S&P 500 индексі алғаш рет 6300 пункттен жоғары жабылды: бигтех есебі алдындағы үміт

АҚШ акцияларының раллиі 21 шілдеде бәсеңдегенімен, S&P 500 және Nasdaq Composite индекстері сауда жабылған сәтте жаңа рекордтар орнатты. Инвесторлар оптимизмі алдағы тоқсандық есептерге байланысты артып отыр. Осы аптада «Керемет жетілікке» кіретін алғашқы компаниялар нәтижелерін жариялайды.
Егжей-тегжейі
21 шілдеде кең ауқымды S&P 500 индексі небәрі 0,1 пайызға өсті, бірақ алғаш рет 6300 пункттен жоғары деңгейде жабылды. Күндіз индекс 0,6 пайызға дейін көтерілді, кейін өсім қарқыны бәсеңдеді. Nasdaq Composite индексі күн ішінде 0,9 пайызға өскен, бірақ күн соңына қарай өсім 0,4 пайызға дейін төмендеп, сауда 20 974,17 деңгейінде жабылды. Бұл да жаңа рекорд.
Reuters хабарлауынша, индекстердің жаңа максимумдарға жетуіне жоғары капитализациясы бар компаниялардың акциялары түрткі болды. Бұл компаниялар осы аптада кіріс жөніндегі маңызды есептерін жариялайды. Сәрсенбіде «Керемет жетілікке» кіретін Alphabet пен Tesla өз тоқсандық нәтижелерін ұсынады. Олардың есептері алдағы күндері басқа ірі компаниялардың көрсеткіштеріне бағыт сілтеуі мүмкін.
21 шілдеде Google компаниясының акциялары 2,8 пайызға қымбаттады. Meta Platforms пен Amazon акциялары 1 пайыздан артық өссе, Apple акциялары 0,6 пайызға көтерілді. Ал Tesla акциялары 0,4 пайызға төмендеді. Baird компаниясының өкілі Бен Калло бастаған кейбір сарапшылар Tesla-ға қатысты «сақтық» танытып отыр. Олар арзанырақ электромобиль шығару мерзімінің кейінге қалуы және федералды салық жеңілдігінің тоқтатылуы компанияның жылдық пайда болжамына теріс әсер етуі мүмкін деп ескертті.
Индекстердің өсуіне сондай-ақ Verizon мобильді операторының да үлесі тиді. Жылдық болжамының жақсаруынан кейін оның акциялары 4 пайызға қымбаттады.
Инвесторлар оптимизмін не ұстап тұр?
CNBC атап өткендей, маусымда аяқталған тоқсан бойынша есеп беру маусымы сәтті басталды. Қазіргі уақытта S&P 500 индексіне кіретін 60-тан астам компания өз нәтижелерін жариялады. FactSet мәліметінше, олардың 85 пайыздан астамы болжамнан жоғары нәтиже көрсеткен.
Reuters таратқан LSEG деректеріне сүйенсек, сарапшылар S&P 500 компанияларының екінші тоқсандағы пайдасы орта есеппен 6,7 пайызға өседі деп күтеді. Бұл өсімнің негізгі бөлігін ірі технологиялық компаниялар қамтамасыз етеді.
Treasury Partners инвестициялық директоры Ричард Саперштейн Bloomberg-ке берген пікірінде: «Керемет жетілікке» кіретін компаниялардың көпшілігі кірістің әсерлі өсімі, айтарлықтай ақша ағыны және өнімдеріне сақталған сұраныс арқасында нарықтағы көшбасшылықты сақтай алады», — деді. «Жасанды интеллект саласындағы жағымды серпін енді ғана қарқын алып келеді және ол технология саласындағы ең ірі ойыншыларға үлкен пайда әкеледі».








