Таңғы шолу: Трамп ФРЖ-ға барды және Маскпен қайта сөзге келді

Дональд Трамп АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесіне сирек кездесетін сапар жасап, құрылыс каскасын киіп, реттеуші ғимараттарын жөндеуге кеткен шығындар бойынша Джером Пауэллмен дауласты. Сонымен қатар ол Илон Масктың бизнесін қасақана күйретпек болды деген айыптауларды жоққа шығарды. Intel компаниясы кірісінің өскеніне қарамастан, таза шығын көрсетіп, штаттың 15%-ын қысқартты және қатаң үнемдеуге көшетінін мәлімдеді. Paramount пен Skydance арасындағы $8 млрд-тық мәміле салалық реттеушіден мақұлдау алды. Осы және өзге де тақырыптар – 25 шілде таңындағы шолуымызда.
Intel кірісті арттырғанымен, акциялары құнсызданды
CNBC-дің мәліметінше Intel екінші тоқсанда аналитиктердің кіріс бойынша болжамдарынан асып түсті, алайда есеп жарияланғаннан кейін кеңейтілген сауда сессиясында компания акциялары шамамен 5%-ға арзандады.
Компания кірісі $11,92 млрд деген болжамға қарсы $12,86 млрд болды, бірақ түзетілген акцияға шаққандағы шығын 10 центті құрады. Тоқсандағы таза шығын – $2,9 млрд немесе акцияға 67 цент. Былтыр бұл көрсеткіш $1,61 млрд болған. Пайда бойынша көрсеткіштер 800 млн долларлық шығынның есебінен болжаммен салыстыруға келмейді – бұл сома пайдаланылмайтын өндірістік активтерге байланысты.
Intel үшінші тоқсанда $13,1 млрд кіріс күтеді – бұл да сарапшылардың болжамдарынан жоғары. Компания акцияға шаққандағы табысты нөлге тең деп болжауда, ал консенсус-болжам – 4 цент пайда.
Наурызда тағайындалған жаңа бас директор Лип-Бу Тан шығындарды оңтайландыру шараларын жариялады. Соның ішінде кейбір чип зауыттарының құрылысын тоқтату да бар. Ол басқару құрылымын жеңілдетіп, персоналдың 15%-ын қысқарту реформасын бастап кетті. Компания 2025 жылдың соңына дейін операциялық шығындарды $17 млрд-қа дейін азайтуды мақсат етіп отыр.
2024 жылы 60%-ға құлдыраған Intel акциялары биыл 13%-ға өсті – бұл тарихи ең нашар жылынан кейін қалпына келудің белгісі.
Трамп Масктың бизнесін күйретуді мақсат етпегенін айтты
Bloomberg-тің хабарлауынша Дональд Трамп Илон Маскпен салық реформасына байланысты келіспеушіліктері үшін оның компанияларын күйреткісі келеді деген айыптауларды жоққа шығарды.
«Барлығы мен Илонның компанияларын АҚШ үкіметінен алып отырған ірі субсидиялардан айырып, оларды күйреткім келеді деп айтып жүр. Бұл шындыққа жанаспайды! Мен Илонның да, еліміздегі барлық компаниялардың да өркендегенін қалаймын», – деп жазды Трамп бейсенбі күні әлеуметтік желіде, нақты кімге жауап бергенін атамай. «Олардың жағдайы жақсарса – бұл АҚШ үшін де, бәріміз үшін де жақсы».
Маск X (бұрынғы Twitter) платформасында былай деп жауап берді: «Айтылып жатқан «субсидиялар» деген мүлде жоқ нәрсе. Трамп жаңартылатын энергия көздерін қолдайтын барлық бағдарламаларды тоқтатты немесе мерзімін қысқартты, бірақ мұнай-газ саласындағы ірі субсидияларды өзгертпей қалдырды».
Tesla акциялары бейсенбіде тоқсандық әлсіз есеп пен Масктың алдағы қиындықтар туралы ескертуінен кейін 8,2%-ға төмендеді. Биылдан бері құнның 24%-дан астамын жоғалтты.
