БастыReview
Бөлісу

Таңғы шолу: АҚШ-тағы TikTok тағдыры, Жапониядағы рекордтық мөлшерлеме

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: АҚШ-тағы TikTok тағдыры, Жапониядағы рекордтық мөлшерлеме

TikTok АҚШ-та саяси және реттеуші тәуекелдерді азайту үшін ByteDance-тен бөліну процесін бастады. Жапония Банкі соңғы 30 жылдағы ең жоғары мөлшерлемені белгіледі. Ал Еуроодақ Украинаға 2026–2027 жылдарға €90 млрд көмек беруді мақұлдады. Осы және өзге де жаңалықтар 19 желтоқсан таңындағы негізгі оқиғаларға қысқаша шолуда.

TikTok АҚШ-та америкалық инвесторлардың бақылауына өтпек

Bloomberg-тің мәліметінше TikTok АҚШ-тағы бизнесін Oracle бастаған инвесторлар тобына сатуға келісті. Осылайша компания қытайлық ByteDance-тен бөлінуді ресми түрде бастады.

TikTok бас директоры Шоу Цзы Чу қызметкерлерге АҚШ инвесторлары басым болатын бірлескен компания құру жөнінде міндетті келісімдерге қол қойылғанын хабарлады. Мәмілеге Oracle, Silver Lake және MGX қатысады. Егер Қытай реттеушілері мақұлдаса, келісім 2026 жылдың 22 қаңтарында жабылады.

Жаңа компания деректерді қорғау, контентті модерациялау және алгоритмдердің қауіпсіздігіне жауап береді. Басқару кеңесінде америкалықтар көпшілік болады. ByteDance 19,9% үлесті сақтайды, ал оның алгоритмдері Oracle серверлерінде сақталатын АҚШ деректері негізінде жаңа жүйені үйрету үшін лицензияланады. Бұл қадам TikTok айналасындағы ұзаққа созылған саяси дауды азайтуға бағытталғанымен, кейбір сыншылар Қытай ықпалы толық жойылмайды деп санайды.

Жапония Банкі мөлшерлемені 30 жылдағы ең жоғары деңгейге көтерді

CNBC-дің жазуынша Жапония Банкі негізгі қысқамерзімді мөлшерлемені 0,75%-ға дейін көтерді. Бұл — 1995 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Шешім нарық күткен деңгейде болды.

Мөлшерлеменің өсуі мемлекеттік облигациялардың арзандауына әкелді: 10 жылдық бондтардың кірістілігі 2,02%-ға жетіп, 1999 жылдан бергі максимумды көрсетті.

Жапонияда инфляция 44 ай қатарынан 2%-дық мақсаттан жоғары. Қарашада баға өсімі 2,9% болды, ал нақты жалақы оныншы ай қатарынан төмендеп жатыр. Орталық банк 2026 жылдың екінші жартысында базалық инфляция баяулайды деп күтеді, бірақ баға мен жалақының біртіндеп өсу үрдісі сақталады деп санайды. Дегенмен, мөлшерлемені көтеру экономика үшін тәуекелді күшейтеді, себебі Жапонияның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің шамамен 230%-ына тең.

ЕО Украинаға €90 млрд көмек беруге келісті

CNBC дерегінше, Еуроодақ елдері Украинаға 2026–2027 жылдары €90 млрд көлемінде көмек көрсету туралы келісімге келді. Бұл туралы Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта мәлімдеді.

Бастапқыда €210 млрд көлеміндегі бұғатталған ресейлік активтерді пайдалану ұсынылған, бірақ құқықтық тәуекелдер мен сот талаптарынан қауіптеніп, бұл жоспардан бас тартылды. Нәтижесінде көмек ЕО бюджетін кепілге қоя отырып, ортақ қарыз алу арқылы қаржыландырылмақ. 2022 жылдан бері ЕО-ның Украинаға көрсеткен жалпы көмегі €187 млрд-тан асты.

ICICI Prudential AMC акциялары IPO-дан кейін 20% өсті

Үндістандағы ірі активтерді басқару компанияларының бірі ICICI Prudential AMC акциялары биржадағы алғашқы күні 20%-ға қымбаттады. IPO көлемі 106 млрд рупийді (шамамен $1,17 млрд) құрады, деп жазады CNBC.

Акциялар ең жоғарғы баға — 2165 рупиймен орналастырылып, сауда барысында 2593 рупийге дейін өсті. IPO-ға сұраныс ұсыныстан 39 есе асып түсті, негізінен институционалдық инвесторлар есебінен. Жеке инвесторлар тарапынан сұраныс 2,5 есе болды.

ICICI Prudential AMC Үндістандағы белсенді пайлық қорлар бойынша ең ірі активтерді басқарады және 15,5 млн жеке клиенті бар. Бұл орналастыру Үндістанда пайлық қорларға жеке инвесторлар қызығушылығының қарқынды өсіп жатқанын көрсетеді. Bain бағалауынша, елдегі басқарудағы активтер көлемі 2035 жылға қарай $3,3 трлн-ға жетуі мүмкін.

Нарықтарда не болып жатыр

— Жапонияның Topix индексі 1,02%-ға, Nikkei 225 — 1,26%-ға өсті.

— Гонконгтың Hang Seng индексі 0,57%-ға, Қытайдың CSI 300 индексі 0,36%-ға көтерілді.

— Оңтүстік Кореяда Kospi 1,03%-ға, Kosdaq 1,42%-ға өсті.

— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,47%-ға жоғарылады.

— АҚШ-та S&P 500 фьючерстері айтарлықтай өзгермеді, Nasdaq Composite фьючерстері 0,13%-ға өсті, ал Dow Jones фьючерстері 0,26%-ға төмендеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары