The Motley Fool аналитигі шыдамды инвесторларға арнайы mid-cap акцияны ұсынды

Ұзақмерзімді инвестицияны мақсат ететін инвесторларға люкс класындағы үй тауарларын сататын RH компаниясының акциясына назар аударуға болады, деп есептейді The Motley Fool аналитигі Джереми Боумен. Компания соңғы жылдары бірнеше қиындыққа тап болып, пандемия кезіндегі максимумнан кейін акциялары қатты арзандады. Дегенмен, The Motley Fool сарапшыларының ойынша, компанияның Еуропаға шығуынан бастап жаңа бизнес бағыттарын іске қосуға дейінгі бірқатар өсу мүмкіндіктері бар.
Егжей-тегжейлі
RH акциялары дәл қазір сатып алуға тәуекел ететін шыдамды инвесторларға жақсы табыс әкелуі мүмкін, деп жазады Джереми Боумен. Биыл компанияның акциялары 54%-ға арзандады, ал 2021 жылғы тарихи максимуммен салыстырғанда шамамен 76% жоғалтқан. 20 қазандағы сауда жабылған сәтте акция бағасы $179,68 болды. 21 қазан таңертеңгі премаркетте баға тағы 0,5%-ға төмендеді.
Коронавирус пандемиясынан кейінгі жылдар жоғары табысты клиенттерге бағытталған, бірақ аса қажет емес тауарлар сататын компаниялар үшін қиын болды. Бұған қоса, тұрғын үй нарығының әлсіздігі жиһаз сатылымына кері әсер етті, ал инфляция тұтынушылар шығынын азайтты, дейді Боумен.
«Енді АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығы компанияға жаңа қиындықтар туғызуда», — деп жазды ол. 2 сәуір — баж салығын көтеру жоспары жарияланған күннен бастап RH акциялары 28% арзандаған. Сонымен бірге АҚШ-та еңбек нарығы да әлсіреп келеді, бұл тұтыну шығындарына қосымша қысым жасауы мүмкін, деп атап өтеді аналитик.
Боумен неге RH компаниясының болашағына неге үміт артуда?
Қиындықтарға қарамастан, RH қаржылық көрсеткіштерін жақсартып келеді. Екінші қаржы тоқсанының қорытындысы бойынша (2 тамызда аяқталған), компания таза табысын 8,4%-ға өсіріп, $899,2 млн-ға жеткізді. Ал таза пайдасы 79%-ға өсіп, $51,7 млн болды. Бұл компанияның ассортиментті жаңарту және 2023 жылы бастаған Еуропаға экспансия стратегиясының нәтижелі екенін көрсетеді, деп жазады The Motley Fool.
Сонымен қатар, RH импорттық баж салығына жедел әрекет етіп, өндірісін Қытайдан толық алып шықты. Енді компания жақын уақытта өндірісті Үндістаннан да көшіруді жоспарлап отыр, дейді Боумен.
Бұған қоса, компанияның өсу үшін басқа да бағыттары бар. Еуропада дүкендер ашумен қатар RH жаңа бизнес салаларын сынап көруде: бірнеше мейрамхана мен қонақ үйлер ашты, чартерлік ұшақ пен яхтаны жалға береді, сондай-ақ үйлер сатып алып, толық жиһаздап «кілтпен тапсыру» форматында сатады.
Боуменнің ойынша: «Импорттық баж салығының қысымы, тұрғын үй нарығының баяулауы және тұтыну шығындарының азаюына байланысты RH акциялары әлі де қиындық көре беруі мүмкін. Бірақ макроэкономикалық жағдай жақсарған сәтте компания мықты нәтижелер көрсетуге толық дайын».
Басқа сарапшылар не дейді?
MarketWatch-тың мәліметінше Уолл-стриттің 10 аналитигі RH акцияларын ұстап тұруды (Hold) ұсынады. Тағы 9 сарапшы сатып алуға кеңес береді (оның ішінде 6 — Buy, 3 — Overweight), ал 3 аналитик сатуды ұсынады (1 — Underweight, 2 — Sell). Орташа мақсатты баға $251, бұл акциялардың соңғы жабылу бағасынан шамамен 40% өсу әлеуетін білдіреді.