Paramount пен Skydance-тің $8 млрд-тық бірігуі мақұлданды
CNBC-дің мәліметінше АҚШ-тың Байланыс жөніндегі федералдық комиссиясы (FCC) медиахолдинг Paramount пен Skydance Media компаниялары арасындағы $8 млрд-тық бірігуді мақұлдады. Жылдан астам уақыт бойы талқыланған мәміле CBS телеарнасын, Paramount Pictures киностудиясын және Nickelodeon балалар арнасын қамтиды.
«Америкалықтар дәстүрлі ұлттық БАҚ-қа жаңалықтардың толықтығы, нақтылығы және объективтілігі тұрғысынан сенуден қалды, – деді реттеуші басшысы Брэндан Карр. – Бірдеңені өзгерту керек. Сондықтан мен Skydance-тің CBS арнасын қайта құруға уәде бергеніне қуаныштымын».
Каррдың айтуынша Skydance жаңа компанияда саяси және идеологиялық көзқарастардың саналуандылығын қамтамасыз етуге жазбаша түрде кепілдік берді. Сонымен қатар, жаңа компания президентіне бағынатын тәуелсіз сыртқы бақылаушы жалданып, бейтараптыққа қатысты шағымдарды бағалайтын болады.
Трамп Пауэллмен ғимаратты жөндеу құны үшін дауласып, қайтадан мөлшерлемелерді төмендетуді ұсынды
Yahoo Finance-тың хабарлауынша бейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Федералдық резервке ерекше сапар жасап, құрылыс каскасын киіп, Джером Пауэллмен бірге жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралады. Сапар $2,5 млрд тұратын Федрезерв ғимараттарын жаңғырту жобасына қатысты қызу пікірталас аясында өтті.
Трамп пен Пауэлл арасында қысқа әрі ашық дау орын алды.
Президент жобаның құны $3,1 млрд-қа дейін өсті деп мәлімдеді. Пауэлл бұған басын шайқап, бұл сомаға бұрын жөндеуден өткен Уильям Макчесни Мартин ғимараты да кіріп кеткенін айтты. «Сіз үшінші ғимаратты қосып жібердіңіз – ол жаңадан салынып жатқан жоқ», – деді Пауэлл Трамптың жанында тұрып.
ФРЖ-ның ішкі құжаттарына сәйкес екі негізгі ғимаратты жаңғыртудың нақты құны әлі де $2,5 млрд. Дегенмен, Трамптың командасы үш ғимараттың да шығындарын есепке алу қажет дейді. Сапарға қатысқан Ақ үй әкімшілігі басшысының орынбасары Джеймс Блэр Пауэллді «сөз бұрмалауға» айыптады.
Президент сондай-ақ пайыздық мөлшерлемелердің қазіргі деңгейіне көңілі толмайтынын білдіріп, бұл мәселеде Пауэллмен сөйлескенін айтты. «Біз бұл тақырыпты аздап қозғадық. Меніңше, ол дұрыс шешім қабылдайды», – деді Трамп.
Сонымен қатар ол Пауэллге қатысты риторикасын жұмсартып, оны қызметінен босату идеясынан бас тартатынын білдірді: «Мен жеке тұлғаға өтуге қарсы болар едім. Оны жұмыстан босату – үлкен қадам. Қазір мұндай қажеттілік жоқ деп ойлаймын».
Нарықтағы жағдай
Жапондық кең Topix индексі LSEG дерегінше, Азиядағы таңғы сауда кезінде 1,2%-ға өсіп, рекордтық деңгейге жетті. Алайда жарияланған сәтте 0,8%-ға төмендеп жатты.
Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,26%-ға көтерілсе, шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,16%-ға төмендеді.
Nikkei 225 бенчмаркі 0,85%-ға өсті.
Австралиялық S&P/ASX 200 – 0,49%-ға төмендеді.
Қытайдың құрлықтық CSI 300 индексі 0,55%-ға төмендеді, ал ірі қытайлық компаниялар кіретін Гонконгтық Hang Seng – 1,11%-ға құлдырады.
S&P 500 фьючерстері 0,18%-ға, Nasdaq 100 фьючерстері 0,11%-ға, ал Dow Jones Industrial Average бойынша контрактілер 0,19%-ға өсті.








