«Таза үмітпен көтерілу»: АҚШ акциялары соңғы төрт жылдағы ең ұзақ өсуін жалғастырды

Қазан айының қорытындысы бойынша АҚШ акциялары өсіммен аяқталды. Financial Times жазуынша, бұл – соңғы төрт жылдағы ең ұзақ өсу кезеңі. Инвесторлардың көңіл-күйіне жасанды интеллект (ЖИ) төңірегіндегі қызу талқылаулар, АҚШ Федералдық резервінің мөлшерлемені төмендетуі және Дональд Трамптың Қытайға сауда қысымын азайту туралы шешімі әсер етті.
Егжей-тегжейі
– 31 қазандағы саудада технологиялық Nasdaq Composite индексі 0,6% өсіп, 23 725 тармаққа жетті. Бұл өсімге Amazon акциялары себеп болды, олар есеп жарияланғаннан кейін 9,6% көтерілді. Сонымен қатар, Netflix акциялары 10-ға 1 сплит жариялағаннан кейін 2,7% өсті. Апта ішінде Nasdaq 2%-дан аса өсті.
– S&P 500 индексі жұма күні 0,3%-ға артып, 6840,2 тармаққа жетті. Апта бойы шамамен 1% өсім болды.
– Dow Jones Industrial Average индексі (негізгі ірі компаниялар) 0,1%-ға ғана өсіп, 47 562,9 тармақпен аяқталды. Апта ішінде шамамен 1% қосылды.
– Russel 2000 (шағын компаниялар индексі) 0,5%-ға артып, 2479,4 тармаққа жетті. Дегенмен апта ішінде 2,2% төмендеді.
– Алтын бағасы аздап түсіп, унциясы $4009,7 болды.
CNBC жазуынша, тарихта қазан айы көбіне үлкен құлдыраулармен танымал болғанымен, биылғы қазан жағымды өтті. S&P 500 бір айда 2%-дан аса өсіп, қатарынан алтыншы ай бойы өсті. Nasdaq 5%-ға жуық өсіп, жетінші ай бойы үздіксіз өсуде — бұл 2018 жылдан бергі ең ұзақ өсім. Russel 2000 – 1,5%, DJIA – 2%-дан аса көтерілді.
Қор нарығына не әсер етті?
Amazon акциялары дерлік 10%-ға көтерілді. Себебі компания бұлттық бөлімшесі – AWS-тің үшінші тоқсандағы табысы 20%-ға артқанын хабарлады, бұл Уолл-стриттің күткенінен жоғары болды. Бас директор Энди Джасси 2022 жылдан бері мұндай өсімді алғаш рет көріп отырғанын айтты, ал ЖИ мен инфрақұрылымға сұраныс әлі де жоғары.
Amazon есебінен кейін инвесторлар ЖИ-мен байланысты басқа акцияларды да белсенді сатып ала бастады. Palantir (әскери ЖИ әзірлеуші) акциялары 3%-дан астам өсті, ал Oracle шамамен 2%-ға көтерілді.
Тарифтерге қатысты алаңдаушылықтар да бәсеңдеді: АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Оңтүстік Кореядағы кездесу нәтижесінде бір жылдық сауда келісіміне келісті.
Сарапшылар не дейді?
– Bianco Research президенті Джим Бьянко: «Аптаның басында ЖИ-дің нарыққа әсері туралы алаңдаушылық болды, бірақ қазір бұл таза оптимизмге ауысты».
– Zacks Investment Management компаниясының сарапшысы Брайан Малберри CNBC-ге: «ЖИ-ді енгізу жеделдеп жатыр. Сондықтан Google-дің Gemini платформасына есептеу қуаты мен функционалдығы тұрғысынан инвестициялау орынды. 2025 жылға технологиялық компаниялар $600 млрд-тан астам инвестиция салатынын мәлімдеді. Инвесторлар бұл қаражат ЖИ өнімдерінің нақты сатылымына қалай әсер ететінін мұқият бақылайтын болады».
– Barclays компаниясынан Вену Кришна: «ЖИ-дің әсері шынайы әрі маңызды болады деген ортақ пікір қалыптасып жатыр. Есеп беру маусымы сәтті өтуде, мөлшерлеменің төмендеу кезеңі басталды, әрі АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісімі үміт ұялатады».
– Nationwide сарапшысы Марк Хакетт Bloomberg-ке: «Біз жылдың ең күшті маусымдық кезеңіне кірдік. 1950 жылдан бері қараша-желтоқсандағы орташа өсім – 3,3%».
– Fundstrat Global Advisors өкілі Томас Ли: «Қазір маусымдық тұрғыда күшті төртінші тоқсандамыз. Сондықтан нарықтағы түсулерді сатып алу мүмкіндігі ретінде қолданамыз. Бұл тек ЖИ туралы ғана емес. АҚШ пен халықаралық компаниялар тұрақты табыс өсімін қамтамасыз ете алатынын дәлелдейді».








