Трамптың жұмсарған риторикасынан кейін АҚШ нарығы өсті

10 қазандағы күрт құлдыраудан кейін АҚШ-тың негізгі қор индекстері 13 қазандағы сауда сессиясын өсіммен ашты. Нарықты Дональд Трамптың Қытайға қатысты риторикасын жұмсарту туралы мәлімдемелері қолдады. Бұл инвесторларға екі елдің келісімге келу мүмкіндігі бар деген үміт берді.
Егжей-тегжейлі
— S&P 500 индексі сауда басталғаннан кейін шамамен 1,2%-ға өсті. Салыстыру үшін: 10 қазанда ол 2,7%-ға төмендеп, сәуірден бергі ең ірі құлдырауды тіркеген еді.
— Dow Jones Industrial Average шамамен 0,8%-ға көтерілді (жұма күні – минус 1,9%).
— Nasdaq Composite, негізінен технологиялық сектордың индексі, 1,8%-ға өсті (алдыңғы сессияда – минус 3,6%).
Сонымен қатар, «Ғажайып жетілік» деп аталатын ірі техногиганттардың барлығының акциялары қымбаттады:
Apple — +0,8%, Tesla — +2%, Nvidia — +3%, Alphabet — +1,6%, Meta, Amazon және Microsoft — шамамен +1% әрқайсысы.
Bloomberg-тің дерегінше тәуекелді активтердің қалпына келуіне Трамптың жексенбіде Truth Social платформасында жазған мәлімдемесі әсер етті:
«Қытайға бола уайымдамаңыздар, бәрі жақсы болады», — деп жазды АҚШ президенті.
Ол сондай-ақ ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді «аса құрметті көшбасшы» деп атап, екі тараптың да Қытай экономикасына зиян келтіруді қаламайтынын айтты:
«АҚШ Қытайға көмектескісі келеді, зиян тигізгісі емес!» — деді Трамп.
Deutsche Bank сарапшысы Джим Рид: «Бірінші соққы басылған соң, нарық келісімге қол жеткізу ықтималдығын бағалай бастайды», атап өтті.
Не күтіледі?
Wedbush аналитигі Уолл-стриттің техно-оптимисті Дэн Айвз жағдай жаңа сауда соғысына ұласуы екіталай деп санайды: «Айқай-шу көп, ал шын залал аз болады», — дейді ол.
Оның айтуынша жұма күнгі түзету – бұл қауіп емес, сатып алу мүмкіндігі, әсіресе жасанды интеллект пен жартылай өткізгіштер секторында. Айвз нарықтағы құбылмалылық сақталуы мүмкін екенін мойындай отырып, негізгі драйверлердің — Nvidia, Microsoft, Apple, Palantir, Tesla және Alphabet — әлі де ең үлкен бенефициарлар екенін айтады.
Wedbush болжамы бойынша, жыл соңына дейін технологиялық сектор шамамен 10%-ға өседі.
Morgan Stanley стратегы Майкл Уилсон керісінше, сақ көзқараста. Ол АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс қарашаға дейін шешілмесе, S&P 500 тағы 8–11%-ға төмендеуі мүмкін деп ескертті. Дегенмен, сауда қақтығысы бәсеңдесе, АҚШ экономикасы 2026 жылға қарай біртіндеп қалпына келеді деп болжайды.
Контекст
Bloomberg жазғандай АҚШ нарығы жаңа сынаққа жақындап қалды — корпоративтік есеп беру маусымы келесі аптада басталады. Бұл кезең үкімет жұмысының ішінара тоқтауына (шатдаун) байланысты ерекше белгісіздік жағдайында өтпек.
MarketWatch атап өткендей, макроэкономикалық есептердің кешігуі нарықтағы «белгісіздік тұманын» қалыңдатып отыр.
JPMorgan сарапшысы Дэвид Келли: «Ең басты мәселе — жаңа тарифтер бағаларды көтере бастады ма, жоқ па, сол маңызды», деп мәлімдеді.
Ал State Street инвестициялық директоры Майкл Арон ескертті: «Қателік жіберуге орын жоқ, ал көңіл қалу қаупі жоғары».
Оның пікірінше компаниялардың пайда болжамдары тым көтеріңкі, ал баға мен бағалау көрсеткіштері тарихи максимумдарда. Дегенмен, ол да «сақ оптимизм» ұстанымында.
Freedom Finance сарапшылары да АҚШ нарығына қатысты біршама оң көзқараспен бөлісіп отыр. Олардың пікірінше ағымдағы түзету — позицияларды кезеңдеп ұлғайтуға мүмкіндік, бірақ диверсификацияны сақтау, тәуекелдерді қатаң бақылау және ФРЖ мен корпоративтік есептерден келетін жаңа сигналдарға жедел әрекет ету маңызды.
Негізгі назар әлі де технологиялық секторда, бірақ сыртқы нарықтарға тәуелді компанияларда шоғырлануды шектеу қажет, дейді сарапшылар.








