Миллиардер Билл Экман Uber-ге қаржы құйды. Оның ізімен ерген жөн бе?

Citi сарапшыларының айтуынша, аптаның басында Uber ұсынған жаңа қызметтер сапарларды қолжетімді әрі ыңғайлы етеді.
Миллиардер Билл Экман биыл жыл басында Uber компаниясына 2 миллиард доллардан астам ақша салды. Ол Uber-ді әлемдегі ең кәсіби басқарылатын компаниялардың бірі деп санайды.
Wall Street-тегі сарапшылардың 80 пайыздан астамы, соның ішінде Citi банкінің мамандары да Uber акциясын сатып алуды ұсынады. Олар компанияның үнемді тұтынушыларға арналған жаңа мүмкіндіктері табысын арттыруы мүмкін деп есептейді.
Биыл Uber акциясы 50 пайызға қымбаттап, нарықтағы орташа көрсеткіштен асып түсті.
Егжей-тегжейі
Миллиардер Билл Экманның Pershing Square инвестициялық компаниясы Uber компаниясына 2,2 миллиард доллар ақша салғанын 13F есебінде жариялады. Бұл есепке қарағанда, 2025 жылдың бірінші тоқсанының соңында компанияның қорында Uber-дің 30,3 миллион акциясы болған.
АҚШ-та ірі инвесторлары, мысалы Pershing Square, әр тоқсан соңында акциялар бойынша инвестицияларын 13F есебінде көрсетуі керек. Бірақ бұл есепті тапсыруға 45 күн уақыт беріледі. Сондықтан есеп шыққанда көрсетілген ақпарат кейде жаңалық болмай қалуы мүмкін, деп жазады The Wall Street Journal.
Экман неге Uber-ге сенді?
Barron’s басылымының жазуынша, Экман Uber-ді алғаш құрылған кезінен бері бақылап келеді. Ол бұл қосымшаны актер Эдвард Нортон арқылы білгенін айтып, алғашқы күндерден бастап пайдаланып жүргенін жазған. Кейін ол шағын венчурлік қор арқылы алғашқы инвесторлардың бірі болды.
Экман Uber-ді бұрын жақсы компания болғанымен, басшылық жиі ауысып, даму қарқыны бәсең болғанын айтады. Бірақ қазіргі бас директор Дара Хосровшахи (2017 жылдан бері басқарады) келген соң компания тұрақты әрі кәсіби деңгейге шыққан. Экман Uber-дің акциясы әлі де нарықтағы шынайы құнынан арзан екенін айтып отыр.
Uber акциясын Экман секілді сатып алған дұрыс па?
Citi Research сарапшылары, әсіресе Рональд Джози бастаған топ бұл сұраққа «иә» деп жауап береді. 16 мамыр күні олар Uber акциясын сатып алуға кеңес берген бұрынғы ұстанымын растады және мақсатты бағаны 102 доллар деңгейінде қалдырды. Бұл — қазіргі бағадан 10%-дан астам жоғары.
Citi сарапшыларының пікірінше, Uber аптаның басында ұсынған жаңа қызметтері жол жүруді «қолжетімді әрі ыңғайлы» ете түсуі керек, деп жазады Barron’s. Атап айтқанда, бұл жерде Ride Pass — үнемдеуге мүмкіндік беретін жазылым мен Price Lock — айына он бағыт бойынша жол жүру бағасын тығыз уақытта да өзгеріссіз ұстап тұруға мүмкіндік беретін қызмет жайлы сөз болып отыр.
Citi сарапшыларының пікірінше, Uber Eats қызметіне енгізілетін ең маңызды жаңалықтардың бірі — Savings Slider деп аталатын жаңа функция. Бұл құрал сатып алушыларға тізімдегі тауарларды арзанырақ баламаларымен салыстырып көруге мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңалық «қызметтің қолжетімділігіне, ыңғайлылығына және сатып алу жиілігіне едәуір әсер етуі мүмкін». Barron’s басылымы жазғандай, Savings Slider биылғы жылдың соңына қарай алдымен АҚШ пен Канадада Uber Eats қосымшасында қолжетімді болады.
Uber акциясын сатып алуға Argus Research сарапшылары да кеңес береді. 13 мамырда олар Uber-дің мақсатты бағасын 95 доллардан 107 долларға көтерді. Ал Redburn Atlantic 9 мамыр күні акцияның бағасын 90 доллардан 100 долларға дейін арттырып, «сатып алу» деген ұсынымын сақтап қалды.
MarketWatch дерегінше, Uber компаниясын бақылап отырған сарапшылардың 80 пайыздан астамы акцияға «сатып алу» немесе соған ұқсас баға берген. Биыл акция бағасы 50 пайызға өсіп, тарихи максимумға жетсе де, Wall Street-тің бірде-бір сарапшысы оны сатуға кеңес бермейді.








