БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Трамп Путинге берілген 50 күндік мерзімді қысқартпақ. Мұнай бағасы 2%-ға шарықтады

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Трамп Путинге берілген 50 күндік мерзімді қысқартпақ. Мұнай бағасы 2%-ға шарықтады

Дональд Трамп бұған дейін Владимир Путинге Украинамен бітімге келу үшін берген 50 күндік мерзімді қысқартатынын мәлімдеді. Ол Ресей президентінен көңілі қалғанын айтып, жаңа қатаң санкциялармен сес көрсетті. Трамптың бұл мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы шамамен 2% өсті.

Егжей-тегжейлі

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей көшбасшысы Владимир Путинге Украинамен бітімге келу үшін бұрын берген 50 күндік мерзімді қысқартатынын мәлімдеді, деп жазады Bloomberg.

«Мен президент Путиннен көңілім қалды, қатты көңілім қалды. Сондықтан біз бұл мерзімді қайта қараймыз, оған берген 50 күнді қысқартып, аз күнге дейін жеткіземін», — деді Трамп дүйсенбі күні Шотландияда Ұлыбритания премьері Кир Стармермен кездесу барысында журналистерге.

Кейінірек Трамп 50 күннің орнына Ресей үшін жаңа мерзім шамамен «10–12 күннен кейін» басталатынын нақтылады, деп хабарлайды BBC. Сонымен қатар, ол Путиннің келіссөздер үстеліне отырып, атысты тоқтатуға келісе қоя салуы екіталай екенін айтты, деп жазады Bloomberg.

Мұнай бағасы қалай өзгерді?

Трамптың мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы таңертеңгі өсімді үдетті. Жариялау сәтінде қыркүйекте жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерстері 1,9% өсіп, барреліне $69,76 болды. Ал АҚШ-тың West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай фьючерстері 2% қосып, баррелі $66,48 болып саудаланды.

Контекст

Осы айдың басында Трамп Путинге 50 күндік мерзім белгілеп, егер Ресей Украинаға қарсы әскери әрекеттерін тоқтатпаса, қатаң экономикалық санкциялар енгізетінін ескерткен еді. Атап айтқанда, Трамптың айтуынша, ол 100 пайыздық баж салығын енгізуді көздеп отыр — бұл Ресей өнімін, соның ішінде мұнайын сатып алатын елдерге қатысты болады, деп жазады Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап.

Вашингтон мен Киевті қолдайтын өзге астаналарда мұндай сатып алулар Ресейге жанама қолдау көрсету ретінде қарастырылады, өйткені олар ел экономикасына көмектесіп, санкциялардың тиімділігін әлсіретеді, деп атап өтеді агенттік.

Трамп санкциялармен қайтадан сес көрсеткеннен кейін, Ресей Украина қалаларына зымыран мен дрон арқылы шабуылдарын жалғастырды. Бұған дейін Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді бейбітшілікке кедергі деп сынаса, соңғы апталарда АҚШ президенті Путинге деген шыдамсыздық білдіріп, бірнеше рет телефон соғып, айлар бойы дипломатиялық күш салынғанына қарамастан, Ресей басшысының соғысты аяқтауға шын ықылас танытпай отырғанын айтып айыптай бастады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары