TSMC табыс болжамын көтерді. Бұл Meta мен Google үшін нені білдіреді?

Әлемдегі ең ірі чип өндіруші — Тайваньдық TSMC 2025 жылға арналған табыс болжамын жоғарылатты. Бұл жаңалық жасанды интеллектке (AI) бағытталған жаһандық инвестициялық бум жалғасады дегенге сенетін инвесторлардың оптимизмін арттырды.
Егжей-тегжейлі
TSMC 17 шілде күні 2025 жылы компания табысы доллармен есептегенде шамамен 30%-ға өседі деп күтетінін мәлімдеді. Бұған дейінгі болжам 25%-дың шамасында болатын. Бұл көрсеткіш нарықтағы сенімді күшейтіп, Meta-дан бастап Google-ге дейінгі ірі технологиялық компаниялар жасанды интеллектке арналған дата-орталықтар салуға қаржы құюын жалғастыратынына үміт ұялатып отыр, деп хабарлайды Bloomberg.
TSMC-дің жаңартылған болжамы Nvidia мен AMD компаниялары шығаратын жоғары деңгейлі AI-чиптерге деген тұрақты сұраныстың барын, тіпті, өндірушілер бұл сұранысты толық қанағаттандыра алмай жатқанын көрсетеді, дейді Bloomberg сарапшылары.
TSMC басшысы Си Си Вэйдің айтуынша табыс болжамының жоғарылауы АҚШ-тың Nvidia-ға қуатты H20 чиптерін Қытайға қайта экспорттауға рұқсат бергенімен байланысты емес. Ол бұл жаңалықты сала үшін жағымды белгі ретінде қабылдағанымен, нақты әсері қандай болатынын айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
Осы жаңалықтардан кейін Nasdaq технологиялық индексінің фьючерстері қайта өсім көрсетті. Сонымен қатар, алдыңғы күні құлдыраған ASML чип басу жабдықтарын өндіруші компанияның Амстердамдағы акциялары 2%-ға көтерілді. Нью-Йорктегі премаркет саудасында TSMC-нің америкалық депозитарлық қолхаттары 4%-ға өсті.
Сарапшылар не дейді?
Allspring Global Investments компаниясының өкілі Гэри Тан: «TSMC жартылай өткізгіштер секторындағы көңіл күйді 2025 жылдың екінші жартысы басталар тұста бұл саладағы кедендік баждар мен саяси қауіптерге байланысты алаңдаушылық артып тұрғандадәл уақытында көтерді», — деді.
Алайда табыс өсіміне қатысты болжамның жақсарғанына қарамастан, TSMC 2025 жылы табыс көлемі $117 млрд болады деп күтеді, бұл $125 млрд консенсус-болжамнан төмен, дейді Bloomberg сарапшылары Чарльз Шум мен Стивен Цзэн. Олардың есептеуінше компанияның 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы сатылымы үшінші тоқсанмен салыстырғанда 10%-ға төмендеуі мүмкін, ал Тайвань долларының нығаюы кірістілікке қосымша қысым түсіреді.
Контекст
TSMC Apple компаниясы үшін негізгі чип жеткізуші болып қалуда, бірақ соңғы жылдары смартфон нарығына тәуелділігін айтарлықтай азайтты. Қазір компания табысының 60%-ын жоғары өнімді есептеу жүйелері — атап айтқанда, серверлер мен дата-орталықтарға арналған чиптер қамтамасыз етеді.








