БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: АҚШ пен ЕО сауда келісіміне келісті, еуропалық фьючерстер өсуде

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: АҚШ пен ЕО сауда келісіміне келісті, еуропалық фьючерстер өсуде

Бірнеше апталық белгісіздіктен кейін АҚШ пен Еуропалық Одақ ауқымды тарифтік келісімге келіп, сауда соғысының өршу қаупін сейілтті. Осы жаңалық аясында Euro Stoxx 50 мен DAX сияқты еуропалық индекстерге арналған фьючерстер жоғарылады, ал еуро нығая түсті. Мұнай нарығында қарама-қайшы қозғалыс байқалуда. Казіргі тапшылық пен баррельге шаққандағы 70 доллар шамасындағы тұрақты бағаға қарамастан, сарапшылар 2025–2026 жылдары ОПЕК+ пен картельге кірмейтін елдердегі өндірістің өсуінен ұсыныс артықшылығы туындайды деп ескертуде. Осы және өзге де тақырыптар туралы — 28 шілде таңына арналған басты шолуда.

АҚШ пен ЕО сауда келісіміне келісті

CNBC-дің жазуынша Дональд Трамп АҚШ пен Еуроодақтың 1 тамызда тариф енгізудің соңғы мерзімінен бірнеше күн бұрын сауда келісіміне қол жеткізгенін хабарлады. Трамптың мәлімдеуінше келісім бойынша Еуропа тауарларының көпшілігіне, соның ішінде автомобильдерге, 15% көлемінде тариф енгізіледі.

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен келісімнен кейінгі брифингте кейбір өнімдер — оның ішінде ұшақтар мен олардың бөлшектері, бірқатар химиялық және фармацевтикалық тауарлар — жаңа тарифтерге жатпайтынын нақтылады. Ол сондай-ақ жаңа 15% бұрынғы тарифтерге қосылмайтынын атап өтті.

15%-дық мөлшерлеме — Трамптың ЕО-дан келетін тауарларға 30% баж салығын салу туралы бұрынғы қатерінен жұмсақтау шешім болды. Алайда келіссөздер барысында ЕО өкілдері 10%-дық мөлшерлемеге үміттенген еді.

Трамп сондай-ақ ЕО АҚШ-тан 750 млрд долларлық энергетикалық ресурстар сатып алуға және америкалық экономикаға қазіргі деңгейден бөлек 600 млрд доллар қосымша инвестиция салуға келіскенін айтты.

Сонымен қатар, оның айтуынша ЕО «жүздеген миллиард долларлық» әскери техника сатып алады, бірақ нақты сома жария етілген жоқ. «Бұл — өте қуатты келісім. Бұл — барлық келісімдердің ішіндегі ең ірісі», — деді Трамп фон дер Ляйеннің қатысуымен өткен шарада.

«Бұл — жақсы келісім, бұл — керемет келісім, келіссөздер қиын өтті», — деп растады Урсула фон дер Ляйен.

Мұнай нарығындағы қысым: баға тұрақты, бірақ 2025–2026 жылдары ұсыныс артық болуы мүмкін

Bloomberg-тің жазуынша мұнай трейдерлері қиын жағдайға тап болды. 2024 жылдың соңына және 2026 жылға қарай нарық әлсірейді деген ескертулерге қарамастан, баға әлі де тұрақты — баррель үшін шамамен 70 доллар.

Франциялық TotalEnergies өткен аптада ОПЕК+ өндірістік шектеулерді жеңілдетіп жатқаны және жаһандық экономикалық өсім баяулап бара жатқаны аясында ұсыныс артықшылығы туындайды деп мәлімдеді. Норвегиялық Equinor өзінің жаңа Johan Castberg кен орны толық қуатта жұмыс істеп тұрғанын, ал Бразилиядағы теңіз жобасының іске қосылуы жақын екенін хабарлады — бұл ОПЕК+-тан тыс жаңа көлемдердің артуын көрсетеді.

Шілде айында Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) пен АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) болашақтағы ұсыныс артықшылығы бойынша бағаларын көтерді. Екі ұйым да ұсыныс пандемиядан бергі ең үлкен деңгейге жетеді деп болжауда. IEA болжамынша 2025 жылы тәулігіне 2 млн баррель профицит болады.

Ұсыныс артықшылығы мұнай бағасының төмендеуіне себеп болуы мүмкін, бұл инфляцияны ұстап тұруға көмектеседі, өндірушілерге теріс әсер етіп, АҚШ президенті Трампты қуантады — ол қызметке кіріскен күннен бастап энергия бағасының арзандауын талап етіп келеді.

Бұл болжам қазіргі жағдаймен айқын қарама-қайшылықта. Негізгі қоймалардағы қор төмен деңгейде қалып отыр, ал нарықтық құрылым әлі де тапшылықты көрсетіп тұр. Мұнайды жанармайға өңдеудегі маржа маусымдық қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары, бұл шикізатқа сұранысты қолдайды.

