TikTok АҚШ-тағы активтерін америкалық инвесторларға сатуға келісті

TikTok-тың қытайлық иесі ByteDance АҚШ-тағы бизнесін америкалық инвесторлар бақылауындағы бірлескен компанияға беруге келісім жасады. Америкалық бөлімшенің құны шамамен $14 млрд деп бағаланды. Осы мәміле арқылы TikTok пен АҚШ билігі арасындағы ұлттық қауіпсіздікке байланысты көп жылға созылған дау аяқталуға жақын. АҚШ қолданушыларының деректерін қорғауға Oracle корпорациясы жауап береді — ақпарат оның ел ішіндегі дата-орталықтарында сақталады.
Мәміленің негізгі шарттары
ByteDance пен TikTok Oracle, Silver Lake және MGX инвестициялық компанияларымен міндетті келісімдерге қол қойды. Олар TikTok USDS Joint Venture LLC атты жаңа бірлескен кәсіпорын құрады. Axios дерегінше, келісім 22 қаңтарда аяқталуы тиіс, ал TikTok-тың АҚШ-тағы бизнесі $14 млрд шамасында бағаланған.
Шарт бойынша жаңа бірлескен компанияның 80,1%-ы америкалық және халықаралық серіктестердің бақылауында болады. Инвесторлар консорциумы жалпы құрылымның 50%-ын иеленеді: Oracle, Silver Lake және MGX әрқайсысы 15%-дан алады. Қалған 30,1% ByteDance-тің қазіргі акционерлерімен байланысты тараптарға өтеді. Ал ByteDance өзі 19,9% үлесті сақтап қалады.
Жаңа компания немен айналысады
Бірлескен кәсіпорын АҚШ-та деректер қауіпсіздігіне, алгоритмдердің қорғалуына, контентті модерациялауға және қосымшаның техникалық сапасына жауап береді. Oracle «сенімді қауіпсіздік серіктесі» ретінде америкалық пайдаланушылардың деректерін аудиттен өткізіп, АҚШ аумағындағы бұлтты серверлерде сақтайды.
Сонымен қатар TikTok-тың жаһандық құрылымдары өнімдердің өзара үйлесімділігі мен кейбір коммерциялық бағыттарды — электронды сауда, жарнама және маркетингті — басқаруды жалғастырады. Бірлескен компанияның директорлар кеңесінде америкалықтар басым болады: жеті мүшенің алтауын АҚШ жағы тағайындайды, ByteDance тек бір өкілін ұсынады.
Нарықтың реакциясы
Мәміле жаңалығынан кейін Oracle акциялары Нью-Йорк биржасындағы постмаркете 5,4%-ға өсті, ал кейбір платформаларда өсім 7%-ға жуықтады. Бұған қоса, Oracle-дың АҚШ Энергетика министрлігімен «Genesis миссиясы» аясындағы серіктестігі де инвесторлардың қызығушылығын арттырды. Бұл бастама АҚШ-та ғылыми зерттеулер мен инновациялардың өнімділігін алдағы он жылда екі есе арттыруды көздейді.
Айта кету керек, бір күн бұрын Oracle акциялары $10 млрд-тық дата-орталық жобасын қаржыландыру жөніндегі Blue Owl Capital-мен келісімнің бұзылуына байланысты қысымға түскен еді. Инвесторлар компанияның қарызы мен жасанды интеллектке кететін шығындарының өсуіне алаңдаған.
Контекст
АҚШ президенті Дональд Трамп ByteDance-тен TikTok-тың америкалық активтерін сатуды алғаш рет 2020 жылы талап еткен. 2024 жылы Конгресс, егер сатылым болмаса, қосымшаны бұғаттауды көздейтін заң қабылдады. Алайда кейін Трамп бұл заңның күшіне енуін бірнеше рет кейінге шегеріп, мәміле жасауға уақыт берді. Қазіргі келісім — сол көпжылдық даудың нәтижесі.








