Tesla мен Waymo бәсекесіне қарамастан, Uber акциялары неге сенімді?

Инвесторлар Uber-дің жүргізушісіз көлік технологиясымен айналысатын бәсекелестерінен төнетін қауіптерді елемей отыр. Компанияның акциялары биыл шамамен 60% өсіп, рекорд жаңартты. Uber бизнесін кеңейтіп, тамақ пен алкоголь жеткізуді іске қосып, жаңа нарықтарға шығуда. Алайда сарапшылар Waymo мен Tesla-мен болатын бәсеке компания үшін қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді. Кейбір сарапшылар Uber-дің бұл стратегиясы нәтиже беруі мүмкін дейді, бірақ айтарлықтай өсім күтпейді.
Егжей-тегжейлі
Uber инвесторлары жүргізушісіз такси саласындағы бәсекелестерден төнетін қауіптерге қарамастан, компанияның алдағы уақытта өсетін әлеуеті жоғары екендігіне сенеді, дейді Bloomberg.
2025 жылы Uber акциялары шамамен 60% өсіп, тарихи рекордқа жетті. Бұл серпін компанияның Waymo сияқты робот-такси стартаптарымен серіктестігіне және жаңа нарықтарға шығуына байланысты болды. Осындай жетістіктерінің арқасында Uber S&P 500 индексіндегі ең жоғары кірістілік көрсеткен жетінші компанияға айналды, деп хабарлайды агенттік.
Сарапшылар не туралы ескертуде?
Uber-ді талдап отырған 57 сарапшының шамамен 80%-ы (45-і) акцияға “сатып алу” (Buy, Overweight) рейтингін беріп отыр. Алайда қалған сарапшылар қысқа мерзімді перспективада сақ болу керек деп есептейді және “ұстау” (Hold) бағасы орындырақ дейді, деп жазады Bloomberg. Uber бизнесін кеңейтіп жатқанына қарамастан, Waymo сияқты жүргізушісіз такси қызметтерінен келетін ұзақ мерзімді тәуекелдер инвесторларды алаңдатуын жалғастырып отыр. Waymo қазір Сан-Франциско, Финикс және Лос-Анджелесте өз бетінше жұмыс істесе, Остин мен Атлантада Uber-пен серіктес. Сонымен қатар, Tesla да осы бағытты дамытып жатыр — маусым айында компания Остинде жүргізушісіз такси қызметін сынақтан өткізе бастады.
Northwestern Mutual Wealth Management портфельдік басқарушысы Мэтт Стакидің айтуынша, инвесторлар арасында «қалай болғанда да клиентпен байланысты бақылауда ұстайтын — дәл Uber» деген пікір беки түсті. Алайда ол бұл көзқараспен келіспейді: «Егер компанияның болашағы туралы айтсақ, мен бұған күмәнмен қарар едім», — дейді сарапшы.
Aptus Capital Advisors портфельдік басқарушысы Дэвид Вагнер Uber-дің жүргізушісіз көлік саласындағы бәсекелестермен серіктестік стратегиясын оң бағалап отыр. Ол компанияға қатысты оптимистік көзқарасын сақтағанымен, айқын өсім драйверлері болмағандықтан, акциялар жақын арада айтарлықтай қымбаттай қоймайды деп есептейді.
«Нарық ақыры Uber-дің агрегатор ретіндегі осындай тәсілін мойындап, оны қолдай бастады», — дейді Вагнер.
Canaccord сарапшысы Джордж Джанарикастың айтуынша, Uber-дің әртүрлі жүргізушісіз көлік қызметтерімен серіктесу стратегиясы табысты болуы мүмкін. Бірақ ол бұл бағытта тәуекелдер әлі де жоғары екенін, сондықтан оларды елемеуге болмайтынын ескертеді.
«Болашақта нарықты бірнеше алып жүргізушісіз көлік компаниялары толық бақылауына алатын басқа сценарий де болуы мүмкін. Біз кез келген жағдайға дайынбыз, бірақ қазіргі белгісіздік пен нарықтың жылдам өзгеру қаупін ескере отырып, қысқа мерзімді перспективада ең дұрыс бағалау — бейтарап рейтинг (нейтралды баға)», — деп жазды ол өткен ай соңында жарияланған аналитикалық жазбасында.
Контекст
Uber бірнеше жыл бойы АҚШ пен шетелде жолаушылар тасымалы мен жеткізу бағытындағы негізгі бизнесін кеңейту үшін жаңа жобаларға инвестиция салып келеді. Бұл компанияға табысын өсіруге мүмкіндік беріп отыр — 2025 жылы табыс 15% құрайды деп күтілуде, деп жазады Bloomberg. Сонымен қатар, Uber әлем бойынша автокөлік өндірушілермен және технология әзірлеушілерімен оннан астам серіктестік келісім жасасты.








