Tesla акционерлеріне xAI-ға инвестиция жасау туралы дауыс беруді ұсынбақ

Tesla компаниясы акционерлерге Tesla бас директоры Илон Маскке тиесілі xAI стартапына инвестиция құю туралы мәселені дауысқа салуды ұсынбақ. Масктың басқа бір стартапы — SpaceX — xAI-ды қазірдің өзінде 2 млрд доллармен қаржыландырды. Байланысты компаниялар арасындағы қарыздар мен инвестициялар сирек емес, алайда бұл жағдайда ол алаңдатарлық белгі болуы мүмкін.
Егжей-тегжейлі
«Егер бұл менің қолымда болса, Tesla әлдеқашан xAI-ға инвестиция салар еді», — деп жазды Маск X әлеуметтік желісінде. «Бұл мәселеге қатысты акционерлер арасында дауыс береміз», — деп қосты Tesla басшысы, бірақ дауыс беру нақты қашан өтетінін нақтыламады. X қолданушысы Tesla инвесторларынан xAI-пен бірігуді қолдайсыздар ма деп сұрағанда, Маск: «Жоқ», — деп жауап берді.
Масктың бұл мәлімдемесі The Wall Street Journal деректерін растап, SpaceX компаниясы xAI-ға 2 млрд доллар инвестиция құятынын хабарлағаннан бірнеше сағат өткен соң айтылды, деп жазады Business Insider.
Бұл нені білдіреді?
Tesla ресурстарын өзінің жеке компанияларын қолдауға пайдалану ниетін Маск бұрыннан жасырмай келеді. Ол Tesla-ның xAI-ға инвестиция салуы мүмкін екенін 2024 жылы-ақ тұспалдаған, бірақ бұл мәселені дауысқа салуға тек енді уәде беріп отыр. Әдетте, Tesla-ның жылдық акционерлер жиналысы жазда өтеді. Алайда 2025 жылы ол компания тарихындағы ең кеш мерзімге — қарашаға шегерілді. Осылайша, Масктың акционерлерді мәмілені қолдауға сендіруге шамамен төрт айы бар, деп жазады Electrek.
Мәміленің құрылымы әлі белгісіз. Алайда Маск бұрын Tesla-дағы үлесін арттырғысы келетінін ашық мәлімдеген. Ол X (бұрынғы Twitter) желісін сатып алу үшін акцияларының едәуір бөлігін сатқаннан кейін, Tesla-да 25%-дан аз үлеске ие болу өзін жайсыз сезіндіретінін айтқан.
2025 жылдың көктемінде Маск X компаниясын өзінің xAI-ына сатып, сатып алуды толығымен акциялармен төлеген. Енді ол Tesla-ның xAI-ға инвестициясын акциялармен айырбас арқылы жүзеге асыруы мүмкін. Масктың қазіргі 12%-дан 25%-ға дейінгі үлесін ұлғайтуы үшін xAI-дың бағалауын тым жоғары көрсетуі, Tesla-ны тым төмен бағалауы немесе Tesla-ға xAI-дың елеулі үлесін беруі қажет болады — немесе бұл қадамдардың барлығын бірдей жасауға тура келуі мүмкін, деп болжайды Electrek.
Маск компаниялары арасындағы инвестициялар капитал тапшылығынан туындаған деу қиын — SpaceX пен xAI Маск төңірегіндегі дауларға қарамастан, оңай қаржы тарта алады, дейді Barron's. Мұндай айқаспалы қаржыландыру Масктың басқаратын компанияларын бір холдингке біріктіруі мүмкін деген қауесетті күшейтуде. Бұл болжамдар өз кезегінде аталған компаниялардың нарықтағы бағасын жоғары деңгейде ұстап тұр, деп жазады басылым.
Контекст
Шын мәнінде, Tesla Масктың жеке компанияларына қолдау көрсетіп үлгерді. CNBC-дің мәліметінше, Маск Tesla үшін брондалған, жетіспеушілікке ұшыраған Nvidia-ның мыңдаған ЖИ-чиптерін xAI мен X компанияларына бағыттаған. Бұдан бөлек, xAI бірнеше рет Tesla мамандарын өзіне тартқан, бұл Масктың Tesla-ны жеке жобаларына кадрлық резерв ретінде пайдаланып жатқанын көрсетеді, деп жазады Electrek.
Осы демалыс күндері Tesla Grok атты xAI чат-боты арқылы дауыс басқару жүйесі 12 шілдеден бастап жеткізілетін барлық жаңа Tesla автокөліктерінде қолжетімді болатынын хабарлады. Бұл функцияны бұрынғы модельдерде іске қосу үшін AMD процессоры (InsideEVs мәліметі бойынша, ол шамамен 2021 жылдан бері Tesla электромобильдеріне орнатылады), соңғы жаңартылған жүйе, Wi-Fi желісі немесе айына $9,99 тұратын жазылым қажет.
Tesla-дан көптен бері модельдер қатарын тұтынушылар үшін тартымдырақ ету күтілуде. Алайда Grok секілді интеграциялар — тұтынушылардың бірінші кезекте қалайтын нәрсесі емес. Компания Қытай сияқты негізгі нарықтарда позициясын жылдам жоғалтуда, бұл елде бәсекелестер ыңғайлылыққа, жарқын дизайнға және цифрлық мүмкіндіктерге басымдық береді, деп жазады InsideEVs.
Акциялар қалай әсер етті
Tesla акциялары Nasdaq премаркетінде 1%-ға өсіп жатыр. 2025 жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны Масктың саясатқа қызығушылығы салдарынан төрттен бірге жуық азайды. Бұрын Tesla-ны қолдаған прогрессивті аудитория Масктың АҚШ-тағы президент сайлауы алдында республикалықтарға симпатия танытуына байланысты брендтен алшақтай бастады. Сонымен қатар, оның АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамппен ашық қақтығысы Tesla үшін салықтық жеңілдіктерден айырылу қаупін тудырады.
FactSet деректеріне сәйкес сарапшылар орташа есеппен инвесторларға Tesla акцияларын сатып алмауға да, сатпауға да кеңес береді (консенсус-рейтинг Hold — «ұстау»). Қызметтің есептеуінше, Tesla акцияларының орташа мақсатты бағасы — $312,73, бұл бағаның келесі жылы 0,2%-ға төмендеуін білдіреді.








