БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Трамп Украина мәселесі бойынша Путинмен келесі аптада кездесуді жоспарлап отыр — NYT

Ринат Таиров

Ринат Таиров

Oninvest тілшісі
Трамп Украина мәселесі бойынша Путинмен келесі аптада кездесуді жоспарлап отыр — NYT

АҚШ президенті Дональд Трамп келесі аптада Ресей президенті Владимир Путинмен Украина мәселесін талқылау үшін кездесуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды The New York Times дереккөздерге сілтеме жасап. The Wall Street Journal-дың жазуынша бұл кездесудің нақты қай күні және қай жерде өтетіні әзірге белгісіз. Трамптың бұл жоспары жұма күні Мәскеуде оның арнайы өкілі Стив Уиткофф өткізген келіссөздерден кейін белгілі болды. Трамп бұл келіссөздерде «керемет прогресс» орын алғанын айтты.

Егжей-тегжейлі

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен жақын арада кездесуді көздеп отыр, деп мәлімдеді The Wall Street Journal-ға аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды америкалық шенеунік. Газет дереккөзі Трамптың Путинмен, сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуге ашық екенін жеткізді. Алайда, бұл кездесулердің нақты уақыты мен орны белгісіз, деп жазады басылым.

Bloomberg агенттігі Трамптың еуропалық одақтастарына келесі аптада Путинмен және Зеленскиймен кездесуді жоспарлап отырғанын хабарлағанын жазады. The New York Times-тың екі дереккөзіне сәйкес Трамп алдымен Путинмен жеке кездесіп, артынша Зеленскийдің қатысуымен үшжақты келіссөз ұйымдастырмақ. NYT-тің жазуынша бұл кездесулерге еуропалық көшбасшылар қатыспайды. Ал CNN-нің Ақ үйдегі дереккөзі Трамптың сөздеріне қарамастан, мұндай кездесулерді келесі аптада ұйымдастырудың күрделі болатынын айтуда. Бұған уақыт пен логистика мәселелері кедергі келтіруі мүмкін.

«Ресей тарапы президент Трамппен кездесуге қызығушылық білдірді, ал Трамп президент Путинмен де, президент Зеленскиймен де кездесуге ашық», — деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Bloomberg-ке берген мәлімдемесінде.

NYT атап өткендей, Путин мен Зеленский Трамптың бұл жоспарына келісетін-келіспейтіні әзірге белгісіз. Алайда газет Зеленский Трамп және еуропалық көшбасшылармен телефон арқылы сөйлескенін, кейін АҚШ президентімен әңгіме болғанын растағанын жазады.

Келіссөздер аясы

Трамптың Путинмен кездесуге дайын екендігі туралы ақпарат оның арнайы өкілі Стив Уиткоффтың 6 тамызда Мәскеуде Ресей президентімен өткізген келіссөздерінен кейін пайда болды. Бұл — Уиткоффтың биылғы Ресейге жасаған бесінші сапары. Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде бұл кездесуді «өте нәтижелі» деп сипаттап, «тамаша прогресс» болғанын жазды, бірақ одан бөлек  мәлімет келтірмеді. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Bloomberg-ке берген сұхбатында «украин мәселесі бойынша Ресей тарапынан белгілі бір сигналдар берілгенін» және «Трамп тарапынан да сәйкес сигналдар алынғанын» айтты.

NYT-тің сұрауына Ақ үйдің де, Уиткоффтың, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің, Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың өкілдері де жауап бермеді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та NYT-ке жауап қайтармады.

Контекст

WSJ-дың жазуынша бұл кездесу Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы бері ең маңызды оқиғалардың бірі болмақ. АҚШ президенті бұған дейін Ресейге Украинамен бітімге келу үшін 10 күн уақыт берген болатын, бұл мерзім 8 тамыз жұма күні аяқталады. Ресей бітімге келмеген жағдайда, Трамп жаңа санкциялар енгізетіні туралы ескерткен еді. 6 тамыз, сәрсенбі күні Трамп Ресейден мұнай сатып алып отырғаны үшін Үндістан импортына қосымша тариф енгізді.

The Wall Street Journal Трамптың Путинмен келіссөздер жүргізу кезінде бірқатар сын-қатерге тап болатынын атап өтті. Атап айтқанда, сыншылар Путин бұл кездесуді ресейлік энергия ресурстарының тұтынушыларына санкция салу қаупінен жалтару үшін және бейбіт келіссөздерді созу үшін пайдалануы мүмкін деп болжайды. Басылымның жазуынша, Путин бірнеше ай бойы бейбіт келісімнен жалтарып, Трамптың наразылығын тудырғаннан кейін, оның ашуын басуға тырысады деген күдік бұрыннан айтылып келеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары