Tesla Dojo суперкомпьютерін жасау жобасын жапты. Бұл кімге тиімді?

Tesla Dojo суперкомпьютерін жасау жобасын тоқтатты. Ол бастапқыда Nvidia чиптеріне негізделген шешімдермен бәсекелес болуы тиіс еді. Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша, өз автономды жүргізу технологиялары үшін жеке чиптерге сүйенуден бас тарту туралы шешімді Tesla бас директоры Илон Маск жеке өзі қабылдаған. Енді компания серіктестеріне көбірек арқа сүйемек.
Егжей-тегжейі
Bloomberg әңгімелескен дереккөздердің айтуынша, Маск Dojo суперкомпьютері жобасын жабуды бұйырған. Жобаның бас әзірлеушісі Питер Бэннон Tesla-дан кетеді.
Соңғы уақытта Dojo командасынан шамамен 20 инженер кеткен. Олар Tesla-ның бұрынғы қызметкерлері құрған DensityAI стартапына ауысқан.
Қалған мамандарды басқа жобаларға ауыстырады. Негізінен, бұл дата-орталықтар мен есептеу қуаттарына қатысты бағыттар болады, деп хабарлады дереккөздер.
2024 жылдың басынан бастап Маск акционерлерді Tesla жай ғана электромобиль өндірушісі болмайтынына сендіріп келді. Компания жасанды интеллект пен робототехника саласында көшбасшыға айналуды көздеді.
Бұл трансформацияның негізгі бөлігі Dojo Tesla көліктері жинайтын бейнежазбалар мен өзге де ауқымды деректер негізінде жасанды интеллект модельдерін өңдеп, үйретуге арналған мамандандырылған суперкомпьютер болуы тиіс еді.
Dojo және Cortex деп аталатын тағы бір суперкомпьютер жүргізушіге көмек жүйесін жетілдіруі керек болатын. Сондай-ақ олар Масктың қолданыстағы Tesla көліктерін роботаксиға айналдыру жөніндегі уәдесін орындауға көмектесуі тиіс еді, деп жазады CNBC.
Кімге тиімді?
Dojo-дан бас тартқаннан кейін Tesla сыртқы жеткізушілерге көбірек сүйенуді жоспарлап отыр. Есептеу қуатын Nvidia мен AMD әзірлемелері қамтамасыз етеді. Ал чиптерді шығару міндетін Samsung Electronics атқарады, деп хабарлады Bloomberg дереккөздері.
Tesla және чат-бот Grok әзірлеушісі xAI Nvidia мен AMD чиптерін сатып алуды жалғастырады. Бұл туралы Маск 2025 жылдың мамырында CNBC телеарнасына берген сұхбатында айтқан.
Шілде айында Tesla Samsung-пен 16,5 млрд долларлық келісімшартқа қол қойды. Ол бойынша 2033 жылға дейін жасанды интеллектке арналған процессорлар жеткізіледі.
Samsung-тың Техастағы болашақ зауыты Tesla AI6 чипінің жаңа буынын шығарады. Бұл оңтүстіккореялық технология алыбының қиын жағдайдағы келісімшарттық бизнесін нығайтады.
Алайда Reuters-тің жазуынша, бұл келісім Tesla-ға электромобиль сатылымдарының төмендеуін тоқтатуға немесе роботаксиді нарыққа жылдам шығаруға көмектеспейді. Себебі чиптер өндірісі жақын арада басталмайды.
Акциялар жағдайы
2023 жылдың қыркүйегінде Tesla акциялары бір күнде 6%-ға өсті. Бұған Morgan Stanley-дің Dojo суперкомпьютері компания капитализациясын шамамен 600 млрд долларға арттыруы мүмкін деген мәлімдемесі себеп болды.
Сол кезде инвестбанк Tesla акциялары бойынша ұсынымды нейтралды деңгейден (equal weight) «нарықтан жоғары» деңгейге (overweight — «сатып алу» ұсынымына сәйкес) көтерді. Сондай-ақ Ferrari акцияларын «негізгі инвестициялық идея» ретінде Tesla қағаздарымен ауыстырды.
Dojo-дан бас тарту туралы жаңалықтан кейін бейресми нарықта Tesla акциялары арзандады. Robinhood платформасындағы тәулік бойғы саудада 8 тамызда Tesla акциялары 0,6%-ға төмендеді. Бұл дүйсенбіден бейсенбіге дейінгі 5,7%-дық өсуінен кейін болды.
FactSet дерегінше, 21 биржалық сарапшы Маск компаниясының акцияларын сатып алуды (Buy және Overweight рейтингтері) ұсынады. Дәл осынша сарапшы қағаздарды портфельде ұстап тұруға кеңес береді. Ал әлемдегі ең қымбат электромобиль өндірушісінің акцияларын сатуға Уолл-стриттің тоғыз сарапшысы ғана шақырады.








