Таңғы шолу: мұнай арзандап жатыр, Trump Media биткойнға бет бұрды

АҚШ пен Еуроодақ арасындағы ықтимал сауда қақтығысы мұнайға деген сұранысқа қатысты алаңдаушылықты күшейтіп, бағаның төмендеуіне себеп болды. Сонымен қатар, Ресейге қарсы санкциялардың күшеюі де нарыққа қысым жасауда. Осы кезде PepsiCo дәстүрлі газдалған сусындардың сатылымы азайып жатқан тұста, функционалды сусындар трендіне бет бұрып, пребиотикалық коланы шығаратынын жариялады. Ал альткойн Solana айтарлықтай қымбаттады. Бұған DeFi Development компаниясының шамамен 1 млн токен сатып алғаны себеп болды. Осы және басқа да маңызды жаңалықтар — 22 шілде таңындағы шолуымызда.
Мұнай арзандауда: АҚШ пен ЕО арасындағы сауда шиеленісі сұранысқа қауіп төндірді
Мұнай бағасы төмендеуде — АҚШ пен Еуроодақ арасындағы ықтимал сауда қақтығысы жаһандық экономикалық белсенділікке кері әсер етеді деген алаңдаушылық инвесторлардың сенімін әлсіретті. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,6%-ға арзандап, барреліне $68,8-ге түсті. Солтүстік Америкадағы WTI 0,9%-ға құлдырап, барреліне $66,6 болды. Екі эталон да дүйсенбідегі сессияны аздаған төмендеумен жапты.
Phillip Nova компаниясының аға талдаушысы Приянка Сачдеваның айтуынша «Жалпы сұранысқа қатысты қауіптер сақталуда, әсіресе 1 тамызға дейін Трамптың жаңа тарифтерге қатысты мәлімдемесі күтіліп отырған жағдайда.» Ол сонымен қатар АҚШ-тың ресейлік мұнайға қатысты жаңа санкцияларының ықтималы да ескеріліп жатқанын айтты.
Trump Media биткойнға инвестиция салды
Дональд Трампқа тиесілі Trump Media компаниясы 21 шілдеде шамамен $2 млрд көлемінде биткойн және соған қатысты активтерді жинақтағанын хабарлады. Баспасөз-хабрламасына сәйкес қазір бұл криптовалюта компанияның барлық өтімді активтерінің үштен екі бөлігін құрайды. CNBC-дің хабарлауынша криптовалютаға көшу АҚШ президентінің байлығын едәуір арттырды. Трамптың компаниядағы үлесі $2,3 млрд деп бағаланып отыр.
Компания басшысы Девин Нуньес: «Бұл активтер компаниямыздың қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, банктер тарапынан болатын қысымнан қорғайды әрі Truth Social-да іске қосылатын утилити-токенмен синергия орнатады», — деді.
Trump Media акциялары 21 шілдеде сауда сессиясы басталғанда 9%-ға өсіп, кейін өсуінің бір бөлігін жоғалтқанымен, күнді 3% өсіммен жапты.
Solana токені күрт қымбаттады — сатып алушы жылжымайтын мүлік деректерін өңдейтін компания
Дүниежүзіндегі капиталдануы бойынша алтыншы орында тұрған Solana криптовалютасының бағасы Флоридадағы DeFi Development Corporation компаниясы шамамен 1 миллион SOL токенін сатып алғаннан кейін, күрт өсті. Бұл туралы Yahoo Finance жазды.
Компания 14–20 шілде аралығында орташа бағасы $133,53 болатын 141 383 токенді, яғни жалпы сомасы $19 млн болатын криптовалюта сатып алғанын хабарлады. Жалпы иелігіндегі көлем — 999 999 SOL. Алайда, DeFi Development акциялары дүйсенбі күні 3%-дан астамға арзандады. Жыл басынан бері олардың бағасы 3291%-ға, яғни 34 есеге өскен.
Бұл — бизнестің өз балансын цифрлық активтермен әртараптандыру үрдісін жалғастырып жатқанын көрсетеді. DeFi Development — криптовалюталарды сатып алу үшін қарыз және акциялар шығару арқылы капитал тартуды көздейтін «крипто-казынашылық» стратегиясын ұстанатын 150-ден астам компанияның бірі.
PepsiCo АҚШ-та газдалған сусын сатылымы төмендеген соң пребиотикалық кола шығарады
CNBC-дің хабарлауынша PepsiCo биыл күзде өзінің Pepsi брендімен пребиотикалық кола – Pepsi Prebiotic Cola-ны нарыққа шығаратынын жариялады. Бұл жаңалық компанияның Poppi атты стартапты $1,95 млрд-қа сатып алуынан кейін төрт ай өткенде шықты. Келісім мамырда жабылған.
Соңғы жиырма жылда АҚШ-та дәстүрлі газды сусындарды тұтыну айтарлықтай төмендеді. Алайда Poppi және Olipop секілді пребиотикалық сусындар — ас қорытуға пайдасы бар деген имиджімен — салауатты өмір салтын ұстанушылар арасында танымал бола бастады.
PepsiCo бастапқыда Soulboost деп аталатын функционалдық сусынды іске қосуды жоспарлаған еді, бірақ Poppi-ді сатып алғаннан кейін бұл жобадан бас тартты.
АҚШ-та сұраныстың төмендеуі аясында компания енді ақуыз, жасұнық және басқа да пайдалы тағамдар трендіне сүйеніп отыр. 2-ші тоқсанда Солтүстік Америкада PepsiCo сусынының сатылымы 2%-ға азайған. Бірақ ең көп сатылған өнім — қантсыз Pepsi Zero Sugar болды.
Нарықтардағы жағдай
Азия-Тынық мұхиты аймағындағы негізгі қор индекстері сейсенбідегі сессияны өсіммен бастады:
Жапония: Nikkei 225 — 0,91%, Topix — 0,83%-ға өсті. Елдегі биржалар мереке күні жабық болғаннан кейін ашылды. Парламенттің жоғарғы палатасындағы сайлауда билік партиясы көпшілік орынды жоғалтты. Reuters-тің пайымынша, нарық бұл нәтижені алдын ала ескеріп қойған.
Оңтүстік Корея: Kospi — 0,1%, шағын компаниялар индексі Kosdaq — 0,7%-ға өсті.
Австралия: S&P/ASX 200 — 0,54%-ға көтерілді.
Қытай мен Гонконг: Hang Seng — 0,28%, ал құрлықтық CSI 300 — 0,13%-ға өсті.
АҚШ индекстерінің фьючерстері: S&P 500 — 0,06%, Nasdaq 100 — 0,03%-ға өсті. Dow Jones Industrial Average фьючерстері өзгеріссіз қалды.








