Трамп: Intel АҚШ-қа 10% акциясын береді, компания бағасы 7%-ға өсті

АҚШ президенті Дональд Трамп чип өндіруші Intel үкіметке 10% акциясын беруге келіскенін растады. Бұл жаңалықтан кейін компанияның акциялары 7%-ға қымбаттады. Bloomberg мұны жеке бизнеске «ерекше деңгейдегі араласу» деп бағалап отыр.
Егжей-тегжейі
Трамптың айтуынша, келісім бойынша АҚШ үкіметі Intel компаниясының 10% үлесін алады. «Олар бұған келісті. Меніңше, бұл олардың өздері үшін де тиімді қадам», – деді президент.
Ол сондай-ақ Intel кейінгі жылдары бәсекелестерінен қалып қойғанын айтып, бұл мәміле компанияны қайта жандандырады деп сендірді. Трамп идеяны осы айда Intel бас директоры Лип-Бу Танмен кездесу кезінде ұсынғанын жеткізді.
Bloomberg дереккөздері ресми мәлімдеме жақын арада жарияланатынын хабарлады. Ал Intel бұл жағдайға түсініктеме бермеді.
Мәлімдемеден кейін Intel акциялары 7%-дан астам өсіп, 25,2 долларға жетті. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 24%-ға артты. Салыстыру үшін, сол кезеңде АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 небәрі 10%-ға жуық өсті.
Контекст
Bloomberg алғаш рет 14 тамызда АҚШ үкіметінің Intel-дегі үлес сатып алуды қарастырып жатқанын жазған болатын. Кейінірек басылым дереккөздері билік Intel-ге берілген CHIPS and Science Act аясындағы гранттарды үлеске айналдыру нұсқасын қарастырғанын хабарлады. Бұл заң бойынша АҚШ Сауда министрлігі ел ішінде чип өндірісін дамыту үшін 10,9 млрд $ субсидия бөлген. Қазіргі нарықтық бағамен бұл сома Intel-дің шамамен 10% акциясына тең.
Bloomberg атап өткендей, үкіметтің 10% үлес алуы жеке бизнеске бұрын-соңды болмаған деңгейде араласу саналады. Мұндай қадамдар әдетте тек соғыс немесе ірі дағдарыс кезінде ғана қабылданатын.
Әзірге Ақ үй басқа компаниялармен де осыған ұқсас келіссөздер жүріп жатқанын нақтыламады. Бірақ Bloomberg дереккөзіне сүйенсек, АҚШ-та инвестиция көлемін арттырып жатқан Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSMC) мен Micron секілді чипмейкерлерге мұндай талап қойылмайды.
Тамыз айында Трамп тағы бір келісімге қол жеткізгенін жариялаған: Nvidia мен AMD Қытайға сатылған ЖИ-чиптерден түскен табысының 15%-ын АҚШ үкіметіне беруге келіскен. Бұған дейін Трамп U.S. Steel металлургиялық компаниясында «алтын акцияны» қамтамасыз еткен еді. Бұл үлес үкіметке вето қою және стратегиялық шешімдерге ықпал ету құқығын береді.








