Трамп пен Зеленский кездесуінен соң Еуропа қорғаныс акциялары құлады, алда не күтеміз

Еуропаның қорғаныс компанияларының акциялары Дональд Трамп, Владимир Зеленский және еуропалық көшбасшылардың Ақ үйдегі келіссөздерінен кейін күрт төмендеді. Геосаяси консалтингтік компания Arbroath Group-тың басқарушы серіктесі Кристофер Смарттың айтуынша алдағы оқиғалар түрлі сценарий бойынша өрбуі мүмкін. Еуропаның Украинаға қолдауын күшейтуінен бастап, дипломатиялық жіктелу мен АҚШ-тың санкцияларды қатаңдатуына дейінгі сценарийлер болжануда.
Егжей-тегжейлі
19 тамызда таңертең қорғаныс компанияларының акциялары Stoxx 600 жалпы еуропалық индексіндегі ең әлсіз көрсеткішке дейін төмендеді, деп жазады CNBC.
STOXX Europe Total Market Aerospace & Defense индексі 1%-ға төмендеді.
Немістің танк бөлшектерін өндіруші Renk акциялары шамамен 8%-ға құлады.
Итальяндық Leonardo концерні капитализациясының 7,9%-ын жоғалтты.
Швецияның Saab акциялары 7%-ға төмендеді.
Украина бойынша келіссөздердің қорғаныс секторына ықпалы
Кристофер Смарттың пікірінше, Еуропа соғысты тоқтатуға айрықша мүдделі. Егер келіссөздер Украинаға әскери, қаржылай және техникалық көмекті кеңейтумен аяқталса, Еуропа мен АҚШ-тағы қорғаныс компанияларының акциялары өсуі мүмкін. Сонымен қатар Еуропадағы әскери шығындардың артуы экономикалық өсімге серпін береді.
Ал егер АҚШ Украина мен Еуропаны қолайсыз келісімге (мысалы, Ресейге территория беру немесе әскери көмекті шектеу) итермелесе, Еуропа НАТО шығындарын қайта қарап, оның бір бөлігін Украинаға бағыттауы мүмкін. Мұндай әскери-дипломатиялық жіктелу нарықтарды дүр сілкіндіруі ықтимал.
Сонымен бірге, егер кездесу Трампты Ресейге қысымды күшейтуге итермелесе, басты сұрақ — бұл жолда АҚШ қаншалықты алысқа бара алады. Barron’s атап өткендей, бұл санкцияларды қатаңдату және 27 тамыздан бастап Ресей мұнайын сатып алатын Үндістанға қарсы 25% тариф енгізу сияқты қадамдарды қамтуы мүмкін.
Контекст
Дүйсенбі күнгі келіссөздерді әлемдік нарықтар жіті қадағалады. Трамп бейбіт келіссөздер ұрыстар әлі жүріп жатқан кезде де басталуы мүмкін екенін айтты. Ол Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін Еуропа елдері АҚШ-пен үйлестіре отырып қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Украина мен Ресей арасында жоғары деңгейдегі жеке келіссөздер ұйымдастыруға ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде Зеленский Украина үшін аса қажет қауіпсіздік кепілдіктері пакеті — оның ішінде АҚШ қаруын ірі көлемде сатып алу — 7–10 күн ішінде қағазға түсірілетінін айтты.








