БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Уолл-стрит оптимистік көзқараста: Nike қағазы көтеріле ме?

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Уолл-стрит оптимистік көзқараста: Nike қағазы көтеріле ме?

KeyBanc спорттық киім өндірушісі Nike акциясын сатып алуды ұсынып, 21% өсуін күтеді. Одан бөлек, тағы бірнеше сарапшы акцияға қойған таргетін көтерді. Бұл акция соңғы екі жыл қатарынан модельдердегі инновацияның болмауы және қоймаларда ескірген коллекциялардың жиналып қалуы себебінен арзандап келген еді. Уолл-стриттегі бұл қайта қараулар Nike-тың тоқсандық есебі жарияланғаннан кейін жасалды. Есепте компания пайда мен табыс бойынша сарапшылардың күтулерінен асып түсті.

Егжей-тегжейлі

KeyBanc сарапшысы Эшли Оуэнс Nike акциясының рейтингін бейтарап деңгейден «Нарықтан жоғары» (Overweight) деңгейіне көтерді, бұл сатып алуға кеңес берумен тең. Сондай-ақ, мақсатты бағасын $90 деңгейінде белгіледі — бұл алдыңғы сауда жабылысынан 21%-дан астам жоғары.

Банк Nike-тың 2026 қаржы жылының 31 тамызда аяқталған бірінші тоқсанына арналған есебі жарияланғаннан кейін рейтингін жаңартты. Компания күтпеген жерден сатылымның 1% өскенін хабарлады, ал бұған дейін табыс жылдық мәнде бірнеше пайызға төмендейді деп болжаған еді. Тоқсандық табыс $11,7 млрд болды, ал Уолл-стритте $11 млрд деп күтілген, деп жазады LSEG. Бір акцияға шаққандағы пайда $0,49 болды, ал сарапшылар $0,27 деп болжаған.

30 қыркүйекте есеп шыққаннан кейін Nike акциясы 6%-дан астам өсіп, тамыз соңынан бергі максимумды жаңартты. Соңғы бір жылда қағаз шамамен 10% арзандады.

KeyBanc неге Nike-қа сенеді?

Компания алдағы мерекелік маусымда сатылым әлсіз болуы мүмкін деп ескерткеніне қарамастан, Оуэнстің пікірінше, Nike бірнеше қиын жылдан кейін «тұрақты қалпына келуге» дайындалып жатыр.

«Қысқа мерзімді перспективада баж салығына, цифрлық сату арналарының әлсіздігіне және Қытайдағы сатылымның төмендеуіне байланысты құбылмалылық сақталғанымен, біз компанияның жаңа стратегиясы, инновациялық өнімдік конвейері және дистрибуцияны қайта іске қосуы Nike-тың тұрақты өсу мен маржаны қалпына келтіру жолындағы позициясын нығайтып жатқанын санаймыз», — деп жазды сарапшы CNBC келтірген жазбасында.

Оуэнстің айтуынша, Nike-тың жүгіруге арналған кроссовка сатылымы «тұрақты ілгерілеуді» көрсетуде — олар тоқсанда 20%-дан астам өсті. Әсіресе өнім желісін қайта құрылымдау компанияға әр маусым сайын бір жаңа жүгіру үлгісін шығаруға мүмкіндік беретіні маңызды, деп атап өтті сарапшы.

 Басқа да сарапшылар пікірі

Nike есеп жариялағаннан кейін Уолл-стриттің бірқатар сарапшылары спорттық киім өндірушісінің акциясына қойылған мақсатты бағаларын қайта қарады.

— Morgan Stanley Nike акциясына таргетін $70-дан $72-ға көтеріп, бейтарап рейтингін сақтады, деп жазады Investing.com. Инвестбанк есеп деректерін «қалпына келудің айтарлықтай прогресі» деп атады және компания менеджменті негізгі көрсеткіштерді бақылауда ұстағанын атап өтті. Дегенмен, мақсатты бағаның өсуіне қарамастан, Morgan Stanley сарапшылары Nike-тың бұрынғы өсу қарқыны мен рентабельділік деңгейіне қайта оралу қабілетіне күмәнмен қарайды — орта және ұзақ мерзімді перспективада өсім орташа және жоғары бір таңбалы деңгейде (5–9%) ғана, ал маржа шамамен 13% болады деп бағалайды.

— JPMorgan Nike акциясына мақсатты бағаны $93-дан $100-ға көтеріп, «Нарықтан жоғары» рейтингін сақтады. Инвестбанк негізгі сату арналарының қалпына келе бастағанын және артық қорлардан қысымның азайғанын атап өтті. JPMorgan сарапшылары 2026 қаржы жылына Nike-тың бір акциясына шаққандағы пайда болжамын $1,32-дан $1,42-ға көтерді, операциялық маржа 5,6% деңгейінде болады деп күтеді. Ал 2027 жылы табыс 5% өсіп, операциялық маржа 8,5%-ға жеткен жағдайда, бір акцияға пайда $2,24 болады деп болжайды.

— UBS есеп жарияланбас бұрын, 19 қыркүйекте Nike акциясына таргетін $63-дан $71-ға көтеріп, 1 қазанда бұл мақсатты бағаны растады. Сонымен қатар, банк бейтарап бағасын сақтады. UBS 2026 қаржы жылына Nike-тың бір акциясына шаққандағы пайда болжамын 10% өсіріп, $1,55-ға жеткізді. Мұны сарапшылар сатылымға қатысты жақсарған күтулермен түсіндірді, әсіресе Солтүстік Америка, Еуропа, Таяу Шығыс және Африкада. Дегенмен, табыс бойынша оптимистік болжамға қарамастан, сарапшылар екі тежеуші факторды атады: жылдың екінші жартысында баж салығының ықпалы мен сату арналары мен өнімдік микстің қолайсыз өзгерісіне байланысты валдық маржаға қатысты сақ болжам, сондай-ақ, салық мөлшерлемесінің көтерілуі.

— Piper Sandler Nike акциясына мақсатты бағаны $80-дан $84-ға көтеріп, «Нарықтан жоғары» рейтингін сақтады. Инвестбанк 2026 қаржы жылының бірінші тоқсанында Nike сатылымы 1% өскенін атап өтті — бұл бетбұрыс сәт болжамнан екі тоқсан бұрын орын алған.

MarketWatch деректеріне сәйкес, спорттық киім өндірушісінің акциясын қадағалайтын 38 сарапшының ішінен сатып алуға — 21, ұстауға — 15, ал сатуға — 2 сарапшы кеңес берді. Уолл-стрит консенсус бағасы шамамен $82 құрайды, бұл сәрсенбі күнгі сауда жабылу бағасынан 10,5% төмен.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары