpenAI, Meta (Facebook иесі) және Google (Alphabet құрамына кіреді) артық реттеуге қарсы шығып жүрген компаниялар ретінде бұл жоспардан үміт күтуде.

Нарықтағы жағдай

Азия нарықтары сауданы өсіммен бастады:

• Жапония: Nikkei 225 индексі 0,4%-ға, Topix 0,3%-ға көтерілді (жергілікті уақыт бойынша 8:02-де).

• Оңтүстік Корея: Kospi 0,2%, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,3% өсті.

• Аустралия: S&P/ASX 200 индексі 0,6%-ға көтеріліп, таңертеңгі саудада рекордтық 8689,4 пунктке жетті. Биылғы өсімі — 6,6% (LSEG деректері бойынша).

• АҚШ фьючерстері жасыл аймақта, 0,1–0,2% аралығында өсуде. Алдыңғы күні S&P 500 — 0,5%, Dow Jones — 0,5%, Nasdaq Composite — 0,8%-ға өсті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары