БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Uber Лондонға роботакси әкелмек. Бәсекеде бәсі жете ме?

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Uber Лондонға роботакси әкелмек. Бәсекеде бәсі жете ме?

Такси шақыру және тамақ жеткізуге арналған америкалық Uber сервисі өздерінің толықтай автономды такси қызметін іске қосу үшін Лондонды таңдады. Мұндай мақсатта компания Ұлыбританиялық Wayve стартабымен ынтымақтастық орнатпақ. Бұл — Uber-дің өз бетінше жүргізушісіз көлік жасаудан бас тартып, серіктестікке негізделген стратегиясына сай келеді. Сарапшылар бұдан мәселе көрмейді: кейбір сарапшылар үшін Uber-дің роботаксиға қатысты ұстанымы компания акцияларына деген оптимизмге себеп болып отыр. Өйткені нарық әлі де өсіп келеді және онда Uber-ге де, Tesla-ға да, Waymo-ға да орын табылады, деп атап өтті Barron’s.

Егжей-тегжейлі

Uber 2026 жылдың көктемінде Лондонда автономды такси сынақтарын бастауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды компания. Бұл — Uber роботакси жобасын іске қосатын ең ірі нарық болмақ. Бағдарлама жасанды интеллектпен жұмыс істейтін Wayve стартабымен бірлесіп жүзеге асырылады. Uber алғаш рет автоматтандырудың төртінші деңгейі бойынша сынақ өткізбек — яғни көлікте автопилотты сақтандыратын жүргізуші мүлде болмайды. Wayve бас директоры Алекс Кендалл атап өткендей, Лондон — мұндай технология үшін сынақ жүргізуге ең күрделі орта, оның сөзін Business Insider келтірген.

«Біздің мақсат — Uber қызмет көрсететін әрбір қалада біздің роботаксилердің жүруі», — деді Кендалл BI-ге берген сұхбатында.

Uber сынақтарда нақты қандай көліктер қолданылатынын нақтыламады, алайда бұған дейін Wayve өзінің бағдарламалық жасақтамасы 2027 жылы Nissan көліктерінде қолданылатынын мәлімдеген болатын, деп жазады MarketWatch. Wayve компаниясы Лондонда орналасқан және автономды көліктерге арналған бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлейді. Оның инвесторларының қатарында SoftBank, Microsoft және Nvidia секілді ірі компаниялар бар.

Инвесторлар үшін нені білдіреді?

Tesla өз роботакси сервисін дербес әзірлеп жатқанда және алғашқы сапарларын маусым айында Техас штатындағы Остин қаласында іске қосуды жоспарлап отырғанда, Uber соңғы бір жыл ішінде әлем бойынша автономды басқару технологияларын әзірлеуші компаниялар мен автоөндірушілермен оннан астам серіктестік орнатты, деп жазады Bloomberg. Компания өз автономды технологияларын жасап шығарудан бас тартып, оның орнына оларды коммерцияландыруға арналған платформа ұсынуды жөн көрген. Uber роботакси сервистерін қазірдің өзінде бірнеше қалада іске қосқан: Остин, Финикс, Сан-Франциско мен Лос-Анджелесте — Waymo компаниясымен бірлесіп (Waymo — Google-дің бас компаниясы Alphabet-ке тиесілі), ал Абу-Дабиде — Қытайдың WeRide стартабымен серіктестікте. Жақын арада бұл тізімге Атланта қаласы да қосылмақ.

Уолл-стрит сарапшылары Uber-дің жүргізушісіз көліктер нарығына қатысуын жалпы оң бағалайды және бәсекелестік қауіп төндіреді деп санамайды. Болашақта бұл нарық соншалықты өсіп, оның барлық ойыншылары — Uber, Tesla және Waymo ұтыста қалуы мүмкін, деп атап өткен еді Barron’s.

RBC сарапшысы Брэд Эриксон маусымның басында жазған жазбасында роботакси жарысында Uber-дің жеңіске жетуі, жеңілу ықтималдығынан әлдеқайда жоғары екенін айтқан. Оның пікірінше, компания автономды көліктер саласында өзін сенімді көрсетіп отыр және күшті іргелі көрсеткіштерге сүйенеді. «Біз Tesla-ның Остин қаласында автономды көлік құралдарын іске қосуына байланысты [Uber үшін] тәуекелдер өте төмен деп есептейміз. Бұл сәтті болып көрінеді», – деп атап өткен Эриксон Barron’s келтірген баяндауда. Эриксонның айтуынша, егер Tesla-ға байланысты Uber акциялары құбылатын болса, RBC оны бұл қағаздарды «дереу сатып алуға» берілген белгі ретінде қарастырады.

JPMorgan сарапшылары да мамырда Uber-дің роботакси технологиясының дамуы арқылы пайда табуға қолайлы жағдайда екенін мәлімдеді. Бұл ретте компания өзінің негізгі бизнесінде де табысты өсімді жалғастырып келеді. Олардың айтуынша, Uber автономды жүргізу технологияларын жеткізушілер үшін барған сайын құнды әріптеске айналып отыр — бір жағынан, сұраныс пен пайдалануға арналған платформа ретінде, екінші жағынан, көлік паркін басқарушы оператор ретінде.

Акциялардың жай-күйі

10 маусымдағы саудада Uber акциялары алдымен 3%-дан астам күрт өсіп, кейін бүкіл өсімді жоғалтып, 1%-дан астам минуста болды. Жыл басынан компанияның нарықтық құны шамамен 43% өсті. Салыстыру үшін: АҚШ-тың негізгі қор индексі — S&P 500 сәйкес кезеңде небәрі 2,5% шамасында ғана өскен.

Уолл-стриттің консенсус бағасы бойынша Uber акцияларының мақсатты бағасы — бір қағаз үшін $97, бұл олардың соңғы жабылу бағасымен салыстырғанда шамамен 13% қымбаттайды дегенді білдіреді. Компания акцияларын бақылайтын 54 сарапшының ешқайсысы оларды сатуға кеңес бермейді. Сатып алуға кеңес береді — 44 сарапшы (Buy және Overweight рейтингтері), ал қалғандары бейтарап позицияда (Hold).

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары