Қытайдағы әлсіз сұраныс пен баж салығы Nike табысына қысым жасады

Nike спорттық киім мен аяқ киім өндірушісі Қытайдағы сатылым азайғанын және ағымдағы тоқсанға әлсіз болжам бергенін хабарлады. Осы жаңалықтан кейін 18 желтоқсанда қосымша саудада компания акциялары 11%-ға дейін төмендеді. Инвесторлар бизнестің қалпына келуі күткеннен баяу жүріп жатқанына наразы. Дегенмен өткен тоқсанда Nike-тың табысы мен пайдасы Солтүстік Америкадағы сатылым өсімі есебінен Уолл-стрит күтулерінен жоғары болды.
Егжей-тегжейлі
2026 қаржы жылының 30 қарашада аяқталған екінші тоқсанында Nike-тың Үлкен Қытайдағы түсімі 17%-ға төмендеп, $1,42 млрд болды.
Компания баж салығының өсуінің әсерін де сезінуде. CNBC-дің жазуынша Nike-тың жалпы маржасы 3 пайыздық тармаққа қысқарды, ал қорлар 3%-ға азайды — бұған жоғары баждар негізгі себеп болды.
Екінші тоқсан қатарынан Converse суббренді әлсіз нәтиже көрсетті: оның табысы жылдық есепте 30%-ға құлады (алдыңғы тоқсанда –27%).
Ағымдағы тоқсанда Nike табыс 1–3% шамасында төмендейді деп күтеді. Солтүстік Америкада өсім сақталады, бірақ жалпы нәтиже әлсіз болады, деп мәлімдеді компанияның қаржы директоры Мэтт Френд.
Есеп жарияланғаннан кейін инвесторлар акцияларды жаппай сата бастады: бағасы $59-дан төмен түсіп, шамамен 11% жоғалтты. Бұған дейін негізгі саудада акциялар бар болғаны 0,1%-ға төмендеген еді.
Есептегі оң тұстар
Қытайдағы қиындықтарға қарамастан, тоқсан жалпы алғанда жаман емес болды. Nike-тың тоқсандық табысы 1%-ға өсіп, $12,43 млрд жетті (нарық күткені — $12,22 млрд).
Акцияға шаққандағы түзетілген пайда $0,53 болды, ал болжам $0,38 еді.
Қытайдағы әлсіздікті Солтүстік Америкадағы сатылым жапты: ол 9%-ға өсіп, $5,63 млрд болды. Көтерме сатудан түскен табыс 8%-ға артып, $7,5 млрд жетті. Ал тікелей онлайн және фирмалық дүкендер арқылы сатылымдар 8%-ға төмендеп, $4,6 млрд болды.
Компания сондай-ақ Nike.com сайтында Black Friday сатылымы тарихтағы ең жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Инвесторлар үшін бұл нені білдіреді
Bloomberg-тің жазуынша, нәтижелер Nike-тың алға жылжып келе жатқанын көрсеткенімен, инвесторлар әлсіз бағыттар бойынша нақты жауаптар күтуде. Компания әлі де ұзақмерзімді болжам ұсынбады, бұл басқару командасы жағдайды толық бақылауға алған жоқ дегенді білдіреді.
Bloomberg Intelligence сарапшысы Пунам Гойял:
«Тікелей сатылым және Қытай бағыты көңілден шықпады. Қалған көрсеткіштер жаман емес, бірақ қашан жағдай түзелетінін білу маңызды», — деді.
Nike бас директоры Эллиот Хилл компания қалпына келу жолының ортасында тұрғанын айтты. Қытайдағы жағдайды түзетуге көп уақыт қажет, өйткені онда баға қысымы мен сұраныстың әлсіздігі сақталып отыр.
Аналитиктер не дейді
Жыл басынан бері Nike акциялары 13%-дан астам арзандады. Соған қарамастан, MarketWatch дерегіне сәйкес, аналитиктердің басым бөлігі акцияларды сатып алуға кеңес береді: 38 сарапшының 25-і — Buy немесе Overweight, 11-і — Hold, тек 2-еуі — Sell.
Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы — $83,1, бұл 18 желтоқсандағы жабылу бағасынан шамамен 26% жоғары.








