Таңғы шолу: мыс бағасына болжам, Жапония орталық банкі ETF сата бастамақ

Қытайда бөлшек сауда өсімі Covid-19 пандемиясын есептемегенде, тарихтағы ең төмен деңгейге жетті. Жапония орталық банкі көлемі 83 трлн иенге тең ETF портфелін сата бастауға дайындалып жатыр. Ал ІІ-шешімдер әзірлейтін ServiceNow киберқауіпсіздік стартапы Armis-ті $7 млрд-қа сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізуде.
Осы және өзге де маңызды тақырыптар — 15 желтоқсан таңына арналған басты оқиғалар шолуында.
Қытайда бөлшек сауда өсімі пандемиядан бергі ең әлсіз деңгейде
Bloomberg-тің мәліметінше Қытайда қараша айында бөлшек сауда көлемі жылдық есепте бар болғаны 1,3% өсті. Бұл — Covid-19 пандемиясы кезеңін есептемегенде, тарихтағы ең төмен көрсеткіш. Нәтиже аналитиктердің барлық болжамынан да нашар шықты: орташа болжам өсім 2,9% деңгейінде сақталады деген еді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар да нарықты қанағаттандырмады. Қаңтар–қараша аралығында олар 2,6%-ға қысқарды. Осылайша, бұл көрсеткіш 1998 жылдан бері алғаш рет жыл қорытындысы бойынша төмендеуі мүмкін.
Жапония орталық банкі 83 трлн иендік ETF-ті сатуға дайындалып жатыр
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша Жапония банкі келесі айдан бастап өзінің биржалық қорлар (ETF) портфелін біртіндеп сата бастауға ниетті. Бұл шешім қыркүйекте қабылданған, ал сатылым нарықты шайқалтпау үшін өте баяу жүргізіледі.
Қыркүйек соңындағы жағдай бойынша ETF-тердің нарықтық құны 83 трлн иенге ($534 млрд) жеткен, ал баланстық құны — 37,1 трлн иен. Реттеуші оларды жылына шамамен 330 млрд иен көлемінде (баланстық құны бойынша) сатуды жоспарлап отыр. Мұндай қарқынмен бұл процесс 100 жылдан да ұзаққа созылуы мүмкін.
Банк 2000-жылдардағы тәжірибеге сүйеніп отыр: сол кезде банктерден алынған акциялар нарыққа зиян келтірмей сатылған. ETF сатылымы тұрақты түрде жүрмек, бірақ ірі дағдарыс болса, уақытша тоқтатылуы мүмкін. Процестің операторы ретінде Sumitomo Mitsui Trust Bank таңдалған.
ServiceNow Armis-ті $7 млрд-қа сатып алуы мүмкін
Корпоративтік ІІ-шешімдер әзірлейтін ServiceNow киберқауіпсіздік саласындағы Armis стартапын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Bloomberg. Мәміле сомасы $7 млрд-қа дейін жетуі мүмкін. Бұл ServiceNow тарихындағы ең ірі сатып алу болмақ. Алайда келіссөздер әлі де үзілуі мүмкін.
2016 жылы құрылған Armis интернетке қосылған құрылғыларды қорғаумен айналысады. Бір ай бұрын компания $435 млн инвестиция тартып, IPO-ны 2026 жылдың соңы — 2027 жылдың басына жоспарлаған. Тамызда Armis жылдық тұрақты табысы $300 млн-нан асқанын хабарлаған. Инвесторлары қатарында Goldman Sachs Alternatives, CapitalG, Sequoia Capital және Bain Capital Ventures бар.
Citi: мыс бағасы тағы 30%-ға өсуі мүмкін
Citi сарапшылары мыс бағасы 2026 жылдың басында тоннасына $13 000, ал екінші тоқсанда тіпті $15 000-ға жетуі мүмкін деп болжайды, деп жазады CNBC. Биыл мыс бағасы қазірдің өзінде 30% өскен.
15 желтоқсанда мыс 1,5% қымбаттап, $11 656 болды. Бұған дейін баға $12 000 рекордына жетіп, кейін ІІ-мен байланысты акциялардың жаппай сатылуы аясында 3% төмендеген еді. Бұл мысқа деген сұранысқа қатысты алаңдаушылықты күшейтті, себебі металл электр сымдарында және жасыл энергетика жабдықтарында кең қолданылады.
CNBC мәліметінше, мыс бағасының өсуіне өндірістегі іркілістер мен АҚШ-тың импорттық баж салығын енгізуі мүмкін деген қауіп әсер етуде. Citi өсімнің негізгі себептері ретінде энергетикалық көшу, электрлендіру және дата-орталықтар құрылысының артуын атайды.
Сонымен қатар трейдерлер мысды АҚШ-қа белсенді түрде жеткізіп жатыр, себебі ол жерде баға жоғары. Бұл АҚШ-тан тыс жерлерде тапшылық тудырып, Лондон металл биржасындағы қорлардың азаюына әкелді. Жағдайды Glencore мен Rio Tinto сияқты ірі өндірушілердің 2026 жылға арналған өндіріс болжамдарын төмендетуі де ушықтырып отыр.
Нарықтардағы жағдай
Дүйсенбі күні Азия–Тынық мұхиты аймағындағы нарықтар жұмадағы АҚШ қор индекстерінің құлдырауынан кейін төмендеді. CNBC пікірінше инвесторлар ІІ-мен байланысты мәмілелерде үзіліс жасаған. Қытайдан шыққан әлсіз статистика да қысым көрсетті.
Гонконгтың Hang Seng индексі — −1,2%, Қытайдың CSI 300 — −0,5%
Оңтүстік Кореяда Kospi — −1,3%, Kosdaq ашылуда −1,2% түсіп, кейін шығынды жапты. SK Hynix акциялары 2%+-ға, Samsung Electronics 3,5%-ға арзандады
Жапонияда Topix +0,3%, Nikkei 225 −1,2%
Австралияның S&P/ASX 200 — −0,7%
АҚШ фьючерстері: S&P 500 — +0,2%, Nasdaq — +0,16%, Dow Jones — +0,3%