«Бағаның тұрақтылығына себеп болған факторлардың бірі — жазғы маусымда сұраныстың артуы, — деді Bank of America-ның шикізат бөлімінің жетекшісі Франсиско Бланш Bloomberg TV-ге берген сұхбатында. — Жылдың екінші жартысында профицит 200 млн баррельге дейін жетуі мүмкін, бұл ақырында бағаға қысым жасайды».

Еуропа нарықтары АҚШ-пен сауда келісімі аясында өсуде

Bloomberg-тің жазуынша, АҚШ пен Еуроодақтың сауда келісіміне келуінен кейін еуропалық акциялар фьючерстері өсті.

Дүйсенбі күні Париж уақытымен таңғы 2:18-де Euro Stoxx 50 индексіне арналған фьючерстер 1%-ға, ал Германияның DAX индексіне арналған фьючерстер 0,9%-ға өсті. Еуро долларға қатысты 0,2%-ға қымбаттап, $1,1768-ге жетті — бұл өткен аптадағы 1%-дық нығаюдан кейінгі жалғасты өсім.

Cité Gestion инвестициялық стратегия бөлімінің басшысы Джон Плассар бұл келісімді «нарықтың ең көп күткен нәрсесін — болжамдылықты» берген жеткілікті жақсы келісім деп атады. «Тарифтердің өсу қаупі күн тәртібінен алынды, ал онымен бірге басты макроэкономикалық тежегіш те жойылды. Инвесторлар үшін бұл — тек жеңілдік емес, бұл — жасыл жарық», — деді ол.

Жұма күні саудаға ең тәуелді секторлар — автокөлік өндірісі мен тұтынушылық тауарлар — 1 тамызда жаңа тарифтер күшіне енгенге дейін келісім жасалады деген үмітпен өсім көрсетті.

Мамыр айынан бастап жаһандық саудадағы белгісіздік салдарынан еуропалық акциялар бір орында тұрды. Stoxx 600 индексі әлі де наурыз айындағы рекордтан 2,3%-ға төмен. UBS-тің есептеуінше тарифтерге сезімтал акциялар индексі биыл өңірлік нарықтан қалып қойып, өсу әлеуетін арттырды.

«Менің ойымша келісім егжей-тегжейлі анықталған кезде нарықта жеңілдік раллиі болады. Бұл — компаниялардың есеп беру маусымында еуропалық акциялар үшін қажет серпін», — деп атап өтті BNY Mellon-ның EMEA өңірі бойынша макроэкономисі Джефф Ю.

Samsung Tesla-мен $16,5 млрд көлеміндегі жасанды интеллект чиптеріне келісімшарт жасасты

CNBC-дің хабарлауынша Samsung Electronics Tesla компаниясына жартылай өткізгіштер жеткізу бойынша $16,5 млрд көлеміндегі келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы Оңтүстік Корея алыбының реттеушілік құжаттарында және Tesla басшысы Илон Масктың X әлеуметтік желісіндегі жарияланымдарында айтылған.

Samsung құжаттарында контрагенттің аты көрсетілмесе де, келісім 2024 жылғы 26 шілдеде — тапсырыс алынған күннен бастап күшіне енгені және 2033 жылғы 31 желтоқсанда аяқталатыны жазылған.

Кейінірек Маск X желісінде бұл келісімшарт Tesla-мен жасалғанын растады, бірақ жазба көп ұзамай өшірілді. Ол кейінірек былай деп жазды: «Техастағы Samsung-тың жаңа алып зауыты Tesla үшін AI6 жаңа буын чиптерін шығаратын болады. Мұның стратегиялық маңызы өте зор. Қазір Samsung AI4 шығарып жатыр. TSMC жақында аяқталған AI5 жобасын алдымен Тайванда, кейін Аризонада шығарады».

Бұған дейін Samsung келісімшарттың егжей-тегжейлері мен контрагенттің аты 2033 жылдың соңына дейін жарияланбайтынын хабарлаған болатын. Бұл — екінші тараптың коммерциялық құпияны сақтау өтінішімен байланысты.

«Келісімшарттың негізгі шарттары құпия болғандықтан, инвесторлар сақтық танытып, келісімнің өзгертілуі немесе күшін жою ықтималдығын ескеруі тиіс», — делінген хабарламада.

Samsung келісім бойынша түсініктеме беруден бас тартты. Tesla сауалға жауап қайтармады.

Нарықтағы жағдай

— Жапонияның кең ауқымды Topix индексі 0,6%-ға төмендеді.

— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,3%-ға өсті, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq дәл сондай мөлшерде төмендеді.

— Nikkei 225 бенчмаркі 1%-ға құлдырады.

— Австралиялық S&P/ASX 200 индексі 0,4%-ға өсті.

— Қытайдың материктік CSI 300 индексі өзгеріссіз қалды, ал ірі қытайлық компанияларды қамтитын Гонконгтың Hang Seng индексі 0,5%-ға өсті.

— S&P 500 фьючерстері 0,4%-ға, Nasdaq 100 — 0,5%-ға, ал Dow Jones Industrial Average — 0,4%-ға өсті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары