Tesla Еуропада қайтадан қытайлық BYD-ке жол берді. Инвесторлар қайтпек?

Tesla Еуропада позициясын жоғалтып жатыр: тамызда электромобиль сату 37%-ға құлдырады, ал қытайлық BYD үш еседен артық өсім көрсетіп, америкалық бәсекелесті екінші ай қатарынан басып озды. Tesla нәтижелерінің төмендеуі оның тұрақтылығына күмән туғызуда. Бұл, әсіресе, Илон Маскпен байланысты саяси және имидждік өзгерістер аясында болып отыр, деп жазады Barron’s. Компания акциялары 25 қыркүйектегі саудада 3,5%-ға төмендеді, ал BYD-тің депозитарлық қолхаттары 2,5%-ға өсті.
Егжей-тегжейі
ACEA дерегінше, тамызда Tesla ЕО елдерінде өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға аз — барлығы 8220 электромобиль сатты. Сол кезеңде BYD сатылымды 201%-ға өсіріп, 9130-ға жеткізді. Бұл — қатарынан сегізінші айда Tesla көрсеткішінің төмендеуі және екінші ай қатарынан ACEA деректері қытайлық компанияның артықшылығын тіркеді, деп жазады Reuters.
Tesla акциялары Нью-Йорк биржасында 3,4%-ға арзандады. Ал BYD қолхаттары 2,5%-ға қымбаттады.
Егер Ұлыбритания, Норвегия және ЕАСТ елдерін қоссақ, Tesla әлі де алда: 14 831 көлік сатылған. Ал BYD үлесінде — 11 455 көлік. Бірақ мұнда да Tesla-ның сату көлемі жылдық есеппен 22%-ға азайды, ал BYD көрсеткіші 216%-ға өсті.
Жыл басынан бері Tesla ЕО және ЕАСТ елдерінде 133 857 көлік сатты. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 33%-ға төмен. Ал BYD нәтижесі — 95 940 көлік, өсім 280%.
Неге бұл маңызды?
Жақында ғана Қытайда жергілікті ойыншы болған BYD-тің Еуропада, электромобильдің басты нарығында, Tesla-ны басып озуы — жаһандық EV индустриясында күштердің қайта бөлініп жатқанын көрсетеді, деп жазады Barron’s. Сату көлемінің төмендеуі Маск компаниясының үлесін азайтып отыр. Бұған дейін Tesla Еуропадағы әлсіз нәтижені Model Y өндірісінің жаңартылуымен түсіндірген еді. Бірақ құлдырау одан кейін де жалғасты.
Жалпы алғанда, 2025 жыл Tesla үшін қиын болып отыр. Жарты жылда әлем бойынша 721 мың электрокар сатылды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға аз. Уолл-стрит сарапшылары үшінші тоқсанда 447 мың көлік жеткізіледі деп болжап отыр. Бұл 2024 жылдың үшінші тоқсанынан 3%-ға төмен.
Markets.com атап өткендей, Tesla-ның бағалауы күмән туғызбауы үшін компания жоғары рентабельділікті сақтауы керек. Оның болашағы дамушы нарықтарға шығуымен, инновация мен тұрақты даму саласына инвестицияны жалғастыруымен байланысты. Жасыл энергетикаға басымдық, өндірістің тиімділігін арттыру және өзіндік құнды азайту компанияның бәсекелік артықшылығын нығайтып, ұзақ мерзімді өсіміне әсер ете алады.
TipRanks дерегінше, Уолл-стрит сарапшылары Tesla акцияларына аралас баға беріп отыр: 15 сарапшы сатып алуды ұсынса, 12-сі ұстауды, сегізі сатуды кеңес етеді. Орташа мақсатты баға 329,8 $ деңгейінде белгіленген, бұл қазіргі бағадан ширекке төмендеуді білдіреді.








