«Тұрақсыздық бәсеңдеуі мүмкін, бірақ жоғалмайды»: алтын бағасы алғаш рет 4100 доллар

Алтынның спот бағасы тарихта алғаш рет 4100 $ межесінен асты. Сауда шыңында бағалы металлдың құны 2%-дан артық өсіп, 4103,9 долларға жетті.
Күміс бағасы да 52 $ деңгейінен асты. Бұл кейінгі бірнеше онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлады Bloomberg. Агенттіктің мәліметінше, күмістің қымбаттауына Лондон биржасындағы өтімділіктің төмендеуі туралы алаңдаушылықтар да әсер етті.
Платина мен палладий бағасы да өсті. Bloomberg атап өткендей, инвесторлардың сұранысы артып, ол басқа да бағалы металдарға тарай бастағанын көрсетеді.
Неліктен бұлай болды?
Төрт негізгі бағалы металл биыл 55–80% аралығында қымбаттады. Алтынның өсуіне орталық банктердің жоғары сұранысы, биржалық қорлардағы (ETF) алтын үлесінің артуы және АҚШ Федералдық резервінің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі әсер етті, деп жазады Bloomberg.
Сонымен қатар, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің күшеюі, АҚШ ФРЖ тәуелсіздігіне төнген қауіптер және үкіметтің жұмысын уақытша тоқтатуы (шатдаун) қорғаныш активтеріне деген сұранысты арттырды.
Өткен апта соңында АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін импортқа қосымша 100% салық салу қаупін төндірді. Бұл шешім Пекиннің әлемдік өндіріс үшін аса маңызды сирек кездесетін элементтер экспортына бақылауды күшейткеніне жауап ретінде айтылды.
Capital.com сарапшысы Кайл Родда Bloomberg-ке берген пікірінде:
«Дәл геосаяси және сауда тәуекелдері әлсірей бастаған сәтте АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс қайта күшейді. Екі тарап келіссөзге ашық болғанымен, саудадағы тұрақсыздық бәсеңдеуі мүмкін, бірақ ешқашан толық жойылмайды. Бұл алтын үшін өте жақсы белгі», — деді ол.
Жексенбі күні Трамп «Қытай үшін уайымдамаңыздар» деп мәлімдеді. Инвесторлар бұл сөзге сенген сияқты: 13 қазанда АҚШ-тың үш негізгі қор индексі өсіп, 10 қазандағы (жұма) құлдыраудан кейінгі бір бөлігін қайта қалпына келтірді. Ол күн сәуірден бергі ең ауыр сауда күні болған еді.








