Tesla-ның Еуропадағы сатылымы құлдырауда. Инвесторларға қандай қауіп төніп тұр?

Еуропада Tesla электромобильдеріне деген сұраныс шілде айында жетінші ай қатарынан төмендеді. Ал осы кезеңде оның қытайлық бәсекелесі BYD сатылым көлемін айтарлықтай арттырды. Жыл басынан бері америкалық өндіруші шамамен 13% нарықтық құнын жоғалтты. Инвесторлар ескірген модельдік қатар мен Илон Масктың репутациялық тәуекелдеріне алаңдаулы, ал сарапшылар Tesla акцияларының әлі де асыра бағаланғанын атап өтуде.
Егжей-тегжейлі
Tesla акциялары Еуропадағы шілде айының автосату деректері жарияланғаннан кейін инвесторлардың назарында қалды. Көрсеткіштер компанияның ең бәсекелі нарықтардың бірінде позициясын жоғалтып жатқанын көрсетті. Бұл – сұраныстың қатарынан жетінші ай төмендеуі. 28 тамыз күні премаркетте Tesla қағаздары 0,1%-дан төмен әлсіз өсім көрсетті.
ACEA (Еуропалық автопроизводителдер ассоциациясы) статистикасы қытайлық BYD компаниясының ЕО елдерінде Tesla-ны тағы да басып озғанын дәлелдеді. Бұл – компанияның өсу қарқыны мен ұзақмерзімді бағасына қатысты алаңдаушылықты күшейтті.
Tesla-ның жаңа тіркеулері шілде айында 8837-ні құрап, өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға азайды. Ал BYD керісінше 13 503 көлік тіркеп, жылдық көрсеткіште 225% өсім көрсетті.
Tesla үшін қауіп тек BYD тарапынан тқніп тұрған жоқ. Шілдеде Қытайдың мемлекеттік SAIC Motor компаниясының Еуропадағы сатылымы да америкалық өндірушіден озып түсті.
Бұл инвесторлар үшін неге маңызды?
Екінші тоқсанда Tesla-ның таза пайдасы 16%-ға азайды. Компания сұранысты жандандыру үшін модельдік қатарын жаңартуға тырысуда. Model Y, Model S, Model X жаңартылды, Cybertruck-тың қолжетімді нұсқасы шығарылды, деп атап өтті Investing.com сарапшысы Хасай Хашимов.
Алайда, ЕуроОдақ нарығы жалпы шілде айында 39%-ға өсті, оның ішінде Германияда 58%-ға артты. Бұл Tesla-ның мәселесі циклдік емес, бәсекелік сипатта екенін айғақтаса керек. Volkswagen сынды өндірушілер сатылымын көбейткенде, Tesla үлесі керісінше қысқарды.
Инвесторлар үшін бұл Tesla-ның ұзақмерзімді көшбасшылығына негізделген премиум бағалауының әділетсіз болуы мүмкін екенін білдіреді, дейді Хашимов.
Сатылымның төмендеуі валюталық тәуекелдерге де әсер етуде. Tesla табысының басым бөлігі шетел нарықтарынан түседі, ал Еуропадағы бәсекеге қабілеттіліктің әлсіреуі компанияның шетелдік кірістерін азайтуда. Бұған қоса, еуро-доллар бағамы тұрақты қалып отыр, яғни Tesla-ға шығынды жұмсартуға мүмкіндік беретін валюталық пайда да жоқ.
Tesla бұған дейін де бәсекелестердің қысымына тап болғанымен, BYD-тың Еуропадағы серпінді өсуі жағдайды ерекше етуде. Инвесторлар Масктың АҚШ-тағы жоспарларына және жасанды интеллект бағытындағы бастамаларына сенім артып отыр, алайда еуропалық статистика барған сайын алаңдатарлық сипат алуда.
Егер Tesla ЕО-дағы сатылымды тұрақтандырып, маржаны сақтап қала алмаса, компания акциялары одан әрі қысымға түсуі мүмкін, әсіресе капиталдың пайыздық ставкалардан ұтатын секторларға ауысуы жағдайында.
Tesla акцияларының қазіргі жағдайы
Тамыз айында Tesla акциялары 13,4%-ға өсті, бірақ жылдық максимумнан әлі де 28%-ға төмен және жыл басынан бері шамамен 13% жоғалтқанын Investor's Business Daily жазып өтті. 28 тамыздағы премаркетте қағаздар 0,07%-ға әлсіз өсіп, бір күн бұрын 0,6%-ға төмендеп жабылды.
Кейбір инвесторлар мен сарапшылар Tesla қағаздары әлі де шамадан тыс бағаланғанын және төмендеу әлеуеті бар екенін айтады, деп жазады Benzinga. Мәселен, T. Rowe Capital қорының басшысы Дэвид Жиру: «Tesla ертең 90%-ға құласа да, бірде-бір акциясын сатып алмаймын, өйткені ол ақылға қонбайтындай бағаланған», – деді.
Ал 22V Research техникалық стратегия бөлімінің басшысы Джон Роктың пікірінше Tesla қазір «төрт жарым жылдық үлкен база құру процесінде» (Barron’s). База – бұл нарықтың алдыңғы өсімді «қорытып», бүйірлік сауда кезеңінен өтуін білдіреді. Ол кейінгі өсуге платформа болуы мүмкін.
Қай фактор акцияларға жаңа драйвер болатыны әзірге белгісіз. RBC сарапшысы Том Нараян инвесторлардың гуманоид роботтарға қызығушылығы артқанын атап өтті. Tesla 2026 жылы ІІ негізінде оқытылған роботтарды жаппай сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.
TipRanks деректері бойынша соңғы үш айда Tesla акциялары 13 «сатып алу», 15 «ұстап тұру» және 8 «сату» ұсынысын алды. Орташа мақсатты баға — $305, бұл ағымдағы $347 бағасынан шамамен 12% төмендеуді болжайды.
Контекст
Илон Масктың автокомпаниясы Еуропадағы проблемалармен қатар репутациялық соққыға да тап болды — миллиардердің өткір мәлімдемелері мен Дональд Трамп әкімшілігімен байланыстары брендке теріс әсер етуде, деп жазады CNBC.
Жаһандық деңгейде де жағдай нашарлады. Екінші тоқсанда автосатудан түскен табыс азайды, ал Маск компанияны «бірнеше қиын тоқсан күтіп тұрғанын» ескертті.
Басты проблемалардың бірі – модельдік қатардың елеулі жаңартуларының жоқтығы. Биыл Tesla қолжетімді электромобиль жасап жатқанын хабарлап, оның жаппай өндірісі 2025 жылдың екінші жартысына жоспарланғанын айтты. Инвесторлар дәл осы модельден сатылымның қайта қалпына келуін күтуде.
Kepler Cheuvreux компаниясының автоөнеркәсіп бөлімінің басшысы Томас Бессонның айтуынша Tesla менеджменті инвесторларды «біз шын мәнінде көлік өндірушісі емеспіз» деп сендіруге тырысуда. Компания акцентті жасанды интеллектке, робототехникаға және автономды технологияларға бұрған.
«Олар қазір нашар сатылып жатқан көліктерден басқа бәрі жайлы айтып жүр. Модельдік қатар бәсекелестерге қарағанда қатты ескірді, ал соңғы өнімдер, соның ішінде Cybertruck, күткендей сәтті болмады», – деп қорытындылады Бессон.








