Трейдинг, ЖИ, газ экспорты: қай компания өз акционерін миллиардерге айналдырды?

Forbes нұсқасы бойынша 2025 жылы ең бай 400 америкалықтың тізіміне 14 жаңа есім енді. Олардың басым бөлігі рейтингке өздері иелік ететін жария компанияның акциясындағы әсерлі раллидің арқасында қосылды. Компаниялардың қатарында АҚШ-тың басты индексі S&P 500-ге алдағы уақытта қосылатын екі эмитент бар.
Егжей-тегжейлі
Forbes 2025 жылы ең бай 400 америкалықтың тізімін жариялады. Биыл оған ену үшін байлығы минимум $3,8 млрд болуы қажет болды — бұл рекордтық сома, өткен жылғы нәтижеден $0,5 млрд-қа артық. Қатысушылардың басым бөлігі өз позициясын сақтап қалды немесе рейтингке қайта оралды, ал 14 кәсіпкер оған алғаш рет енді.
Қай компания өз негізін қалаушысын, бас директорын және акционерін тек миллиардер емес, АҚШ-тағы ең бай адамдардың қатарына қосты?
AppLovin
Маркетингтік софт пен мобильді ойындар жасаушы компания қазір капитализациясы $192 млрд-тан асатын жария алпауытқа айналды. Компания 2021 жылы IPO өткізді, содан бері оның капитализациясы алты есе қымбаттады, деп жазады Forbes. Тек 2025 жылдың өзінде оның қағаздары 76% қымбатады. Акциялардың өсуінің арқасында Forbes 400 тізіміне бірден үш AppLovin акционері енді — бас директор Адам Форухи ($17,4 млрд байлығы бар), теңқұрушы Эндрю Карам ($4,7 млрд) және бастапқы инвестор Эдуардо Вивас, ол 14 жаңа қатысушының ішіндегі ең «кедейі» болып, байлығы $3,8 млрд-ты құрады.
Venture Global
Сұйытылған табиғи газ экспорттаушы компания қаңтарда АҚШ тарихындағы ең ірі энергетикалық IPO-лардың бірін өткізді. Сол уақыттан бері котировкасы екі есеге жуық төмендегеніне қарамастан, Forbes есебінше, компанияның атқарушы теңтөрағалары Роберт Пендер мен Майкл Сабелдің әрқайсысының байлығы $12,8 млрд болып бағаланды. Олар компанияның шамамен 84%-ына иелік етеді.
Robinhood
Акция мен криптовалютаға арналған сауда қолданбасы 2024 жылы криптобумның арқасында шарықтады: криптосаудадан түскен табыс 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы бес есеге жуық өсті. Акциясы өткен жылы 415% өссе, биыл 228% плюсте. Теңқұрушы Влад Тенев алғаш рет Forbes рейтингіне кіріп, оның байлығы $5,8 млрд болды. Рейтинг жасалғаннан кейін Robinhood пен AppLovin S&P 500 индексіне қосылатыны белгілі болып, олардың қағаздарына жаңа серпін берді.
Palantir
Деректерді талдау және әскери қажеттіліктерге арналған жасанды интеллект әзірлеу саласындағы алпауыт компания өткен жылы 400% қымбаттап, акционерлеріне қомақты пайда әкелді. Теңқұрушы Стивен Коэн Forbes 400 тізіміне алғаш рет еніп, оның байлығы $5,4 млрд деп бағаланды. Биыл Palantir қағаздары тағы 122% өсті.
CoreWeave
OpenAI-пен серіктес бұлттық компания 2025 жылдың наурызында биржаға шығып, төрт адамды миллиардер етті, бірақ олардың екеуі ғана топ-400-ге кірді. Ең ірі бенефициар — бас директор Майкл Интратор ($6,7 млрд), сондай-ақ оның серіктесі Брайан Вентуро да тізімге енді ($4,2 млрд).
Caris Life Sciences
Қатерлі ісікті диагностикалауға маманданған биотехнологиялық компания 2025 жылдың маусымында $5,9 млрд бағалаумен биржаға шықты. Содан бері оның акциясы шамамен 30% өсті. Негізгі акционер Дэвид Дин Халберттің байлығы $4,9 млрд деп есептеледі.
Dutch Bros Coffee
1990-жылдары арбашадан басталған кофе желісі бүгінде АҚШ-та 1000-нан астам нүктеге ие. Dutch Bros акциясы 2024 жылғы IPO-дан бері екі есе қымбаттап, оның өсуі теңқұрушы Трэвис Бурсманы миллиардерге айналдырды ($4,3 млрд).
Тізімге тағы кім енді?
Кейбір миллиардерлер Forbes рейтингіне жеке компаниялардың бағалануының өсуі арқасында енді. Ең жарқын мысал — Surge AI, ЖИ-ды оқытуға арналған деректерді белгілеу сервисі. Forbes оны $24 млрд-қа бағалады. Осының арқасында компанияның негізін қалаушы Эдвин Чен Forbes 400 тізіміндегі ең бай жаңадан қосылған адам атанды ($18 млрд).
Рейтингке сондай-ақ Марк Лор ($4 млрд) енді. Ол Walmart-қа Jet.com онлайн-сауда сервисін сатуымен танымал, ал қазір Wonder стартапын дамытып жатыр (мамыр айында $7 млрд-тан астамға бағаланған).
Тізімге енген үшінші жеке компания — Stonepeak. Оның бас директоры әрі теңқұрушысы Майкл Доррелл. Компания инфрақұрылымға инвестициямен айналысады, басқарудағы қаражат көлемі $76 млрд-тан асады. Forbes Дорреллдың байлығын $8,5 млрд деп бағалайды.
2025 жылы дәл жария компаниялар негізгі «миллиардтар фабрикасына» айналды. Энергетика мен бұлттық есептеудегі IPO-дан бастап, финтех, биотех және тіпті кофе бизнесіндегі акциялардың өсуіне дейін — олардың бәрі Forbes 400 тізіміне жаңа есімдердің рекордты ағынын қамтамасыз етті және тізімге $113 млрд қосымша жиынтық капитал қосты, деп атап өтті журнал.








