Уолл-стрит аса танымал емес ЖИ компаниясының 40% өсімін күтеді

Уолл-стрит сарапшылары Credo атты шағын жартылай өткізгіш компаниясының акцияларына арналған мақсатты бағаларын көтерді. Мұндай шешім компанияның екінші қаржылық тоқсан бойынша көрсеткіштері мен табыс болжамы сарапшылар күткеннен жоғары шыққаннан кейін қабылданды, деп жазады CNBC. Осы жаңалықтан кейін Credo акциялары 15 пайызға өсті.
Егжей-тегжейі
ЖИ жүйелеріне арналған қуатты компьютерлерді қосатын кабельдер мен чиптер жасайтын Credo компаниясы бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында және сарапшылар арасында аса талқыланбайтын. Соған қарамастан, биыл оның акциялары 155 пайызға өсіп, бұл көрсеткіш бойынша Nvidia және Broadcom сияқты ірі компанияларды да басып озды. Алайда 2 желтоқсанда Credo екінші қаржылық тоқсан нәтижелерін жариялағаннан кейін сарапшылардың назарын өзіне аударды. Бұл нәтижелер күткеннен айтарлықтай жоғары болды:
— Екінші тоқсанда түзетілген пайда бір акцияға шаққанда 0,67 доллар болды. LSEG сарапшылары 0,49 доллар күтті.
— Компанияның табысы 268 млн долларға жетті. Сарапшылар 235 млн доллар деп болжаған.
— Credo ағымдағы тоқсан үшін табыс болжамын 335–345 млн доллар аралығында көрсетті, ал сарапшылар 247,6 млн доллар күткен еді.
Бұл тек қана басы
Биыл компания акциялары 155 пайызға өссе де, Уолл-стриттің кей сарапшылары олардың әлі де 40 пайызға дейін өсуі мүмкін деп есептейді.
Credo акцияларының мақсатты бағасын Barclays (165 доллардан 220 долларға; шамамен +29%), Mizuho Securities (165-тен 225 долларға; шамамен +31%), Stifel (160-тан 225 долларға; +31,6%), сондай-ақ Susquehanna мен TD Cowen көтерді. Ең жоғары баға болжамын Bank of America сарапшылары берді. Олардың пікірінше, келесі жылы Credo акцияларының құны 240 долларға дейін өсіп, қазіргі деңгейден 40 пайыз жоғары болуы мүмкін.
Credo-ның әлеуеті неде?
Bank of America мамандарының айтуынша, «жаңа клиенттерді қосу, жеткізілім көлемін арттыру және өнім қатарын ұзақ мерзімге әртараптандыру Credo сатылымы болжамындағы негізгі факторлар болып қала береді. Әрі бұл бағыттар қазіргі кезде жақсы нәтиже көрсетіп жатыр».
Mizuho сарапшылары: «2026 қаржылық жылға арналған Credo табысы 1,19 млрд доллар деңгейінде болса да, бұл көрсеткіш кабельдік шешімдер нарығындағы мүмкіндіктермен салыстырғанда әлі де аз. Бұл нарық шамамен 22 млрд доллар деп бағаланады», — деп атап өтті.
TD Cowen компаниясы Credo нәтижелерін былай бағалады: «Қазіргі мықты көрсеткіштер және одан да күшті болжам сарапшылардың ең жоғары күткен деңгейінен де асып түскен секілді».
Контекст
Credo мұндай жоғары нәтижені алғаш рет көрсетіп отырған жоқ. Қыркүйекте компания өткен жылмен салыстырғанда тоқсандық табысын 274 пайызға арттырған. Мысалы, сол кезеңде Nvidia өсімі 56 пайыз болған.








